Басты бет Тағзым ЕРЛІГІ ЕЛ ЕСІНДЕ

ЕРЛІГІ ЕЛ ЕСІНДЕ

0
1,167

«Ерлік елге мұра, ұрпаққа ұран». Бұл жанқиярлық ерлік жасап, ұрпағы бейбіт аспанның астында жаймашуақ күн кешуі үшін кеудесін оққа тосқан бабалар батырлығы үшін айтылған қағидалы сөз еді. Адамзат тарихындағы нағыз ерлік пен батырлықтың үлгісі екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде қолына қару алып, жауға қарсы күрескен азаматтармен көрініс тапқандығы айқын. Асылдың сынығындай  ардагерлер бүгінде тарихтың ақтаңдақ беттерінен сыр шертіп тұрған, ерлігі мен отанға деген адалдығы ұрпаққа өшпес өнеге болған нағыз батырлықтың үлгісі. соғыстың оты тұтанып, тарихта тасқа қашалып жазылған зұлмат жылдар бірқатар жерлестеріміздің майдан алаңында құрбан болуына, бірқатар азаматтардың отанына жарымжан болып оралуына себепші болды. Елім деген осындай оғлан ұлдардың бірі Сүмбе ауылының тумасы Нұрбек Нұрсеитов те өзге сарбаздармен иық тіресіп қасиетті борышын өтемекке майдан алаңына аттанған еді. Сол кезеңдердегі ауданнан шыққан жалғыз ұшқыш жайлы азды көпті сыр шертейік.

Нұрбек Нұрсеитов  1916 жылы Сүмбе ауылында дүние келген. Әскери саладағы алғашқы қадамын қызыл әскердің қатарына шақырылғаннан кейін бастаған. 1941 жылы жас командирлердің полктік мектебін тамамдап шығады. 1942 жылы соғысқа шақырылып,  175 артилериялық полкінің взвод командирі болып бекітіледі. Қызыл әскердің әуе күштерінде абыроймен қызмет етіп, қазақ жігітінің бойындағы қайсарлық пен батырлықты дәлелдеп, 517 рет әуеге көтеріліп, 2 жаудың ұшағын атып түсіреді.

1943-1944 жылдары Нұрбек Нұрсеитовты әуе күштеріндегі ерекше қабілетіне байланысты ұшақты меңгеру біліктілігін арттыра түсу үшін тағы бір әскери-авияциялық мектепті тамамдап шығуына үлкен мүмкіндік жасалады. 1944 жылдың жазынан бастап, 1945 жылдың наурыз айына дейін 12 әскери полктің ұшқышы қызметін абыроймен атқара білді. 1945 жылғы тарихи жеңістен кейін жас батыр туған жеріне аман есен оралады.

Сұрапыл соғыс жылдары қасірет пен қан майданды бастан өткерген өрімдей боз бала отанға жігіт ағасы болып оралған соң бірден бейбіт күннің тіршілігіне етене араласып, ел басқару ісіндегі бірқатар лауазымдарға білек сыбана кірісіп кетеді.

Аудандық халық депутаттар кеңесінің кадр бөлімінде басшы, аудандық кинофикация саласының басшысы, «Ленин» атындағы колхоздың төрағасы сынды өңірдің бірқатар басшылық лауазымдарын абыроймен атқарды.Соғыс жылдарындағы ерен ерліктің жемісі ретінде «Германия түбіндегі жеңіс үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін» медалдарымен марапатталған.

Осы орайда Нұрбек Нұрсеитовтың туғанына ғасырдан асып, оның ерлігін өскелең ұрпақтың санасында жаңғырту үшін аудандық мәдениет үйінде еске алу шарасы аталып өтілді. Шараға аудан басшылығы мен зиялы қауым өкілдері, Райымбек шекара басқармасының басшылығы мен сарбаздары, ардагердің туыстары мен ұрпақтары, жастар және БАҚ өкілдері атсалысты. Шараның алғашқы сөзін аудандық маслихат төрағасы Есжан Нұрәкім Есенбайұлына ұсынылып, тұлғаны еске алуға жиылған көпшілікке ерлік ешқашан ұмытылмайтындығын және бейбіт күнді сыйлаған ата бабалардың рухына мәңгі тағзым жасап өтетіндігімізді тілге тиек етіп, ардагердің үрімбұтағын, туған елін құттықтап өтті. Артынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ербол Нұрсеитов, Сүмбе ауылының ақсақалы, ауданның құрметті азаматы Қалабай Мерейімов,  Алматы облыстық ҚР Қарулы күштері ардагерлері кеңесінің төрағасы Ақбалиев Батырхан, Райымбек шекара басқарма бастығының орынбасары, полковник Мұратбек Искандер өздерінің ақжарма тілектерін айтып, ерлікке тағзым жасады. Шараның маңызды сәті Нұрбек Нұрсеитұлы туралы тың мәліметтер жарық көрген «Алтын кітапты» арнайы  табыс ету үшін сахнаға «Эдельвейс-Астана» баспа үйінің тілшісі Гульхан Аманжолқызы шығып сөз сөйлеп, ардагердің ұлы Нұрдос Нұрбекұлына кітапты салтанатты түрде табыс етті. Нұрдос Нұрбекұлы да әкесінің аты халықтың алдында аталып, абыройы асқақталып, рухына тағзым жасалып жатқандығына ерекше ризашылығын білдіріп, шараны ұйымдастырушыларға, туған еліне шынайы алғысын жеткізді.

Нұрбек Нұрсеитұлының жанқиярлық ерлігі мен ерен еңбекке толы өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі болып қалыптасты.  Келер жылы ұлы жеңіске 80 жыл толып, ерліктің өшпес жолы мен бейбітшілік сыйлаған бабалардың рухына тағзым етілетін болады. Өзі дүниеден өтсе де артына ерліктің ізін қалдырған ардақты ардагеріміздің атын Сіз бен біз болып ұрпақтың санасында жаңғырту перзенттік парызымыз деп білуіміз керек. Ардагерін ардақтаған, батырдың ерлігін елеп ескерген ұрпақтың алдынан ақ күн туып, болашағы жарқын болсын демекепіз!

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАНЫМДА ЖҮР ЖАҚСЫ АДАМ

Ата-анамыз өмірден өткен соң ғана олардың айтқан сөздерін, қылықтары мен іс-әрекеттерін ес…