Отан – әрбір шаңырақтан басталады. Шаңырақ шаттығын ойлаған жан отбасындағы жарын, балаларын сүйеді, өзгеге үлгі көрсетеді. Сол сүйіспеншілік айналасындағыларды, туған-туыстарын, жақын жандарын жақсы көруге, бауыр басуға ұласады. Мұның арғы жағынан Отан деген үлкен ұғым шығады. Осы үлкен шаңырақтың уығын мерейлі отбасылар ұстап тұрады. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап көрсеткендей, бізде әрбір отбасы өз Отанының шынайы патриоты болуы керек. Соған қарай үлкеннен үлгі алып, артынан ерген өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп жүрген отбасылардың беделі әр уақытта да асқақ.
Үлгілі отбасы – қоғам тірегі. Олар айналасындағыларға үлгі көрсетіп, қазақи қылықты дәріптеп, жалпы қоғамға өз пайдасын тигізуде. Осындай жас отбасылардың бірі – ортасына сыйлы, ел құрметтейтін Бұлғиевтер шаңырағы. Ата жолын қуып, қолөнерді кәсіп еткен Ілеберді Бұлғиев Тиірмен ауылындағы мектепте қызмет атқарып келе жатқанына талай жылдың жүзі болды. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, қазақи өнерімізді үйретіп, бойларына адами қасиетті сіңіріп, болашақтың тұтқасы боларлықтай ұрпақ тәрбиелеу үстінде. Ал шаңырақтың отанасы Жазира Бақаева да білім әлемінен алыс емес. Ауылдық кітапхананы басқарып отырғалы ауыл жастарының кітапқа деген құмарлығы артып келеді. Сондай-ақ бойына ақындық өнері қоса дарыған Жазираның шығармашылығы ауданды тәнті еткені жасырын емес. Суырып салып айтысқа да қатысып, ауылдағы іс-шаралардың басы-қасында жүретіні тағы бар. Жақында ғана өлеңдері облыс әкімінің қолдауымен жинақ кітапта жарық көрді. Жазира Бақаева Райымбек ауданы, Шалкөде ауылында дүниеге келіп, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына қанып өскен. Алматыдағы КазМУ-дің журналистика факультетінде оқып, оқуын ойдағыдай тамамдаған. Ал Ілеберді Абай атындағы ҚазҰПУ-да ағаш өнері бойынша білім алып, қазақи нақыштағы оюларды, ұлттық аспаптарды жасауды меңгерген. Бүгінгі таңда қолөнердің арқасында талай жетістіктерге қол жеткізіп, туындылары аудандағы көрмелерден орын алып та жүр. Екеуін табыстарған да, таныстырған да Алматы қаласы. Жазираның айтуынша «Мектепте математиканы тереңдеткен сынып болдық та, сыныбымыздың тең жартысы ҚазҰПУ-дың физика және математика факультетіне түсті. Сол сыныптастарды іздеп, аталмыш оқу орнының жатақанасына барып жүргенде Ілебердімен таныстық. Ол қалжыңбас тез тіл табыстық…», – дейді. Жас күнінде жаны нәзік, ақындығы тағы бар Жазира жан жарының шеберлігіне, әзілқойлығына ғашық болып, махаббаттары одан ары жалғасын тапқан. Осылайша тағдырлары тоғысқан қос ғашық қайықтың ескегін тең ұстап, өмір өзенінде жүзіп келе жатқалы талай жылдың жүзі болды.
Тиірмен ауылына келін болып түскен Жазираны Ілебердінің ата-анасы қазақи мінезімен, жылдамдығымен, тапқырлығымен, шешендігімен бірден ұнатқан. Содан бері тек Бұлғиевтер отбасының ғана емес ауылдың ақ келіні атанған Жазираның таланты талайды тәнті етіп келеді. Бүгінгі таңда үш баланың анасы. Бала тәрбиесінде де өзіндік ерекшелігі бар. Үлкен қызы Аяулым биыл 11 сыныпты үздік тамамдап отбасын қуанышына бөлеп отыр. Ата мен әженің тәрбиесін көрген алтындай ұлы да, күмістей қыздары да кішіпейілділіктерімен, ізеттіліктерімен ерекше.
Атам қазақ «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» деп бекер айтпаса керек. Сол бақтың арқасында ауылға үлгілі отбасы ретінде танымал бұл кейіпкерлеріміздің асабалық өнері де өз алдына. Талай келіннің бетін ашып, ауылдың бойжеткендерін ұзатып, елдің ықыласына бөленіп те жүр. Жазира қалжыңдап «Ілеберді қобыз, домбыра, ал мен өлең жасаймын» деп қоятыны бар. Шығармашылықтары шыңдалып, білім әлемінде тең абырой ұстап жүрген Ілеберді Тиірмен ұйғыр орта мектебі директорының орынбасары болып, Жазира кітапханада қызмет атқарып келеді. Алдағы армандары да, алар асулары да аз емес. Біріншіден ата-ана болған соң балаларының биіктен көрініп, тек отбасыларының ғана емес, елдің мақтанышы болса екен дейді.
«Отбасында адам бойындағы қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туыстарына деген сүйіспеншіліктен басталады», – деп Елбасымыз айтқандай шаңырақтың шайқалмауы үшін шағын мемлекет отбасында сыйластық болуы қажет. Сонымен қатар отбасындағы тәрбиенің да маңызы зор. Дәстүрлі қоғамда ата-әженің тәрбиесін көрмей өскен бала болмаған. Атаның жыр-дастанын, әженің ертегісін тыңдап өскен ұрпақтар рухани байып отырған. Аталарымыздан тәрбие көрген, иман жүзді, көсегесі көгерген деген сөздерді жиі естуші едік. Сол сөздер осындай жас отбасыларға қатысты айтылса керек. Ендеше басқаларына үлгі боларлықтай жас отбасыларымыз көбейіп, қазақы болмысымызды сақтайтын, дәстүрімізді дәріптейтін, салиқалы да салмақты ұрпақтарымыз өсе берсін демекпіз…
Думан
САРТБАЕВ