Басты бет Мәдениет және руханият САРЫАРҚА САҢЛАҒЫ НЕМЕСЕ ДАЛА ДАУЫЛПАЗЫ

САРЫАРҚА САҢЛАҒЫ НЕМЕСЕ ДАЛА ДАУЫЛПАЗЫ

0
1,676

Сәкен Сейфуллин туралы мектеп қабырғасында жүргенде қысқаша өмірбаяны мен бір-екі өлеңін жаттағанымыз болмаса, оның шығармашылық жолы, еңбектері жайында мүлдем хабарсыз өскен буынның бірімін. Оның сұлулығы алдыңғы орынға шығып алатын да Сәкеннің сұлулығын тілейтінбіз бір-бірімізге. Ал шын мәнінде оның қайраткерлігі, ақындығы, жазушылығы, композиторлығы жайлы тіс жара алмайтынбыз. Алаштың нағыз азаматы, ұлтының қайраткер ұлы Сәкен Сейфуллиннің қазағы үшін атқарып кеткен еңбегі ұшан-теңіз. Ол әлі толық зерттеліп, ақталып болды дей алмаймыз. Иісі қазаққа әнімен де, сәнімен де әйгілі болған алаштың аяулы ақыны, ардақты азаматы Сәкен Сейфуллин соқтықпалы, соқпақты тар жол, тайғақ кешулі ғұмыр кешіп Алаштың аспанынан ағып түскен жарық жұлдыз іспетті.

Сәкен десе көз алдыңа ұлтымыздың сыры мен жыры, әні мен сәні, жаны мен ары келеді. Ол – әсемдіктің, тазалықтың символындай еді. Біз білетін, біздің буынның санасына адамзаттың аққуы секілді орныққан Сәкен аға өмірімен де, өлеңімен де ол осындай абыройға лайық тұлға. Сол заманның желқайығына қанша рет мінсе де, мың өліп, мың тірілген сын сағатта халқының сөз бастаған шешені, топ бастаған көсемі бола білген – Сәкен Сейфуллин.

Қоғам өзгерді, заман өзгерді, адам өзгерді. Заман өзгерсе де Сәкен секілді үлкен ақын, дарынды әнші-композитор, талантты қоғам және мемлекет қайраткері, биік парасат иесі, арлы азамат өз биігінде қалды. Сәкен – халқының бақыты үшін басын бәйгеге тіккен боздақ. Ол бүгін де, ертең де солай болады. Сәкен – ең алдымен халқының ұлы.

«Бар жазам күшті­лермен

алыс­қаным,

Жыртқаным сорлы жұрттың

намыстарын.

Теңдікке нашар жұртты жеткізуге

Көп жауыз ұлықтармен

қарысқаным» – дейді Сәкен бір өлеңінде. Осы жолдарда оның сезім дірілі, жан сыры, жүрек лүпілі бар.

Небәрі 43 жыл ғана өмір сүріп, оның өзін талас-тартыста, халқының бақыты үшін толассыз күресте өткізген Сәкен аға, көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналып, халқының жүрегіне берік ұялаған. Сол сегіз қырлы, бір сырлы сұлу Сәкен, дауылпаз Сәкен, еліне сіңірген еңбегімен де, қайталанбас дара тұлғасымен де, тіршіліктегі үлгі-өнегесімен де, артына қалдырған мол мұрасымен де, екпіндей жарқырап жиырма бірінші ғасырға енді. Бұл Сәкен даңқы ғасырдан ғасырға жетті деген сөз.

Бейімбет Майлиннің пікіріне ден қояйық:

«…Көркем сөз шебері, сенің ең­бе­гің­­­мен жақын танысқаным 17-жыл­­дың басы еді. Әлі есімде, түнгі ауыл­дың тұншыққан сарынын суретте­ген бір шығармаң сол жылы «Абай» журна­лы­ның ең ақтық бетіне басылып еді. «Абай» журналының сол санында басқа қандай шығарманың басылғаны ешкім­нің есінде жоқ шығар, бірақ сенікі ұмытылмастық. Сенің шығармаң миллиондаған қазақ еңбекшілеріне арналған еді, ең­бек­­шілер жұртшылығы сен сияқты проле­тариат жазушысын – өз жазушысын тани алды. Сенің шығармаң миллионның қазынасы болды. Саған еліктеп мыңдаған жастар шықты».

