Кез келген ауылдың ажарын ашатын көшелері мен көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары екендігін білеміз. Бір кезеңдерде әр ауылды үлгілі етеміз деген науқан қолға алынып, әкімдіктермен бірге ауыл тұрғындары да шарбақтарын бояп, есіктерінің алдына көшеттер отырғызып, аулаларын гүлге орандыратын жақсы үрдіс қалыптасқан еді. Дәл қазір оны қайта жаңғырту керек сияқты. Мемлекетке алақан жаймай-ақ біраз шаруаның басын қайыруға болатындығын уақыт дәлелдеп берген сол мезетте.
Аудан орталығындағы Ашим Арзиев көшесі қайта жасалып, асфальттанып жатыр. Әртүрлі алыпқашпа сөздер желдей есіп, біздегі тәртіп бойынша асфальт бірінші қар түскенде жасалады деген пікірлердің күлі көкке ұшты. Өткен апта, осы апта қатты ыстығымен қуырып алды. Шілденің шіліңгір аптап ыстығы дегеннің қандай болатындығын жанымызбен түсіндік. Қайнап тұрған асфальтты төсеуге атсалысып жүрген жігіттердің шапшаңдықтары мен ептіліктері, ми қайнатар ыстықты елемей, өздеріне берілген тапсырмаларын тап-тұйнақтай етіп орындау барысын көзімізбен көріп, орталық көшеміздің айнадай жарқыраған түріне риза болыстық. Енді сапасын уақыт көрсетер. Көшенің таза, теп-тегіс болғаны көңілге қуаныш ұялатты. Дәл бір қалалық жерде тұратындай әсерде болдық.
Бұл жұмыстардың «ЖетісуЖолҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қанат Маметқановтың жетекшілігімен жүзеге асып жатқандығын айтқан аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мекемесінің басшысы Дамир Исмаилов жобаның басы өткен жылы басталғандығын түсіндірді. Аудан орталығы Шонжы ауылындағы 7,7 шақырым көше жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге «ЖетысуЖолҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалғандығын айтты. 2023 жылы ұзындығы 2,4 шақырым «Бесарыс», «Хантау» және «Ақжар» көшелеріне асфальт төселіп, олар қазір аудан тұрғындарына қызмет көрсетіп жатқандығын да сөз арасында айтып өтті. Биылғы жылға ұзындығы 5,3 шақырым А.Арзиев көшесін асфальттау жұмыстары қолға алынып, басы электр жүйесі мекемесі орналасқан жерден басталып, бүгінгі күнде орталық көшеге жеткендігінен хабардар етті сұхбаттасым. Тапсырыс беруші аудандық «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімі екендігін де түсіндірді бөлім басшысы .
Мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлініп, шет жатқан ауылдардың да көшелері тегістеліп, асфальттануы еліміздің өркендеуі мен көркеюінің белгісі делік. Ауданымызды орталықтан шалғай деп есептейтіндер келіп көрсін деп мақтана аламыз. Орталық көшеміздің ажары ашылып, ауылымыз сәндене түскендей болғаны анық.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