Басты бет Көкжиек ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС…

ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС…

0
23

Ұстaз таудaн арқырaй аққaн тау өзені секiлді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді суымен нәрлендіріп, тау­дай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дамылдайды. Ұстаз – Жер деген әлемнің бетін көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн-ана тәрізді. Ұстаз – ақылдың тозбaйтұғын асылы. Ең асыл сөздер ұстаздарға ғана жарасымды секілді. Сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ұлы істі атқарып жүрген жұмыс – ұстаздыкі.

Біліммен баулып, биікке ұшы­ра­тын оқушыларының оқуда озат, өмірде патриот болуы ұстаздың ұста­ны­мы­на байланысты. Мамандық көп. Бірақ мамандықтың түрлі болғаны маңызды емес, қанша мамандық болса да сізді маман қылатын тағы да ұстаз. Мейлі сіз ғалым болыңыз, жұлдыз, тіпті беделді азамат, президент болып кетсеңіз де сізді осы өмірге жетелеген, осы шыңға жетуге себепші болған тағы да ұстаз.  «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп Абай хакім айтпақшы, әрбір ісіңіз жеңіске жетіп жатса, оның артында ұстаздың бір тамшы болса да еңбегі тұрғаны тағы ақиқат.  Халқымыздың бір­туар перзенті, академик-жазушы Мұхтар Әуезов: «Мұғалімнің ұдайы жақсы оқитын балаларға ғана сүйсініп, ылғи соларды ғана оқытуы дұрыс емес» деуі арқылы әр шәкірттің ешкімге ұқсамайтын әрі қайталанбайтын болмысы, тұлғалық ерекшелігі бар екенін есімізге түсіріп, оларды бағалау­да бір-бірімен салыстырып, бірін артық, бірін кем санап, оларды бөліп-жарудың адамдық әрі ұстаздық асыл қасиетке жат­пай­тынын тілге тиек етті.

Қашан көрсең аңқылдап, жарқылдап жүретін Ая Бәженқызы Алғожаева редакциямыздың жиі келетін қонағы. Кәсіподақтың көшбасшысы болғандықтан шығар біреуді құттықтап, біреуге көңіл айтып, шапқылайды да жүреді. География пәнінің мұғалімі екендігін жақсы білемін. Бүгін өзімен әңгімелесудің сәті түскендей. Бірақ оның дамылдап отыратын уақыты жоқ. Сабағым, жиналысым, мұғалімдерге беретін мастер-класым бар деп аптығып, шапқылап жүргенін ғана көремін. Сабырға шақырып, еңбек жолы, өмірдерегі жайында сұрадым. Шонжы ауылында дүниеге келіп, Шонжыдағы №1 орта мектебін 1983 жылы тамамдағанын айтты. Сол жылы жүрек қалауымен Алматыдағы қыздар педагогикалық институтының «жаратылыстану-география» факультетінің «география-биология» бөліміне оқуға түседі.

Өзінің табиғаты тынымсыз, қолды-аяққа тұрмайтын шапшаңдығының арқасында институтта жақсы оқып, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқандығын әңгімеледі. 1986 жылы Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің «үздік оқып, институттың қоғамдық  жұмысына белсенді қатысқан үшін» арнайы Грамотасымен марапатталғандығын және 1986 жылдан бастап «жаратылыстану-география» факультетінің кәсіподақ комитетінің төрағасы болғандығын мақтанышпен жеткізді. Арқа сүйері, тіреуі болмаса да көшбасшылық қабілетінің арқасында талай белестерді бағындырыпты. Білімінен бөлек мінезді екендігін білдіріп қойды. Ойын жасыра алмайтын, ұнамаған нәрсесін басшы ма, басқасы ма айтып салатын тік мінезін көп адамдар ұната бермейтінін де жасырмады.

Ұстаз ретінде алғашқы еңбек жолын Розыбакиев атындағы орта мектебінде география және биология пәні мұғалімі болып бастапты. 2002 жылы Шонжыдағы №4 орта мектебіне география пәні мұғалімі болып орналасады. Мұнда да шәкірттеріне география деген қызық пәннің қыр-сырын үйретіп, әртүрлі тәжірибелік жұмыстар ұйымдастырып, байқаулар мен олимпиадаларда көш басында тұрады. 2012 жылы Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінде география пәні мұғалімі қызметін жалғастырады. Сынып жетекшісі деген қосымша лауазымы бар. Әр баласының қабілет-қарымына қарай оларды әртүрлі шараларға қатыстырып, жаңаша үлгілермен оқытып, заман талабына сай баулуда ерекше тәсілдерді қолданудан еш жалыққан емес. Аудан орталығындағы локатор құрылымының зияны туралы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оқушысына оның маңызын түсіндіріп, облыстық, республикалық деңгейде зерттеу жобасы жоғары бағаға ие болды. Ая Бәженқызының  шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде шекарашы, ұстаз, дәрігер, кәсіпкер, теледидар саласының маманы, тағы көптеген қызметтерде екен. Олар кәсіби мереке мен туған күнінде міндетті түрде хабарласып, құттықтайтындығын айтып марқайып алды. Ең үлкен баға да шәкірттерінің өзіне деген құрметі екендігі даусыз. Ол оқушыларға сабақ беріп қана қоймай, өзінің де білімін әркез жетілдіріп, ізденіп жүретін жан. Өздігімен ауданның туристік маршруттық картасын құрастырып және «Ұйғыр ауданының демографиялық жағдайы» атты ғылыми жоба жасап, оның жұмысын облыс көлемінде қорғаған ұстаз. Бүгінде ол жобасын аудан мұғалімдері қосымша ресурс ретінде өз сабақтарында пайдалануда. Биылғы кәсіби мерекеде  Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту Министрлігінің Алғыс Хатын иеленді. Бұл да ұстаз еңбегінің жемісі. Айтары бар, көздеген мақсаты көп, шәкірттерінің бойынан шығармашылық дарын іздеп жүретін тынымсыз жан туралы көптеген мәліметтерге қанықтым. Шаршамайтын, жалықпайтын мұғалімдермен тілдесудің өзі мәртебе. Ая Бәженқызымен аз-кем болған әңгімеден рухани азық алдым. Әр оқушысының қылықтары мен мінездерін айтқанда арқаланып кететінін көргенде тіпті риза болдым.

«Алты Алаштың баласы бас қосса, төр­дегі орын мұғалімдікі» деген әйгілі ақын Мағжан Жұмабаев. Қай қоғамда болса да, ұстаз мәр­те­бесінің жоғары екенін, осы дең­гейге көтерілу үшін әрбір ұстаз саналы ғұмырын сарп етіп, тар жол, тайғақ кешуден өтіп, төрдегі орынға табандылықпен жететі­ніне көзім жетті. Менің кейіпкерім Аяның да орны төрде екендігі шүбәсіз.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен конкурстарда 563 медаль жеңіп алды

Биылғы жылдың қорытындысы бойынша 1816 оқушы 35 халықаралық олимпиада мен конкурстарға қат…