Басты бет Әр қилы ЖЕР КАДАСТРЫ – МӘЛІМЕТТЕР ЖИЫНТЫҒЫ

ЖЕР КАДАСТРЫ – МӘЛІМЕТТЕР ЖИЫНТЫҒЫ

0
180

Жерге қатысты нәрселерге байланысты сұрақтар қашанда көп болады. Жалпы құжаттандыруға келгенде сауаттылығымыз төмен екендігін мойындауымыз керек шығар. Кез келген мәселеде заңдылықтың сақталуын немесе мемлекеттің заңында, қаулысында қалай көрсетілгенінен хабардар болуымыз керек. Соны оқуға, зерттеуге құлқымыз болмай тұратыны да жасырын емес. Оқырманнан келіп түсетін сұрақтардың көбісі баспана және жер мәселесі. Жер дауы, жесір дауы деген өзі ертеден келе жатқан, қанымызға сіңген нәрсе сияқты. Жердің құжаты, оның заңдылығы және басқа көптеген сұрақтарға жауап іздеп бүгін біз «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Алматы облысы бойынша филилалы Ұйғыр аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің басшысы Қайрат Асқарұлы Тілепбергеновті редакциямызға қонаққа шақырған едік. Уақыт тапшылығын сылтауратпай, кез келген сұраққа жауап беруге дайын екендігін айтқан басшыға риза болдық. Алғашқы сұрағымыз да жұмысына тікелей қатысты қойылды.

Жалпы жер кадастры дегеніміз не? Қарапайым халыққа осыны түсіндіріп өтсек.

– Жер кадастры француз тілінен аударғанда жер туралы мәліметтердің жүйелі жинағы. Жер кадастры белгілі бір меншік иелерінің жекеменшік құқығын көрсетеді, учаскелердің жалпы көлемін және олардың орналасқан жерін, конфигурациясын, жердің құрамы мен сапасын, жердің рентабельдігін және оның бағасын сипаттайды. Мемлекеттің пайда болуымен бірге жер мемлекеттік кіріс және арнайы салық объектісіне айналды. Сондықтан қоғамның бір белгілі даму сатысында алдымен жерді есепке алу, содан кейін оны бағалау керектігі пайда болды, яғни жер кадастрын жүргізу қажеттілігі туындайды. «Кадастр» сөзінің алғашқы түсінігі латынның capitastrum деген сөзінен шыққан. Бұл сөз «салық салынатын заттардың тізімі» деген ұғым береді.  Кез келген адам өмір сүру үшін баспанасы болуы шарт. Яғни ол үйде тұруы керек. Ол үй ауада немесе басқада емес, жерде орналасады. Сол жердің меншігін, ондағы үйдің қожайыны екендігін дәлелдейтін құжаты болуы тиіс. Сол құжаттарды заңдастыратын біздің мекеме. Мемлекеттік жер кадастрын жүргізу ережесі бар. Ол жер Кодексіне сәйкес әзірленген. Мемлекеттік жер кадастрын жүргізу, жерді сандық және сапалық есепке алу мен жерді бағалау, тіркеу мақсаты үшін жер учаскелерін есепке алу, мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін беру және кадастр ақпаратын пайдалану тәртібін белгілейді. Мемлекеттік жер кадастры мемлекеттік органдарды, жеке және заңды тұлғаларды жер және жекелеген жер учаскелері туралы ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі. Кадастрдың құрамына жер учаскесінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар туралы ақпарат кіреді. Жер учаскесі туралы мәліметтер осы учаскеге бекітіліп берілген нөмірі, орналасқан жері, шекарасы және мәтіндік сипаттамасы көрсетілетін жер-кадастрлық карталармен анықтамада болады.

Заңдылық тұрғыдан хабарлары бар адамдар үшін жер учаскелерін құжаттандырудың еш қиындығы жоқ сияқты, ал сауаты жоқтар үшін ақша беріп, таныс тауып құжат жасау әлдеқайда оңай шаруа сияқты болып қалыптасқан үрдіс бар? Өтірік дей алмайсыз ғой?

– Солай екен. Шын мәнінде тұрғындар уақыттарын үнемдеп, оның үстіне құжат жасауға шамам келмейді деген түсініктің желеуімен осындай әрекеттерге барып жататыны өтірік емес. Қайтсем бір аттап, екі асаймын деген пиғылдағы адамдардың арамызда жүргендігін жасыруға болмас. Ол біздің салада ғана емес, жалпы барлық жерде етек алып кеткен. Сыбайлас жемқорлық деген қоғамдағы үлкен дерттің бір ұшығы. Басын ауыртқысы келмейтіндер немесе уақытын үнемдегісі келетіндер пара беріп, құжат жасатуға тырысады. Кейде алаяқтардың шырмауына ілігіп, ақша да жоқ, құжат та жоқ алданған жағдайлар да кездесіп тұрады. Қазақстанның кез келген азаматы заң аясында құжаттарын дайындауларына мүмкіндіктері бар. Тиісті төлемін төлейді де белгілі уақыт ішінде дайын құжатын ала алады. Халыққа қызмет көрсету орталығы деген мекеме тұрғындардың осындай мәселелерін шешу үшін құрылды емес пе?

Ана құжатты бір сұрап, оны әкелсе тағы бір құжатты әкел деп сергелдеңге салған соң төлейтін салығынан артығырақ ақы беріп жасата салғаны тиімді деп түсінер?..

