Өткен жұмада Қалжат ауылынан солтүстік батысына қарай 25 шақырым алшақтықта орналасқан ҚР ҰҚК ШҚ Алматы облысы бойынша департаменті, Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасы, «Қазбұлақ» шекара бөліміне қарасты «Жазық» шекара бөлімшесінде жасалған Ұйғыр ауданы бойынша білім бөлімі және ҚР ҰҚК ШҚ Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының өзара ынтымақтастық туралы жасалған Меморандумы бар. Сол құжат аясында Қалжат орта мектебінің «Жас шекарашы» клуб мүшелерінің «Ұранды елдің ұрпағы қайсар» атты оқу-жаттығулары өтті. Аталмыш іс шараға аудан әкімінің орынбасары Е.Толымбекұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы М.Ахметжанқызы, «Қазбұлақ» шекара бөлімінің бастығы, майор Е.Жармантаев, «Қазбұлақ» шекара бөлімі бастығының тәрбие және идеология бойынша орынбасары майор Е.Арысбай қатысып, клубтың жас мүшелеріне шекара қызметі туралы қызықты мағлұматтар берді.
«Жазық» шекара бөлімшесіне келген барша қонақтар жеке құрамның Отаншылдық рухқа және Отанды қорғауға дайын екеніне тағы бір рет көз жеткізді. Оқу-жаттығуға қатысқан жас шекарашылардың әскери қызметтерімен толықтай танысып, шекара бөлімшесінің аумағы және объектілерімен танысты. Туған еліне, Отанына деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында өткен бұл жаттығу оқушылардың есінде көпке дейін қалары анық. «Жазық» шекара бөлімшесінің бастығы капитан Т.Сәрсенбеков шекара бөлімшесінің тарихымен таныстырып, өткен күндерге шолу жасап өтті. Нағыз шекарашы қандай болу керектігін түсіндіріп, қызмет ету тәсілдерінің бірнешеуін көрсетті. Шекара бөлімшесінің қару-жарақ және оқ-дәрілермен қалай жұмыс істеу керектігін қатардағы жауынгер Р.Нұрахметов таныстырып, оның кейбір маңызды тұстарын да айтып өтті. Оқушылар тарапынан сұрақтар да көп болды. Ер бала үшін әскери қызметтің маңызы өте зор. Сондықтан болашақтарын шекара қызметімен байланыстырғысы келетін балалардың көкейлерінде жүрген сауалдарына тұщымды жауаптар алынды.
«Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген батыр Бауыржан Момышұлы атамыздың нақылға айналған сөзін өмірлік ұстанымдарына айналдырған шекарашылар сапалы білім мен саналы тәрбиелерін шекара күзеті қызметінде тәжірибелерімен ұштастырып, жақсы жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Қазақстан Республикасын қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы мен міндеті. Ал шекарашылар үшін ол он есе борыш. Жас шекарашыларды әскери қызметке дайындап, өз Отаны Қазақстан Республикасы мен оның халқы алдындағы жауапкершілігін ұғындыру шекара бөлімшесі мамандарының негізі міндеті болып табылады.
Бүгінде біздің Шекара қызметіміз заманауи техникамен жабдықталған. Онда қызмет атқаратын әскерилер бүгінгі заманның соны технологиясын меңгерген. Шекарашылар кез келген қауіп-қатерге қарсы соққы бере алатын айбынды әрі мобильді күшке айналғаны ақиқат. «Жас шекарашы» әскери — патриоттық қозғалысын дамыту арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруымыз қажет. Бүгінгі еңсесі биік егемен елдің жарқын болашағының үмітін ақтар – бұл біздің жас ұрпақ!
Тағай СӘРСЕНБЕКОВ,
«Жазық» шекара бөлімшесінің бастығы, капитан