Басты бет Тағзым АУЫЛДЫҢ АҚЫЛМАНЫ

АУЫЛДЫҢ АҚЫЛМАНЫ

0
28

Әр ауылда аузы дуалы немесе істеген ісі өнімді адамдар болады. Олар ауыл тұрғындарының игі бастамаларына қуанып, өздері қолдау көрсетіп, әрдайым алға сүйрелеп отырады. Сүмбе ауылында Серік Қоқымдиев деген ағамыз бар. Аузын ашса жүрегі көрінеді. Қарапайым мінезімен кез келгеннің іші-бауырына кіріп кетеді. Осы ауылда дүниеге келіп, орта мектепті аяқтап, әскери борышын абыроймен атқарып, қалаға бармай, туған жеріне туын тіккен. Күні бүгінге дейін қоғамдық жұмыстардың басы-қасында шапқылап жүргені.

Еңбек жолын жұмысшылықтан  Шонжыдағы құрылыс мекемелерінің бірінен бастайды. Сонан соң жүрек қалауымен мал-дәрігерлік техникумына оқуға түседі. Ленин атындағы колхозға мал дәрігері болып қызметке тұрады. Өзінің алғырлығы мен жауапкершілігінің арқасында ферма меңгерушісі, басқарма басшысы, бригадир сияқты лауазымдарды атқарады. 1990 жылдардағы қайта құру, нарық, жекешелендіру сияқты саясаттың салқыны бұл ауылға да жетеді. Жаңаша өмір сүрушілердің қатарында өзінің жеке шаруашылығын құрады. Әрине сол замандардағы қиындықтар мен келеңсіздіктердің барлығын көрді. Өрге тартқаны кейін кеткен тұстары да болды. Сонда да өмірлік серігі Күлпара екеуі шаңырақтың уығын берік қалап, өмірге үш ұл, бір қыз әкеліп, әрі қарай шаруа қожалығының жұмысын жандандыра түсті. 2005 жылы Сүмбе ауылдық округі әкімі аппаратына бас маман болып қызметке орналасады. Туған жерінің әр тасын бес саусағындай білетін маман оның әрі қарай өркендеу жолында бір кісідей тер төкті. Он екі жыл мемлекеттік қызметте отырды. Білімі мен тәжірибесін ұштастыра отырып, талай белестерді бағындырды. Адал еңбегі дұрыс бағасын да алды. «Ерен еңбегі үшін» және «Қазақстан Конституциясының 25 жылдығы» медалін кеудесіне қадады. Облыстан, ауданнан әркез мадақтау қағаздары мен Құрмет грамоталарын алып отырды. Жауапкершілігі мен жүгі ауыр қызметтен зейнеткерлікке шықты.

Қазан айында жетпіс деген жетіліп, піскен жасқа жетіп отыр. Адам баласы үшін ұрпақ тәрбиелеп, ауылына ағаш егіп, оның гүлденуіне үлес қосқаннан артық бақыт болмаса керек. Серік ағамыз ұлағатты ұл өсірді, қылықты қыз тәрбиеледі, бүгінде немерелерінің бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, мал шаруашылығына қатысты дүниелерді бес жастан асқан немерелерінің құлағына құйып келеді. Төлдің жақсы, жаманын айыра алатын деңгейге жеткізді. Ауыл – қазақтың кіндігі. Оның қасиеті мен қадірін балаларының бойына сіңіруде де еңбегі ерен. Ұлттық тілімізден бастап, ата-бабадан келе жатқан дәстүрлерді күнделікті дерлік өз ісімен дәлелдеп келе жатқан азамат. Жетпіске жеткен жасына құтты болсын айтамыз. Шапқылап шаршамайтын қариямызға ұзақ ғұмыр тілейміз. Отбасының бақытынан айырмасын. Көңілі дария, жаны жайсаң, іші тұнып тұрған қазына қартымыздың әлі де берері мол екендігіне сенімдіміз.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ТАСҚАРАСУДЫҢ КӨГІН ЖЫР ТЕРБЕДІ

Шығысы шекара, батысы Бұғыты тауларымен танымал, әлемге Шарын шатқалымен әйгілі, қасиетті …