Шонжы ауылында «TOMATIS» сөйлеу тілін дамыту орталығы ашылды. Бүгінде балалар арасында есту қабілеті бұзылған бала саны артуда. Сәбилердің өмір есігін ашпай жатып қоғамнан екрекшеленуі өзекті өртейтін дүние. Оларды ортаға бейімдеу, осы қоғамның толыққанды бір мүшесі ретінде сезінулеріне жағдай жасау мақсатында қазір елімізде түрлі орталықтар ашылуда. Солардың бірі – Шонжыдағы «TOMATIS» сөйлеу тілін дамыту орталығы.
Есту қабілеті нашар балалардың сөйлеуі өздігінен дамымайды, олар оны өз қабілеттерімен меңгере алмайды. Ол балалардың дамуында да көптеген ауытқулар болады. Балалардың есту қабілетінің төмендеуі, әсіресе естудің толық туа біткен жоғалуы баланың психосоматикалық дамуында өте жағымсыз көрінеді. Сондықтан есту қабілетінің бұзылуы баланың басқалармен қарым-қатынас жасау мүмкіндігін шектеп, оның сенсорлық қабылдау ауқымын кедейлендіріп қана қоймай, сонымен қатар ақыл-ойдың дамымауы мен әлеуметтік сәтсіздікке соқтыруы мүмкін.
Міне, осындай әр баланың ерекшелігін ескере отырып, жекелей жұмыс істеп, «TOMATIS» аппараты арқылы баланың дамуын арттыруды әлем елдері әлдеқашан қолға алған. Баланың есту қабілеті бұзылған жағдайда ми дыбыстарға назар аудармайды. Ал «TOMATIS» аппараты дыбыстық ауытқуларды ауа мен бас сүйектері арқылы береді, бұл олардың әсерінің ықпалын күшейтеді екен. Яғни бұл әдіс арқылы дұрыс тыңдауды қалпына келтіру мүмкіндігін арттырып, ми арқылы бұрын болжай алмайтын дүниелерді қабылдауына ықпал етеді.
ХХ ғасырдың 50-жылдарының басында француз отоларинголог дәрігері Альфред Томатис әзірлеген бас миын ынталандыру, құлаққа жететін ақпаратты қабылдау және қайта өңдеу қабілетін жақсарту әдісі осы уақытқа дейін 80-ге жуық елде қолданылып, өзінің тиімділігін дәлелдеген. Ал ауданымызда бұл тың бастама болып отыр. Тіпті облысымызда да бұл әдіс бойынша орталықтар әлі күнге ашыла қоймапты.
Панархан Атагелдиева өзі ұстаз болғандықтан осы уақытқа дейін осындай ерекше балалармен талай жұмыс істеген. Олардың дамуына ықпал етуде ұстаздар қауымы жоқтан бар құрап жүргенін де көрген. Логопедтер мен дефектологтардың жұмысының қаншама күш салса да нәтижесіз болып жатқанын да біледі. Осындай сәттерде осы балаларға қалай көмектессем деген ой біраздан бері жанына батып жүр еді. Ақыры тәуекелге бел байлап, осы аппаратты ауданға әкелмек болады. Әуелі өзі Франциядағы осы аппараттың негізін қалаған орталықпен байланыс жасап, онлайн курс оқиды. Одан кейін құрылғыны Қазақстанға алғаш алып келіп, талай балапанның дамуына үлесін қосқан Сипанова Күміс Тілеуқызымен хабарласып, кеңес алады. Томатис терапиясы сөйлеу қабілетін дамыту орталығының директоры Күміс Тілеуқызы өз тәжірибесімен бөлісіп, Панархан Тұрлыбекқызына мақсатына жетуге қолұшын созады.
