Ел кіндігі, арқа төрінде ту тіккен қасиетті Елордамыз Астана – еліміздің абыройы мен мақтанышы. Елбасымыздың ерен еңбегі мен барша халықтың қолдауымен сәулеті мен салтанаты жарасып, тәуелсіздіктің тұғыры, азаттықтың айшықты нышаны – Астана бас қаламыздың мерейлі тойына арналған мерекелік шара аудандық мәдениет үйінде ресми түрде өтті.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимні орындалған соң аудан әкімі Алимжан Тохтасунов жиналғандарға ыстық ықыласын, өзекжарды тілегін білдіру үшін сахна төріне көтерілді. Арқа төсінде айбаты мен абыройы асқақтаған Астана күнімен барша аудан жұртын құттықтап, тәуелсіздігіміздің бойтұмарына айналған қаласы бар біздің бақытты халық екендігімізді тағы бір дәріптеп, Астананың тәуелсіз, қуатты әрі тұрақты мемлекеттің символы болып үлгергендігін зор мақтанышпен айтты. Еліміздің экономикалық, саяси және мәдени өмірінің орталығына айналған Астана – Шығыс пен Батыстың сәулеті мен мәдениеті үйлесімді жарасым тапқан бірегей еуразиялық феномені бола алғандығын шынайы пейілімен жеткізді. Әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына енуді мақсат тұтқан Елбасының мемлекеттік саясатының ең ұтымды тұсы да Астананы бас қалаға айналдыру болатын. Ол мақсат жүзеге асты. Бүгінде Астанамен барлығымыз да мақтанамыз, шаттанамыз, марқаямыз. Астананың әлемдік деңгейдегі іс-шараларға ұйытқы болып, ЕҚЫҰ саммиті, Астана экономикалық, инвестициялық, дүниежүзілік ислам экономикалық форумдарының өтуі жас мемлекетіміздің мерейін үстем етіп, абыройын асқақтата түскендігін тілге тиек етті. Еліміздің дамуына, ауданның экономикалық әлеуметтік өркендеуіне үлес қосып жүрген біраз азаматқа «Ауданның құрметті азаматы» төсбелгілерін тағып, мерекелік тарту жасады.
Аудандық мәдениет үйі жанындағы «Жазерке», «Арзу» ансамбльдерінің мерекелік концертінің барлық нөмірлері тек Астана деп шырқалып, ЭКСПО деп асқақтады.
Туған күнің құтты болсын, әсем қала
–Астана,
Жер жаһанда ұқсамайсың өзге қала,
басқаға.
Елімнің де жүрегісің, жерімнің де Астана,
Құтты болсын нұрлы күнің – бүгінгі той,
бас қала!
Киелісің, бүкіл әлем келбетіңе таңқалған,
Айдай сұлу арудайсың әсемделіп сомдалған.
Жайнай берші, жайқала бер, арман қала
–Астанам,
Нұрлана бер, нұрлы қалам – әсем қалам, бас қалам! – деген әдемі жыр жолдарымен мерекелік шара мәресіне жетті.
Баян
МАМЫРБАЕВА