Мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттану ғылымдарының докторы Камал Бурханов ауданымызға атбасын бұрып, Дардамты, Кетпен ауылдарының тұрғындарымен кездесіп қайтты. Кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген міндеттер мен тапсырмалар жайында сөз қозғалды.
Еліміздің даму жолында бастан өткерген қиындықтары жайында айтып, Елбасының салиқалы саясатының арқасында жеткен жетістіктерді жіпке тізген мемлекет және қоғам қайраткері Камал Низамұлы өмір алға жылжыған сайын технологияның дамып, соған қарай мемлекеттің өркен жайып келе жатқандығын сөз етті. Сонымен қатар елімізде тапшы мамандық иелерін дайындау керектігін, оларға мемлекеттің көмегінің зор болатынын да ескертті. Дамыған қуатты 50 мемлекеттің ортасынан ойып тұрып орын алған Қазақстан ендігі уақытта отыздықтың қатарынан көрінуі үшін ел болып атсалысуға шықырды. Ол үшін аты әлемге әйгілі елдермен тәжірибе алмасып, үштілдікті қолдап, ағылшын тілін еркін меңгеруге кеңес берді. Тарихымызға қарап, бабаларымыз салған сара жолмен жүріп, ұлттығымызды ұмытпай, салт-дәстүрімізді ұлықтай отырып өмір сүруімізді одан әрі ілгерілете түсуіміз қажет. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» дегендей жалған дүниетанымнан сананы арашалап, еңбек ету жолында аянбай, ел мен жер үшін тер төгу керектігін ескертті мәдениет және қоғам қайраткері Камал Бурханов. Ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі мал өсіріп, егіншілікпен айналысу екендігі баршаға мәлім. Соған қарай мемлекет тарапынан әзірленген бағдарламалар аз емес. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» сияқты бағдарламалардың төрт түлік малды асылдандыруда, мал басын көбейтуде тигізір пайдасы зор. Мұнымен жұмыс жасағандар біріншіден өзін-өзі жұмыспен қамтыса, екіншіден ет, сүт өнімдері еліміздің барлық аймағын қамтамасыз етіп, тіпті шет мемлекеттерге экспортталып отыр. Бүгінгі таңда ауданымызда аталмыш бағдарламалармен ата кәсібін бастап, пайдасына кенеліп отырғандар да баршылық. Сол сияқты жұмыссыздықтың деңгейін азайту мақсатында шағын және орта бизнеске де ерекше мән берілуде. Осы турасында толық баяндама жасап өткен мемлекет және қоғам қайраткері Камал Бурханов ауыл тұрғындарын несие алуға, Елбасының биылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында көрсетілгендей кооператив құрып, ауылшаруашылығын одан ары дамытуға шақырды. Осыған қарай ауыл халқының да қояр сауалдары аз болған жоқ. Атап айтқанда қазақи қойдың жүнін өткізу, несиені алу және қайтаруда пайыздық мөлшердің көптігі, кооператив құруда нақты шешімнің жоқтығы турасында Дардамты ауылдық округінің тұрғындары жеткізді. Аталған мәселелердің шешімі табылса және жоғарғы құзырлы орындарға жетсе деген тілектерін де білдіріп жатты. Ал кетпендіктер дәрі-дәрмек бағасының шарықтауы, зейнет жасының ұзақтығы, дін мәселесі, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жұмыстың бар, жердің жоқтығы, қазпошта қызметкерлерінің жалақысының аздығы жайында шырылдады. Аталған барлық сұрақтарға жеке-жеке жауап берген Камал Бурханов депутаттардың және министрлердің назарына ұсынатындығын айтты. Сондай-ақ Кетпен ауылындағы жолдарды жөндеу де назардан тыс қалмады.
Әр істің басталар алдында және басталғаннан кейін де бірнеше қиындықтың, кедергінің болатыны анық. Бұған тек шыдамдылық пен төзімділік қана қажет. Ал осы уақытқа дейін түйіні ыдырамай тұрған мәселелердің шешімі ауыл тұрғындары үшін аса маңызды. Жанбағыс қамымен мал бағып, егін суғарып жүрген шаруалардың мәселесі ойландырары да анық. Біріне жер жетпесе, екіншісіне бағдарламалардың бағытын пайымдау қиын болып тұр. Осы тұрғыда халықты сауаттандыратын, қанаттандыратын, жол көрсететін кісілердің аздығы қынжылтады. Бүгінгі бұл кездесуде ашық әрі айшықты ойлар айтылып, сауалдар қойылды. Бұлардың барлығының шешімі табылмаса да ауыл тұрғындарына қажетті мәселелердің күрмеуі үзілсе болар еді деген ой түйдік.
Думан
ТОЙҒАЗЫҰЛЫ