Ауданымыз мақтанатын адамдарға толы. Өнерде, мәдениетте, экономика мен басқа да салаларда. Ал әскери қызметтегілер туралы әңгіме мүлдем бөлек. Ауданымызда шекара отряды мен локатор қызметі әскери бөлімдері тұрғандықтан болар. Рехангүл деген жерлес апайым бар. Қырғызсайлық. Көрген жерде шүйіркелесіп, мәре-сәре болып қаламыз. Орталық базарда кездесіп қалып, бала-шағаның жағдайын сұрасып, мәз болыстық. Жолдасы Турсун ака менің ағаларыммен сыйлас дос болған еді. Әңгіме арасында ұлдары Расулдың мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқавтың қолынан «Айбын» орденін алғанын айтып, Орал қаласында әскери бөлімнің командирі екендігін жеткізді. Өз балам осы биікке жеткендей қуандым. Құтты болсын айттым. Шын мәнінде кез келген ата-ана баласының жақсылығымен қуанғаны қандай бақыт.
Закиров Расул Турсунұлы 1980 жылы Шонжы ауылында дүниеге келген. 1997 жылы №1 Шонжы орта мектебін аяқтаған соң жүрек Сағадат Нұрмағанбетов атындағы құрлық әскерлері әскери институтына оқуға қабылданады. Оны табысты аяқтаған соң әскери қызметін әр қалада Сарыөзекте, Алматыда жалғастырады. Полковник лауазымында. Расул әскери қызметті нағыз ерлердің мамандығы санайды. Сондықтан да ел басына күн туған ауыр сәтте өзі басқаратын әскери бөлімінің мамандарымен Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны кезінде ерлікпен пара-пар әрекеттер жасады. Сол еңбегі бағаланып Президент қолынан жоғары дәрежелі орденге ие болды. Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы 99250 әскери бөлімінің командирі Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденін кеудесіне қадады. Оның жеке басшылығымен адамдардың қауіпсіздігі қорғалды. Қаратөбе ауданы, Сырым ауданының Жымпиты ауылы, Орал қалаларында тәулік бойы кезекпен құтқару жұмыстарымен айналысқан, табанды еңбек үлгісін көрсетіп, батылдық танытқан әскери бөлім басшысына Президенттің өзі алғыс айтып, марапаттағаны біз үшін де зор мәртебе. Жеке құрамда 100 адам үш ауысымға бөлініп, осылайша бір сәт те үзіліс жасамастан жүргізілген жұмыстың нәтижесі оңынан болып, табиғат апатын да жеңді. Әскери бөлім қызметкерлері тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп, гуманитарлық көмектерді тиісті жеріне жеткізіп, 485 адамды құтқарып, 26 мың құм салынған қапты Орал жағасына 80 шақырым жерге төсеп шыққан. Өзінің әскери бөлім қызметкерлеріне алғысын айтып, нағыз ерлердің атқарар жұмысын тындырғандарына мақтаныш сезімін жеткізген Расулдың табандылығы мен кісілігіне риза боласың.
Расул Турсунұлы басқарған әскери бөлім қызметкерлері өздерінің Отан қорғауға қаншалықты дайын екендіктерін осы апатты жағдайда дәлелдеп шықты. Ауылдасымыз үшін кеудені қуаныш сезімі кернеді. Ең алдымен осындай ұл тәрбиелеген ата-анасы Турсун ака мен Рехангүл апайға айтар алғысымыз шексіз. Немерелері Расимның да әскери қызметкер болғандығын қалайтындықтарын сөз арасында айтып қалды. Отан қорғау деген мамандық бар. Ол кез келгеннің маңдайына жазыла бермейді. Расулдай оғландар барда Отанымыздың шебі бұзылмайтындығы ақиқат. Бауыржандай батыр атасының атындағы «Айбын» орденін алған ауылдасымыздың алдағы қызметіне табыстар тілейміз. Патриоттық сезімі, Отанға деген махаббаты, туған жеріне деген құрметі биік Расулдың алар асулары мен бағындырар белестері әлі алда деп ойлаймыз.
Баян МАМЫРБАЕВА