Халық қалаулыларының халықпен бірге екендіктерінің тағы бір дәлелі – жуырда ғана ауданымызға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Рожин Максим Николаевичтің келуі. Ауданға ат басын бұрған Максим Рожин бірқатар нысандарды аралап, өзекті мәселелермен танысып, мониторинг жүргізді.
Мәжіліс депутаты ең әуелі аудан орталығындағы дене шынықтыру –сауықтыру кешеніне бас сұқты. Ауылдың көркін қашырып, бірнеше жылдан бері қалқайып тұрған алып ғимарат құрылысы 2019 жылы басталған болатын. «Лидер-НК» ЖШС-мен 1 млрд 073 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Бірақ сапасыз құрылыс сызат беріп, 2020 жылы 21 қыркүйекте 3 блок құлап қалды. Міне, содан бері 4 жылға жуық уақыт өтті. Бірақ мемлекеттің қыруар қаражаты жұмсалған құрылыс нысаны әлі күнге аяқталмай тұр. Ауданаралық экономикалық соттың шешіміне сәйкес мердігер «Лидер-НК» ЖШС-на құрылысты аяқтау және тиісті мөлшерде айыппұл төлеу міндеттелген болатын. Тіпті сот шешіміне селқостық танытқан мердігер осы уақытқа дейін құрылысты бітірмеді. Осының жай-жапсарын білген Мәжіліс депутаты Максим Рожин бұл мәселені тиісті орындарда көтеріп, қадағалауда ұстайтын айтты.
Мұнан соң аудан орталығы Шонжы ауылындағы №3 Илья Молутов (Бахтия) орта мектебінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. 2023 жылдың 8 желтоқсанында аудандық білім бөлімі мен «Дәулет-Серпін 603» ЖШС арасында 1 млрд. 296 млн теңгеге келісімшарт жасалып, жұмыстар бүгінгі таңда қарқынды жүргізілуде. Максим Рожин жөндеу жұмыстарымен толықтай танысты. Жұмыстың сапасына оң пікірін білдірді. Барлық мердігерлердің осындай сапалы жұмыс істеп, жауапкершілікпен мемлекет қаражатын игерсе алғыстан басқа айтарлары жоқ екенін айтты. Сонымен қатар білім ордасының алдағы оқу жылына дайын болуын тапсырды.
Халық қалаулысы Шонжыда бой көтерген №2 60 пәтерлі тұрғын үйге бас сұқты. 2022 жылдан бері қолға алынған бұл құрылыс нысаны да аяқталу үстінде. Бұл нысанның да кем-кетігін көріп, өз бағасын берген мәжіліс депутаты нысанның ертеңгі күні сиырқұйымшақтанып, онсыз да баспана зарын тартып отырған тұрғындар үшін созылмауын ескертті. Тұрғын үйдің газға қосылуы, абаттандыру жұмыстары, ішкі-сыртқы жұмыстары турасында толық ақпарат алды. Бұл 60 пәтермен Шонжы ауылындағы баспана кезегінде тұрған азаматтардың мәселесі шешілмейтінін айтты ауданның атқамінерлері. Сондықтан осындай әлі де бірнеше тұрғын үй бой көтеруі қажет. Мәселенің жай-жапсарын түсінген халық қалаулысы бұл мәселе де назардан тыс қалмайтындығына сендірді.
Максим Рожин мониторинг жұмыстарынан соң «Amanat» партиясы аудандық филиалы ғимаратында аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бірқатар азаматтар елордадан келген мәжіліс депутатына шешімін таппай жүрген түйінді мәселелерін арқалай кірді. Ал халық қалаулысы Астанаға сол аманаттарды арқалап қайтты. Тек жемісін көрсе, халықтың ризашылығынан басқа айтары болмас. Лайым солай болғай…
ӨЗ ТІЛШІМІЗ