Басты бет Әлеумет ШЕКАРАШЫ — ЕЛ ҚОРҒАНЫ

ШЕКАРАШЫ — ЕЛ ҚОРҒАНЫ

0
193

Ел тыныштығы мен егемендікті сақтаудың, аумақтық тұтастықты және шекараның мызғымастығын қамтамасыз етудің кепілі ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы үлкен саяси міндет қойылған. Осы міндетті басшылыққа ала отырып, еліміздегі шекарашылар мемлекетіміздің тыныштығы мен тұтастығының жолында аянбай еңбек етіп келеді. Біздің аудан аспан асты елі саналатын Қытай Халық Республикасымен шектесіп жатқандығы белгілі. Шекарамызды көздің қарашығындай қорғап, қырағылық танытып отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 2534 әскери бөлімі шекарашыларының біз үшін абыройы әр уақытта асқақ.
Тамыз айының бірінші жұлдызында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі 2534 әскери бөлімінің құрылғанына елу жыл толып, үлкен салтанатты шара өтті. Салтанатты шара басталмас бұрын ең алдымен мемлекеттік Туды зор құрметпен алаңға әкеліп, Гимн орындалды. Сонан соң Шонжы шекара отрядының командирі Бауыржан Тасымов әріптестерін елу жылдық мерекелерімен құттықтап, 2534 әскери бөлімінің тарихы жайында баяндап, шекарашылардың басты міндеттеріне тоқталып, ел тыныштығын күзетуде аянбай тер төгетіндіктеріне сендірді. ҚР ҰҚК “Шығыс” өңірлік басқармасы басшысының міндетін атқарушы, полковник Айдос Әлиев сөз кезегінде ел тыныштығын күзетуде тынымсыз еңбек етіп зейнетке шыққан ардагерлер мен бүгінгі жас жауынгерлерді мерейтоймен құттықтаса, аудан әкімі Шухрат Нурахунов облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп, елу жылдыққа арналған құрмет грамоталарын шекара қызметкерлеріне табыс етті. Сол сияқты жүрекжарды лебіздері мен мақтауларын айтқан генерал-майор Марат Мажитов ҰҚК-нің, шекара қызметінің мақтау қағаздары мен грамоталарын, «Шекара қызметіне – 100 жыл» атты төсбелгілерін, сый-сияпаттарын әріптестеріне табыстады. Ал генерал-лейтенант Игорь Курилов көрші мемлекеттермен ешқандай дау-дамайдың жоқ екендігін үлкен жетістікке балап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты мен көрегендігінің арқасында бірлік пен татулықта жасап жатқан халқымыздың бірлігі жайында әңгіме қозғады. Шекарашы сарбаздардың ерлігін жоғары бағалап, әр уақытта осы қалыптарынан таймауын тіледі. Салтанатты шара барысында Республикалық ардагерлер қоғамдық бірлестігі Қостанай қаласы ардагерлерінің өкілі Серік Арыстанов, «Халық Банк» аудандық филиалының директоры Гүлнара Абдуллаева арнайы сый сияпаттарын табыстап, жылы лебіздерін жолдады.
Ыстық ықыластардан кейін 2534 әскери бөлімі десантшыларының жаттығулары көрермендердің назарына ұсынылды. Шекара бұзушыларды құрықтаудың түрлерін көрсетіп, әскери иттердің жұмыс жасау барысымен таныстырды. Сонан соң әр бөлім мерекеге арналған шеру жасап, олардың атқаратын міндеттері таныстырылды. Шекара отрядының аллеясында мерейтойға арналған ескерткішінің ашылуы да салтанатты түрде өтіп, жиынға келген қонақтар саяжол жанында бас қосты. Салтанатты шара одан ары әскери бөлім оркестрінің және аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастырған мерекелік шарасымен жалғасын тапты. Тек шекараны күзетіп қана қоймай өздерінің өнерге жақын екендіктерін дәлелдеген сарбаздар тірі дауыста ән салып, көрермендердің қошеметіне бөленді. 2534 әскери бөлімінің зейнеткері, прапорщик Талғат Мошановтың сөзіне жазылған, әскери бөлімнің солисі Айдос Сәдінің орындауындағы болған «50 жылдыққа арнау» әні таңдай қақтырды. Әскери қызметкерлердің хормен орындаған «Мен қазақпын» әні де рухымызды бір көтеріп тастады. Әрбір көрсетілген қойылым мен әуелеген ән, мың бұралған биге құрмет көрсеткен көрермендер өнерпаздарға алғыстарын жаудырды. Елу жылдықты думандата өткізген 2534 әскери бөлімі шекарашыларының абыройы әр уақытта асқақтай берсін дейміз.

Думан САРТБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Общественники проконтролируют строительство новых студенческих общежитий и процесс заселения в общежития

Глава государства в своем обращении к народу Казахстана «Пять социальных инициатив Президе…