Сәкен Сейфуллин барлық жанрда қалам тербеді. Ол – қазақ әдебиетіндегі «Тар жол, тайғақ кешу» секілді дүбірге толы дүниенің дүрмекті оқиғаларынан құ­рал­­ған кең құлашты романның, «Көкшетау» секілді көркем де шоқтық­ты поэманың авторы болуының өзі Сәкен есімін ғасыр­лардан ғасырларға арқалап апар­ар еді. Сәкен есімі ұғымға ғана емес, қазақ дейтін қастерлі жұрт­тың жиын­тық бейнесіне айналып кеткендей. Сәкеннің достарының бірі, орыстың белгілі қаламгері Галина Серебрякова: «… Қазақстанда барлығы да шетсіз-шек­сіз, ұлан-ғайыр, құнарлы жері де, мыңғырған малы да, таусылмас қазынасы мен арқырап аққан өзендері де, ең бастысы – табиғат дарынды аямай берген адамдары да – ғажайып. Мен Сәкен Сейфуллинді осы Қазақ­станның кішкене бір бөлігі деп ұқ­тым. Және өз халқы мен еліне жан-тәнімен берілген үлкен азамат екенін білдім»  деп тебіренеді.

Қазақстанның кішкене бір бөлігі… Қандай тамаша теңеу еді? Сәкенмен таныс-білістігінің өзіне кейін сор болып жабысарын Галина сұлу білді ме екен? Қайран, заман-ай, десейші.

Сәкеннің қай­рат­кер тұл­ға ре­тінде қалыптаса бастауы 1917 жылғы Қа­зан төңкерісімен тұспа-тұс келеді. Ке­ңес өкіметін орнату кезең­інде ақ гвардияшылардың қолына түсіп, атаман Аннековтың азап вагонын­да, Колчак түрмесінде азап пен қор­лық көрген тұстары қайраты мұқал­май, жігері жасымай қайраудағы ұстара­ның жү­зіндей алмағайып заман­ның зобалаңдарымен егеске түскендей әсерде қаласың.

Сәкен секілді тағдырлы таланттың кез келген шығармасы өз алдына зерделеп, зерттеуді қажет етеді. Жара­­ты­лы­сы­нан қайраткер тұлғалар қашан­да өз бағытын өзі айқындап, болмысқа барлау, болашаққа бағдар жасаған. Оның жаңашылдығын, өзгеше ізденіс­те­рін түсінгісі келмеген, болмаса қаса­­қана бұрмалаған пиғылдар ол кезде де аз болмаған. Сәкеннің 100 жылдық мерейтойы кезінде жазылған «Сәкеннің тарихтағы орны хақында» мақаласында көрнекті сәкентанушы, профессор Тұрсынбек Кәкішев: «… Сонымен кеңес құлады, партия тарады, коммунистік идеология мансұқталып жатыр. Тарихтағы жаңа бет − кеңес заманы дегеннің серкесі де, еркесі де, жыршысы да, жаршысы да болған Сәкенді қайтеміз? Оның тарихтағы орны қайсы? Қандай ісін қадірлеп, қандай ісін мансұқтаймыз?»

Осыдан отыз жыл бұрын Тұр­сын­бек Кәкішұлының аузымен айтылған осы сауал әлі де күн тәрті­бі­нен түс­кен жоқ.

Сәкен секілді тағдырлы тұлғаға жаңа уақыт, жаңа ұрпақтың көзімен қарау керек. Оның есімін ұлықтау, еңбек­терін басқаша саралау – тек мерей­тойлар кезінде өткізілетін шара болмауға тиіс. Сәкенге қандай да бір баға берерде сол уақыттағы қазақ қо­ға­мын­ың саяси өмірін ескеріп, тарих таразысына салмаса болмайды. Бұл енді бүгінгі ұрпақтың атқарар үлкен шаруасы болмақ.