Алдыға қойған істі ілгері дамытсам деген оймен Панархан Тұрлыбекқызы талай есікті қағады. Төмен пайызда несие алуға да, қайтарымсыз грант алу үшін де жүгіреді. Өкінішке орай, ауданда алғаш рет ашылғалы отырған әрі балапандарымыз үшін аса қажетті орталықты қолдауға ешбір мекемеде құлық болмайды. Жеке кәсіпкер ретінде бір жыл көлемінде жұмыс істемегендігі себеп болыпты оған. «Шешінген судан тайынбас» дейді. Өз дегеніне жету мақсатында 12 млн теңге көлемінде несиеге батып, аудан орталығы Шонжыдан аядай бір ғимаратты жалға алып, жуырда «TOMATIS» сөйлеу тілін дамыту орталығының жұмысын бастайды. Бүгінде орталықта үш маман жұмыс атқаруда. «Томатис» маманы ретінде Панархан Тұрлыбекқызы өзі жұмыс істесе, Гульсанам Ибдиминова логопед, Расул Радиков бейімдеме дене шынықтыру маманы, Айнұр Мукасиновалар нутрициолог болып еңбек етуде. Әрине, баланың көңілін табу, оның жан дүниесіне үңіліп, баламен балаша үн қатысу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бір баламен өтетін 1,5 сағат ішінде мамандар барын салып, тер төгуде. Әрбір балаға жекедара көзқараспен қарап, олардың дамуы үшін бар білімдерін сарп етуде. Біз кірген сәтте Расулдың кішкентай баламен балаша ойнап, оның көңілін жан-жағындағы жаттығу құрылғыларына аудартып, барын салуда. Ал Гульсанам болса сабақты ойын түрінде өткізіп, бүлдіршіннің дыбыстар шығарып, сөздерді айтуына, ойыншықтарға зер салуына жанын бере кіріскен. Балаға бала көзбен қарап, оның кішкентай сәби жүрегіне жара салмай еңбек ету әрі одан аз да болса нәтиже шығарып, сенім артқан ата-аналардан тек алғыс арқалау бұл орталық мамандарының басты мақсаты. Өз немересін тау бөктеріндегі Үлкен Ақсу ауылынан жетектеп келген Аида Супиева қуанышын жасырмады. Осы уақытқа дейін немересін Алматы қаласындағы орталықтарға апарған екен. Алматыға дейінгі жолдың шығынымен қоса алыстығынан баланың шаршап, дегбірі қашатыны тағы бар. Ондағы орталықтар күндігіне 25 мыңнан астам қаржы сұрайды. Ауылдық жер екендігін ескере отырып, мұндағы баға да әлдеқайда төмен қойылған. Баланың әр күні үшін ата-ана 9000 теңге төлейді. Әзірге күніне алты бала қабылдап отырған орталыққа сұраныс көрші Кеген, Райымбек аудандарынан да түсіп жатыр екен. Тіпті Алматы қаласынан келуге ниетті жандар да бар көрінеді. Бірақ сол балалармен айналысуға маман тапшылығы қатты кедергі келтіруде. Орталық директоры Панархан ханым тәжірибесі жоқ, бірақ баламен жұмыс істеуге ынталы әрбір жанды қуана қабылдап, өздері арнайы курстардан өткізіп, тәжірибе алмасып, маман етіп тәрбиелеуге дайын екендіктерін де жеткізді. Тек мамандардан балаға деген махаббат, олармен жұмыс істеуге деген талпынысы болса жеткізілікті дегенді айтты.
TOMATIS терапия сондай-ақ әртүрлі, оның ішінде есту, көру, БЦС және аутизм бойынша ауыр бұзылулары бар балаларды түзету арқылы дамуына да ықпал етеді. Ерекше бүлдіршіндеріміздің ерекше тәрбиесіне, ерекше дамуына ықпал ететін орталықтың ашылуы аудан тұрғындары, оның ішінде есту, сөйлеуден кенже қалған балалары бар ата-аналар үшін зор мүмкіндік болып отыр. Баланың өзіне деген сенімділігн арттырып, сөйлеп кетуіне көмектесетін орталықтың жұмысына алдағы уақытта тек қолдау қажет. Бұл біздің болашағымыз – балаларымыз үшін жасалған қамқорлық. Ендеше болашағымыздың жарқын болуы қолымызда екенін естен шығармайық.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