Өр тұлға деген түсінікті әркім әрқалай түсініп жатады. Кеуделері керілгендерді, шекпен киіп шіренгендерді, аспанға қарап асқақтағандары өр кеудеге теңеп жатады. Шын мәнінде олай емес. Өр тұлға деген айналасына шуағын шашып, адамдарға жақсылық жасап, қолынан келген қамқорлығын ешкімнен аямайтын жандарды айтатын болар. Адамның өмірі кіл өзің ойлағандай, болжап, бағдарлағандай бола бермейді екен. Түп-түзу жерде сүрініп, көк майса шалғында шалынып, иір-қиырларына аяғыңды салып, әйтеуір күреспен өтетіні ақиқат. Адам өмірі шектеулі. Бұл Жаратылыстың бұлжымас заңы. Сол шектеулі нәрсені кейде қалай болса солай пайдаланып, оны бүлдіруге дайын тұратын да өзіміз. Пенделік деген осы болар. Ауруды жаратқан Құдай, бірақ ауыртқан Құдай емес деген тәмсіл бар ғой. Соған адамдар мән бермейтініміз өкінішті.
«Жандауа» атты арнайы бетіміз бар. Ол дәрігерлерге, жалпы медицина саласының адамдарына арналған. Адам жанының сақшылары туралы қалай жазсақ та жарасымды ғой. Кейіпкер іздеп, ойша аурухананы бір аралап шықтым. Неге екені белгісіз бүгінде бақилық, бірақ мыңдаған адамның жанына араша болған, жаны жайсаң, адамгершілік қасиеті өте биік Өмірхан ағамды есіме ала бердім. Өмірхан Садықов біздің жақтың тумасы емес, Сырдың жігіті. Жұмыс бабымен біздің ауданға хирург болып жұмысқа келеді. Марқұм Жұман ағаммен дос болып, бір үйдің балаларындай араласты. Екеуінің әзілдескендері де, қоғам туралы әңгімелері де жараса кететін. Біздің ауданға сіңіскендігі соншалықты тұрғындардың бәрін өзінің туысындай көретін. Жүрегі үлкен еді. Оның қиналған, қысылған сәтінің өзі айналасындағы адамдарды алаңдатпайтын. Кез келген кереғарлықты жылы жымиысымен шешіп тастайтын.
Дәрігерлікті Құдай маңдайына жазған бір адам болса ол – Өмірхан Садықұлы дер едім. Қалалық дәрігерлерден дұрыс диагноз қойылмай, әрі-сәрі күйде жүргенде ағам Өмірхан досын көмекке әкелді. Күлімсіреп жүретін жанның аузынан шыққан жылы сөздер әлі күнге құлағымда. Көзі тірісінде ол кісіге алғысымды жеткізе алдым ба, алмадым ба, білмеймін. Бірақ әр күні жатар алдында сол кісі үшін Алладан дұға сұрайтыным имандай шыным. Білімі мен біліктілігінен бөлек адами болмысы қандай көркем еді. Көркем мінезді деген теңеу осы кісіге лайық болар. Ол кісі үшін ұсақ-түйек деген нәрсе болмайтын. Әр нәрсеге пәлсапалық ұғыммен қарайтын. Мән бермейтін нәрсенің түп-тамырын қазатын. Менің аурудан жазылу, жазылмауын екіталай екендігін түсінген сол кездегі бас дәрігер Абдуманап Амитахунов қолхат арқылы жатқызуға келісім бергені де әлі күнге есімде. Егер алда-жалда жаман жағына қарай бұрылатын болса, емдеуші дәрігер ретінде өзің жауап бересің деп таптағаны да жадымда. Бауырымнан да қолхат алды. Сол сәттегі өзімнің қандай халде болғанымды ағам, емдеуші ағам және мен ғана білемін. Бірақ неге екенін қайдам, өзімнің жақсы болып кететініме аса сенімді болдым. Алла санама сенімділік енгізді ме, әлде дәрігердің әр кіргенде айтатын жылы сөзінен қуат алдым ба, білмеймін. Түннің бір жарымында жаныма келіп отыратын. Әр қадамын қағазға түсіріп, менің көңіл-күйімді бақылап жүреді. Басқа сырқаттардың маған қызғана қарайтынын да іштей сезетінмін. Олардың жан дүниелеріндегі арпалысты әсте түсіндіре алмаспын. Амал жоқ тура жарты жыл аурухана төсегіне таңылдым. Сол жердің тұрғылықты тұрғынына айналдым. Өзімнің үйімде жүргендей еркіндікті сезіндім. Бәрі ет жақын туысымдай. Еден жуатын әйелдер де жылы қабақтарымен қарайды. Кейін түсіндім ғой, мені о дүниеге кетіп бара жатқан адамдай жандары ашығандықтан ешкім теріс қабақ танытпағандығын.
Қайран, Өмірхан ағам. Әу баста дұрыс ем қабылданбай, дұрыс диагноз қойылмағандықтан ауыр халге түскен жерімнен маған екінші өмір сыйлаған алтын қолды дәрігерім. «Дәрігердің қателігі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация жазды. Бұрын-соңды ондай тақырыптар қаузалды ма, жоқ па, ол жағы маған белгісіз. Әйтеуір әр ішкен дәрім мен алған инемнің қорытындысын түртіп отыратынын да кейін түсіндім. Сауығып шығып, әрі қарай тірі адам тіршілігін жасайды деген қағидамен күн кештім. Ағам қалаға көшіп кетті. Бірақ әркез хабарласып, халімді біліп тұрды. Жеген тамағыма дейін тәптіштеп отыратын. Бір күні демалыс болатын, тауға барып демалайық деген ұсыныс тастап, бәріміз отбасы мүшелерімен Қырғызсайдың тауына шықтық. Енді дастарқанға отырған сәтте Өмірхан ағамды іздеп келген адамдардың қарасын көрсеңіздер ғой. Шыбын жандары шырылдаған жандарға еш қарсылық білдірместен, ауылдан кетіп қалғандығын сылтау етпестен тамақтан ауыз да тимей кетті. Біреуіне шұғыл түрде ота жасаған, екіншісін бақылауға алған. Күн бата тауға қайтадан келді. Балалық шағынан қызықты әңгімелер айтты. Әңгіменің майын ішкізетін. Талантты адамдарға Жаратушы ием барлық жағынан үйіп-төгіп беретіні бар ғой. Өмірхан ағама да осылайша берген.
Бүкіл өмірін адам жанын аман алып қалуға арнаған, көпшіліктің батасына көміліп қалған адам да бақилыққа ерте кетіп қалады екен-ау деген бір өкініш өзегіңді өртейтіні бар. Аудан тұрғындарының бәрі Өмірхан ағаның туысы болып кеткендер. Сол ағам болмаса мен қазіргідей әңгіме айтып отырар ма едім. Соңғы кезде дәрігерлер жайлы әңгіме қозғалса Өмірхан ағам есіме жиі түсетін болып алды. Жаны жайсаң, жүрегі жұмсақ, қолы шипалы осындай дәрігерлердің қарасы көп болса екен. Артына айта жүрер әңгімесі, атқарған жауапты ісі, сауыққан адамдарының ыстық ықыласы қалған қандай жақсы…
Баян МАМЫРБАЕВА