Тамылжыған тамыздың тамаша бір күнінде ерекше көрме аудан орталығындағы мәдениет үйінде болып өтті. Ерекше көрме деп екпін қойып айтып тұрғаным да тегін емес. Бұл көрменің ерекшелігі сол ерекше балалардың қолынан шыққан түрлі қолөнер бұйымдары көпшіліктің назарына ұсынылды. Аудан бойынша мүгедектігі бар бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің өз қолымен жасаған қолөнер бұйымдары бірінен-бірі өтетін нағыз таңғажайып туындылар деуге болады.
Аталмыш шараға аудан әкімі Бота Серікқызы бастаған барлық бөлімдер мен мекеме басшылары, беделді ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдері, белсенді жастар мен жалпы аудан тұрғындары арнайы барып қатысты. Алғашқы сөз аудан әкіміне ұсынылып, мүгедектігі бар балалардың осындай таңғажайып туындыларды дүниеге әкеліп, оны халықтың алдына паш етіп жатқандығына ерекше қуанышты екендігін жеткізді. Сондай-ақ осындай өскелең ұрпақты тәрбиелеп отырған ата-аналар мен арнайы орталық қызметкерлеріне және ұстаздар қауымына алғысын жаудырды. «Шеберлер әлеміне саяхат» деген тамаша атау алған шараның ресми сәті ашылған соң жиылған көпшілік көрмені аралауға кірісіп кетті.
Көрменің ерекшелігі сол, көзіңіздің жауын алып, ұнатқан затыңыз болса өзіңіз құнын ұсына отырып, сатып алуыңызға әбден болады. Бүлдіршіндердің еселенген еңбегімен жасалған түрлі бұйымдарды көпшілік арасынан таласа да тармаса да, қызыға да сатып алып жатқандарының қарасы көп болды. Ең бастысы еңбектің ақталуы үшін және ерекше балдырғандардың көңілі шат болуы үшін қойылған бұйымдарға мүмкіндігінше жоғары бағалар ұсынылып жатты. Осылайша аудан жұртшылығы тағы да өздерінің ауызбіршілігі мен бауырмалдығын және болашаққа деген үміт пен сенімге толы көзқарастарын көрсете алды.
Ауданда бүгүнгі күнде екі мыңнан астам мүгедектігі бар адамдар өмір сүреді. Соның ішінде мүгедектігі бар балалар саны – 323. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес мүмкіндігі шектеулі балаларға қолайлы жағдай қалыптастыру үшін және өмір сүру деңгейін жақсарту үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда. Ыңғайлы жүріп-тұруы үшін Инватакси қызметі, маусымды демалыстар мен сауықтыру кешендерімен қамтамасыз ету, басқа да материалдық қажеттіліктер үшін тиісті қаражаттың бөлінуі мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан бірден-бір қамқорлық дейге болады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында «Ерекше диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдау қажет. Біз ерекше қажеттілігі бар балалар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз» деген нақты тапсырмасын айқындап өткен болатын. Осы орайда мүмкіндігі шектеулі ересек адамдар болсын, балалар болсын қоғамда оларға барлығымен бірдей мүмкіндік алуы үшін жан-жақты жағдайлар жасалып келеді.
Осы орайда ағымдағы жылдың басынан бері аудан аумағында аз қамтылған отбасы балаларын бала бақшамен қамту үшін 174 балаға – 9 млн тенге, үйде оқытылып жатқан мүгедек балалардың шығындарын өтеуге 82 балаға — 3 млн 811 мың теңге және аз қамтылған 26 отбасыға 1 млн 187 мың теңге тұрғын үй көмегі жәрдемақылары көрсетілді. Бұл жәрдемақылар мен қолдаулар мемлекет тарапынан жылдан-жылға жалғасын таба беретін әрі ұлғайа түсетін болады.
Аудан орталығындағы ұйымдастырылған көрмеде өз бұйымдарын көпшіліктің назарына мақтанышпен ұсынып отырған әрбір бала біз үшін ерекше әрі қайталанбас тұлға! Олардың көз майын тауысып, шыдамын шыңдай отырып өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдарының халыққа ұсынған көрмесі балдырғандардың бойларында жасырулы тұрған ерекше дарын мен мол мүмкіндіктерді айқын көрсетті. Осы көрмеге қойылған әрбір бұйым нағыз қажырлы еңбек пен табиғи таланттың ұштасқан сәттегі туындысы екендігін сеніммен айта аламын.
Бақытты балдырғандар мен бүлдіршіндердің қолынан шыққан түрлі қолөнер бұйымдары жиналған көрме көпшілікке ерекше көңіл күй мен қайталанбас әсер сыйлай алды. Болашақ ұрпақ балаларымыз ауырмасын! Балаларға бақытты балалық шақ және жарқын да баянды болашақ тілейміз!
ӨЗ ТІЛШІМІЗ