1894 жылы 15 қазанда Жезқазған облысы, Ақадыр ауданы, Қарашілік қыстағында дүниеге келген. Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде (1905–1908), қалалық үш класты училищеде (1913–1916) оқыды. 1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағын шығарады. Омбыда қазақ жастарының «Бірлік» қауымы басшыларының бірі болды. 1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен сабақ берді. 1917 жылы 9 наурызда «Асығып тез аттандық» атты өлеңін жазды. Кешікпей Ақмола қаласына ауысып, «Жас қазақ» ұйымын ашты. «Тіршілік» газетін шығарысты, 3 айлық педкурста оқытушы болды. 1918 жылғы сәуірде «Жас қазақ марсельезасын» жазып, 1 мамырда «Бақыт жолында» атты пьесасының премьерасын көрсетті.

1918 жылғы 4 маусымда ақтардың көтерілісі болып, Ақмола совдепшілері тұтқындалды. Атаманның «азап вагонында» 47 күн ажалмен арпалысып, 1919 жылғы 3 сәуірде Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шығады. 1920 жылы 7 мамырда Ақмолаға қайтып оралып, атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болады. 1920 жылғы 4 қазанда Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің 1-Құрылтай съезіне делегат болып қатысып, Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болып сайланады. Жер-су комиссиясының жұмысына және баспасөз ісіне басшылық етті. 1922 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, Халық Ағарту Комиссарының орынбасары болды.

Қазақ АССР Кеңесінің 3 съезінде Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы болып сайланды (1922–1925). 1925 жылы 7 сәуірде Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым орталығының төрағасы, 12 маусымда Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының (ҚазАПП) басшысы болып тағайындалды. 1926 жылы БК(б)П Өлкелік комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, 1927 жылы Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры болып жұмыс істеді. 1927 жылы шыққан «Жыл құсы» альманахына басшылық етті, «Жаңа әдебиет» журналын ашуға (1928) атсалысты. 1922 жылдан бастап «Қызыл Қазақстан» журналында жариялана бастаған «Тар жол, тайғақ кешу» атты мемуарлық шығармасын жеке кітап етіп (1927) шығарды. 1929 жылы қазақтың зиялы азаматтарына арнап ауыз әдебиеті үлгісін жинау жөнінде жазған «Ашық хатын» жариялады. Қазақтың мемлекеттік педагогика институтының доценті болды. Осының бәрін отыздың ар жақ, бер жағында жүріп атқарғанын айтар болсақ, оның білімі мен зиялылығына, қайраткерлігі мен жігерінің үстемдігіне куә бола аламыз.

1932 жылы «Әдебиет майданы» журналының редакторы, 1934 жылы Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры қызметін атқарды. 1936 жылы Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен бірінші онкүндігіне қатысты. Қазақстанда ескі әдебиет нұсқаларын жинау, зерттеу, бастыру ісімен шұғылданды. Қазақ фольклорының тарихына арналған «Қазақ әдебиеті» (1932) кітабын жазды. Қазақ әдебиетінің оқулықтарын жасауға қатысты. Басты шығармалары орыс тіліне аударылып, Кеңестер Одағы халықтарының бірқатар тілдерінде басылды. Қазақ жазушыларының ішінен тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, шығармашылық еңбегіне 20 жыл толуы мерекеленді. Бұл да бір бақыт болар.

Қазақтың атақты ақыны, жазушысы, драматургі, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сәкен Сейфуллин. Ол өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер ақын ретінде танылды.

1937 жылы Сәкен Сейфуллин халық жауы ретінде тұтқындалып, Алматыға түрмеге жіберілді.1938 жылдың ақпанның 25 күні Сейфуллин сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болды.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстан Жазушылар Одағына — 90 жыл