«Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» – демекші, менің түсінігімдегі ұстаз – рухы таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші, өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып, қоғамды өрге өркендетуші, жаңашылдықтың бастаушысы, жүрегі – жылы, көңілі – дарқан адам.
Қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Бұл заманауи қағида. Десек те, жас та болса жасампаз, білімі мен біліктілігі жоғары ұстаздардың көптігі қуантады. Солардың бірі Тиірмен қазақ орта мектебінде шәкірт тәрбиелеудің шыңына көтеріліп келе жатқан жас ұстаз, география пәнінің мұғалімі Атағұлова Назима Халыққызы жайлы жазуды жөн көрдім.
Назима Халыққызы – 1997 жылы Қыздар педагогикалық институтын география және еңбек пәні бойынша жоғарғы дәрежеде бітіріп, туған ауылына оралып, алты жыл еңбек өтілімен аталған мектепте шәкірттерін шыңдап, жаңаша формадағы білім стандартына сай жұмыс атқарып келеді.
«Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері» , – деп бекер айтылмаса керек. Ал осы сәулеткерлік – Назима Халыққызының әрбір ісінен жарқырап көрініс тауып отырғандай. Яғни, бұл жас ұстаздың жаңашылдығын аңғартады. Өз мамандығына деген шынайы сүйіспеншілігінің арқасында шәкірттеріне сапалы білім мен жан-жақты ақпараттық материалдарды, көрнекі құралдар мен ұтымды технологияларды, тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып сабақ беруі, бүгінде жас ұстаздың таным деңгейін ерекшелендіріп, шәкірттерінің биіктен көрінуіне зор ықпал етуде. Балаларға туған жерінің тарихын, туған өлкесінің көркемдігін үйретудегі еңбегі де ерекше.
Осыған дәлел ретінде Назима Халыққызының өлкетану курсы бойынша «Әулиешоқы баурайындағы менің өлкем» тақырыбындағы еңбегі облыстық ғылыми практикалық конференцияның материалдарына арналған кітапқа енді. Жас ұстаздың ізденімпаздығының арқасында шәкірті Жаңабек Темірханов өлкетану курсы бойынша Қазақстан Республикасы Кіші ғылым академиясынан 1 дәрежелі дипломымен марапатталды.
«Ұстазы талантты болса, шәкірті талапты болады» – деген халық даналығында қайталанбас сөз бар. Міне бұл сөздің де айтылар орны табылып жатыр. «Парктер шеруі – 2017» халықаралық табиғатты қорғау акциясы аясында өткізілген «Туған жердің табиғаты» атты экологиялық конкурста ең таңдаулы шығарма номинациясы бойынша оқушысы Темірханова Мейіргүл 1 орынды иеленіп, мектеп ұжымын зор қуанышқа бөледі.
Назима Халыққызы ерінбей еңбектенуінің арқасында «Үздік қолөнер шебері» номинациясы бойынша диплом алып, биік белестерді бағындыратын ұстаз екенін көрсете білді. Бұл жоғарғы жетістіктің алды ғана
«Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады» – деген В.А.Сухомлинскийдің даналығына сүйенсек талғамына талабы сай ұстазды бағалай білу де біздің басты міндетіміз болуы тиіс…
Жазира БАҚАЕВА
ТИІРМЕН