– Сол үшін бізде қазір бізде электрондық ресімдеу жұмыс істейді. Мемлекеттік жер кадастры қағазға түсіріліп жүргізіледі және ақпаратты жинақтаудың, өңдеу мен сақтаудың электрондық жүйелерін пайдалану арқылы жүргізуіне әбден болады. Ол халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүзеге асады.

Біз өзі қағазға сенетін адамдар тобынанбыз. Электронды жүйені жастар жақсы меңгерген. Қағазға жазылған мәліметтер мен электронды тасығыштарда жазылған мәліметтер арасында алшақтықтар болып тұратыны бар. Мәселен алысқа бармай-ақ өзімнің басымнан өткен жағдайдан мысал келтірейін. Газға қосылу үшін үйдің құжаттарын талап етті. Халыққа қызмет көрсету орталығына бардық. Үйіміздің техникалық құжатында көрсетілген мекенжайым электронды жүйеде мүлдем басқа жерден шықты. Анықтама ала алмадым. Сіздердің мамандарға жіберді. Олар корректировка жасаған соң ғана анықтамамды алдым. Шынын айтсам бір күн бойы әуре-сарсаңға түстім. Құжат тұр, айдан анық жазылған мекенжай тұр, бірақ электронды жүйеде жоқ?..

– Мұндай жағдай өте жиі кездесіп тұрады. Оның себептерін қазір түсіндірейін. Көшенің атауы ауысуы мүмкін. Оған қатысты әрине нөмірлері де өзгеріп жатады. Ал ХҚКО құжаттамада ол электронды түрде басқаша болып шығып жататыны сондықтан. Оны аудандық сәулет бөлімі береді. Бірақ ХҚКО тіркелмегендіктен бұрынғы мекенжай шығып алады. Сол үшін сәулет бөлімінен арнайы анықтама береді. Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, қағазға түсірілген мәліметтер басымдыққа ие болады. Өйткені әу бастағысы солай жасалған. Корректировкадан кейін қалпына келеді.Осы жерде қосымша айта кететін тағы бір нәрсе бар. Корректировка пропискаға, жаңа сіз айтқан газ қосуға, тағы басқаларға жарай бергенімен, банкіден несие алғанда жарамайды. Мұндай кезде техникалық паспорт пен мемлекеттік акт қағазын жаңаша жасауға тура келеді, оған қайтадан төлем төлеу керектігін ескерткім келеді. Сондықтан несиеге құжатым жарамай қалды деген сөздің шығатындығы.

Кей тұрғындар үйлерінің ауласынан жаздық бөлме, монша салып алып жататыны бар. Жердің қожайыны өзі болғандықтан. Әу бастағы техникалық паспортқа түспегендіктен мұндай кезде не істеу керек?

– Ешқандай қиындығы жоқ. Сәулет бөлімінен рұқсат алған соң біз ол құрылыстарды заңдастырып береміз. Егер ауласынан кәсіпкерлік нысандары салынып жатса, онда оның құжаттандырылуы, төлейтін төлемі мүлдем басқаша болады.

Үй салуға жер телімдері алынады, одан бөлек егістік үшін, үлкен жобаларға да жер телімдерін сіздер арқылы ресімдеп жатады?

– Дұрыс түсініңіз. Егістік, малшаруашылығы үшін берілетін жерлер аудандық арнайы комиссия арқылы 49 жылға жалға беріледі. Ол жер қатынастары бөлімі арқылы жасалады. Жаңадан салынатын үйге жер телімін аудандық сәулет бөлімі бөледі. Біздің бөлім солардың құжаттарын заңдастырып, меншік иелеріне реттеп береді. Мәселен үй салуға жер телімі  қажет болса маған емес, ауылдық округі әкіміне жолығасыз. Әкімнің шешімімен аласыз. 4 жыл 11 айға береді. Осы мерзім ішінде үй сала алмасаңыз, қоршап меншік иесі екендігіңізді дәлелдей алмасаңыз ол міндетті түрде мемлекетке қайтарылады.

Жер кадастры бөлімі нағыз майлы орта, баюдың ең тиімді жолы осында деген алып-қашпа сөздер жүреді ел арасында. Қаншалықты шындыққа жанасады?

– Білмеймін. Жерді біз бөлмейміз, үй салуға учаскелерді де біз бермейміз. Жер қатынастары бөлімі мен сәулет, ауылдық округ әкімдері арқылы жасалады. Біздің бөлімдікі заң аясында құжаттандыру. Атқарған жұмысымызға төлемдерді ғана арнайы есеп-шотқа аудартамыз. Неге ондай пікір қалыптасқандығын түсінбеймін. Жер кадастры бөлімінің басты міндеті басында айтып өткенімдей жер учаскесінің меншік иелері мен жер пайданушылар туралы заңдастырылған құжаттарды әзірлейтін орын. Халық үшін қызмет көрсететін мемлекеттік мекеме.

Біраз мағлұматтарға қанық болдық. Салаңыздың жұмыстарымен таныстық. Табысты болыңыздар.

   – Айтқаныңыз келсін.

Әңгімелескен Баян МАМЫРБАЕВА

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚАЧАН БИР ТҮГҮНГӘ КЕЛИМИЗ?

Хәлқимизниң бүгүнки турмуш мәдәнийитидә той-төкүн, өлүм узитиш мәрасимлири бар. Заман еқим…