Биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жайықтың жағасында, әйгілі киелі шаһар Сарайшықтың дәл қасында өткен Ұлттық құрылтайда «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты бағдарламалық баяндамасын халыққа жолдаған болатын. Ел Президенті бұл құрылтайда ел ішін толғандырып жүрген, көптің көңілін күпті еткен көптеген өзекті мәселелердің шешілу жолдарын ұсынған. Ел бірлігі, ұлт татулығы, тарихымызды түгендеу, ұлттық болмысымызды байыту, тілімізді нақ тұғырына қондырып, саналы ұрпақ өсірудің, өрлеуге қанат қағып, оқитын ұлтқа айналуымыздың түпқазығы қайда жатқандығын жеткізген. Ондағы айтылған әрбір ой өзекті. Мемлекетіміздің дами түсуіне, өрлеуіне үлес қосатын қадымдар.
Осыдан кейін Үкімет әр сала бойынша жұмыстарды қолға алды. Қоғам дертіне айналған лудоманияға, яғни интернет құмар ойындарына шектеу қоятын заң қабылданды. Енді кез келген тұрғын интернет арқылы бәс тігіп, құмар ойынның құрбаны бола алмайды. Осындай толғақты проблемалар бағдарламалық баяндамадан соң шешімін таба бастады. Алдымызда әлі де талай жұмыстардың тұрғаны анық.
Мемлекет басшысының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты идеясын халық арасында насихаттау, елдің бірлігін нығайту мақсатында ауданымызға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Отарбаев Мәлік Нұржанұлы арнайы іссапармен келді. Ең әуелі аудандық кітапханада аудан ақсақалдарымен кездесті.
Осыған дейін Қазақстанның 12 облыс, қаласын аралап, ауылдағы ағайынмен жүзбе-жүз кездесіп, мемлекеттік деңгейде іске асырылып жатқан игі істермен таныстырып, халықтың ой-пікірін тыңдап, көкейдегі сауалдарын естіп келе жатқанын айтқан Мәлік Нұржанұлы ел Президентінің «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты баяндамасының маңызын егжей-тегжейлі түсіндірді. Мемлекеттің дамуы ел бірлігінің арқасы екендігінен сөз бастаған Президент кеңесшісі қазір демократия, сөз бостандығы дегенді пайдаланып, белгілі бір топтың ғана мүддесін көтеріп, сөз бастайтын, ылаң салатын жандардың әлеуметтік желіде көбейіп, мемлекеттің тұтастығына өз деңгейінде кесірін тигізіп жатқандығын айтты. Қазақстанның басты байлығы – татулық, тұрақтылық. Биылғы елімізге келген үлкен сынақ – еліміздің бірқатар өңірлерін су басуы барысында еліміздің өзге аймақтары ауызбіршілгін танытты. Ол кезде ұлты мен дініне, тілі мен діліне қарамастан нағыз ынтымақтың қандай болатынын дәлелдеді. Міне, осылай ынтымағымыз жарасып, бірлігіміз бекем болғанда ғана әлем елдері алдындағы еңсеміз биік болатынын атап өткен Мәлік Нұржанұлы елімізде мемлекеттік деңгейде ғылымды дамыту, ақпараттық технологияны өркендету, қоғамдық мәдениетімізді сақтау, озық ойлы ұлтқа айналу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар легіне тоқталды. Президентіміздің «Таза Қазақстан» акциясын қолға алудағы түпкі мақсаты елдің санасын оятып, әр азаматтың өз туған жеріне деген сүйіспеншілігн арттыру екенін, түптеп келгенде қоғамдық мәдениетті көтеру екенін де жеткізді.
«Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет. Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы Ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған. Осы ортағасырлық державаның геосаяси мұрасы бірқатар Еуразия мемлекетінің, соның ішінде Қазақ хандығының құрылуына негіз болды», — деген Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзін тілге тиек еткен Мәлік Нұржанұлы Президент айтқан тарихты түгендеп, ұрпаққа таныту үшін қыруар істің басы қайырылып жатқанын айтты.
Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет. Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы Ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған. Осы ортағасырлық державаның геосаяси мұрасы бірқатар Еуразия мемлекетінің, соның ішінде Қазақ хандығының құрылуына негіз болды», — деген Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзін тілге тиек еткен Мәлік Нұржанұлы Президент айтқан тарихты түгендеп, ұрпаққа таныту үшін қыруар істің басы қайырылып жатқанын айтты.
Мемлекет басшысы Атыраудағы құрылтайда «Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек. Жақында Алтын Орданың тарихы және әйгілі тұлғалары туралы көп сериялы деректі фильм түсіру үшін тиісті жұмыстар басталды. Оған шетелдің танымал мамандары тартылып жатыр. Фильм белгілі халықаралық платформалар арқылы көрсетілуі керек. Жалпы, елімізді әлемге таныту үшін Алтын Орда брендін жан-жақты және кеңінен пайдалану қажет. Оны толық зерттеу үшін табанды жұмыс істеу керек. Бұл бағытта біраз шаруа атқарылды. Менің бастамаммен Жошы Ұлысын зерттейтін ғылыми институт құрылды.
Қазір Қазақстанның жеті томдық жаңа академиялық тарихын жазу үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Оған 250-ден астам ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман жұмылдырылды. Академиялық басылымның осындай үлгісін әзірлеу тәжірибесінде алғаш рет Жошы ұлысына жеке том арналмақ», — деген болатын. Осы турасында да келелі ой қозғады Мәлік Отарбаев.
Сөзінің соңында жастардың жайын қаузады. Елімізде еңбек етемін деген жанға жұмыстың жеткілікті екендігін, әсіресе Солтүстік өңірлерге жастарды тарту мәселесі дендеп қолға алынғанын, онда тұрғын үймен, жұмыспен қамтылу жайы толық қамтылғанын да айтып өтті.
Жиын соңында Алматы облысының құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов сөз алып, мемлекет басшысының әрбір бастамасын аудан халқы қолдайтынын әрі сол бағытта жұмыс істеп келе жатқандарын, қазір ел ішіндегі жастар мен аға буынның сабақтастығы, ынтымағы, ұлттар мен этностар арасындағы татулығы тұрақты екендігін айта келе, ауылдың жағдайын жақсарту мақсатында арнайы бағдарлама қарастырылса деген пікірін жеткізді. «Қазір ауылдарда жастар саны азайған. Ауылдың жолын жасап, мектебін жөндеп, суын тартып, клубын салып жатырмыз. Бірақ онымен ауыл өспейді, өркендемейді. Елдің кіндігі – ауыл. Қазір шаруа қожалықтары егінмен айналысайын десе суы жоқ, суы бары өнімін өткізе алмай әлек. Бұрынғы мыңдаған гектар жүгері плантациялары қазір қу мекиен далаға айналған. Міне, осы мәселе біздің қабырғамызға батып барады. Болашақта ауылдың жағдайына дендеп назар аударсаңыздар» — деген ұсынысы мен ауыл тұрғындарын назын жеткізді. Ал Тиляпжан Рахмаев ағамыз аудандағы кейбір келеңсіздіктер турасында жанайқайын айтты. Мемлекеттен бөлінген қаржының ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, қарапайым халықтың қан қақсап, зиянын көріп қалып жатқанын айтты.
Мәлік Нұржанұлы ақсақалдардың ой-пікірлерін тыңдап, мұндай келеңсіздіктерді болдырмау, болған заңсыздықтарды жою үшін барлық күш-жігерлерін салатынына сендірді.
Дәл осындай жиын аудан имамдары мен жастар арасында да өтті. Бүгінгі қоғамда дін атын жамылып, түрлі құйтырқы әрекеттерге баратын жандардың көбеюі – қасірет. Осы бағытта жұмыла жұдырық болып жұмыс істеуге аудан имамдарын шақырды Президент кеңесшісі. Ал жастармен кездесуде ел ертеңі жастардың қолында екендігін, Отаншылдық, патриотизм әр жастың қанында буырқанып тұруы қежеттігін айтып, үлкен сенім артты.
Үш кездесу де келісті өтті. Кеңесшінің салиқалы әңгімесінен түйгеніміз де, көңілге қондырғанымыз да мол болды. Бастысы бірлігімз бекем болса, байлық та, береке де сол екенін тағы бір санамызға түйіп қайттық.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