Басты бет Мәдениет және руханият ҚАРҚАРА ҚАЛЫҢ ЕЛГЕ ҚҰШАҒЫН ЖАЙДЫ

ҚАРҚАРА ҚАЛЫҢ ЕЛГЕ ҚҰШАҒЫН ЖАЙДЫ

0
450

Әйгілі Үйсінтаудың етегіндегі көк майсалы хан жайлау Қарқара шілденің басындағы Елорда күнімен тұспа-тұс “Қымызмұрындық” тойына қараша жұртқа құшағын айқара ашты. Қымызмұрындық тойымен бірге жылдан-жылға игі дәстүрге айналып бара жатқан еңбекқорлығымен, отансүйгіштігімен, іскерлігімен және ұлтжандылығымен елдің есінде мәңгі қалған марқұм Жолан Омаровтың атына берілетін “Жолан жүйрігі” де өзінің жүлдесін кіл мықтыға сайлап отырды. Осылайша ағымдағы жылдың 6 шілдесінде еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті көршілес елдерден келген кісілер тау халқының қонақжайлығына куә болып қайтты. Атақты Қарқара жайлауының ауасы саф, шөбі шүйгін, көркі көз тойдыратын қызылды-жасылды гүлден кілем төсеп қойғандай ұшы-қиырсыз кең жазығына ақшаңқан ақ үйлер сап түзей тігіліп, боз үйлер бой көтеріп, қазақ даласындағы бабалардың дүбірлі тойын бүгінгі күнге қайтарып әкелгендей болды. «Қымызмұрындық» дейтін салттың өзі береке мен молшылық шақытарын тамаша салт екендігін тарихтан білеміз. Ата-бабамыз бағзыда бие байлап, оны сауып, сүті қорланып ашытылған соң, жиналған қымызға ауылдық абыз қарттары мен көршілерді және ағайындарды шақырып, ақ мол болсын деп көппен бөліскен. Алғашқы қымыз көпке бұйырсын, молшылық болсын деп дастарқан жайып, қонағын құшақ жая қарсы алған қазақтың игі дәстүрі. Дә осы салттың бүгін жаңғыртылып, ұрпақтың санасына сіңдірілуі ең дұрыс әрі берекелі бастамалардың бірі деп ойлаймын.

Дәл осы күні Кеген ауданы, Қарқара жайлауына қарай ағылған көліктердің есебінше шек болмады. Адамдардың қарасы одан көп. Жыл сайын жақсы бір үрдіске айналып бара жатқан қымызмұрындық салтының дәл осы тамаша табиғаттың қойнауы, Қарқараның төрінде жаңғыртылуы да нағыз оңтайлы шешімдердің бірі болды. Шараның басы салтанатты түрде ашылып, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ерғалиұлы бастаған, облыстық маслихат төрағасы Қуат Сұлтанұлы қоштаған бір топ басшылық делегат арнайы қойылған көрмелерді аралады. Ауылшаруашылық техникаларының көрмесінде паш етілген Кеген ауданының техникаларының қауқарын білдіріп тұрды. Мал шаруашылық көрмесіне қойылған төрт түлік мал да Кеген өңірінің мал өсіруга нағыз қолайлы жерұйық мекен екендігін аңғартты. Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеген қатарласа орналасқан қазақ үйлердегі тігін, тоқыма, қолөнер, ұлттық ас мәзірі, ұлттық аспап сынды ұлттық құндылықтар көрмесі облыс басшылығымен және жалпы көпшілікпен жоғары бағаға лайық деп танылды. Сондай-ақ «Қымызмұрындық» салтының мәні мен мағынасын ашып, өскелең ұрпақтың санасында жаңғырту үшін көрме алаңына көгенделген құлындар мен байланған биелерді сауу, саумал мен қазақтың қымыз-қымыраны қалай дайындалатындығы көрсетілді. Облыстық жастар ісі жөніндегі басқармасының жастары мен көршілес аудандардың жастар ресурстық орталықтары бірігіп талантты жас алаңын құрып, табиғат аясындағы талантты жастардың өнері мен ерекше қасиеттеріне тәнті болысып жатты.  Той алаңының ортасында еліміздің көк туы желбіреп, әнұранымыз шырқалып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар да қатарласа өткізіліп жатты. Боз кілемде түйе палуандар белдесіп, жауырыны жер иіскемеген мықты спортшылар қазақ күресін жан-жақты насихаттады. Онымен қоса қошқар көтеру, гір тасын көтеру сынды спорт түрлерінен де білекті жігіттер бақ сынасты. Артынша көркем табиғаттың төсіне құрылғар сахна төрінде өнер жұлдыздарының арнайы концерттік бағдарламасы көпшілікке ұсынылды. Облыс орталығынан келген өнер ұжымдарының әуезді әндері мен мыңбұралған билері көрерменнің көңілінен шықты. Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары, Сәкен Майғазиев, Мұқасан Шахзадаев, Рамазан Стамғазиев сынды танымал әншілер жиылған жұртқа ерекше көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Ауылы аралас, қойы қоралас көрші  аудан ат шаптырып той жасап жатқанда біздің аудан ат салыспай отыра алмады. Он алты қанат ақ ордамызды артып көш бастап көршілес Кегенге барып біз де өз үлесімізді қосып, ағылған мыңдаған қонақтың бір бөлігін болса да күтіп алуға бар күшімізді салдық. Белгіленген орынға қасиетті Қарадаланың жұртшылығы атынан еңселі ақ үй бой көтеріп, ас та төк ас беріліп, баладай кең пейілімізден даладай дарқан қазақтың көңілі көрініс беріп тұрды. «Той десе қас домалайды» дегендей, мыңдаған, жүздеген шақырмдарды артқа тастап жиылған көпшілік арнайы жайылған дастарқандардың төрінен табылып, астан ауыз тиген соң бәйге алаңына қарай ағылды. Дүбірлі тойдың аламан бәйгесі деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жиналған жұрттық қарасында есеп жоқ. Алдымен «Құнан бәйге» беріліп, жүллесіне су жаңа автокөлік сыйға берілді. Одан кейін қазақтың делебесін қоздырған «Аламанда» ат шаптырылып, қиқулаған қалың көрермен нағыз бәйге тамашалады. Ба бәйгені әйгілі Жетісу өңірінің «Жұмыртұяқ» атты сәйгүлігі шашасына шаң жұқтырмай мәреге бірінші келіп, жеңіп алды. Бас жүлдеге қойылған су жаңа автокөлікті қанжығасына басып қайтты. Іс-шара сәтті аяқталған соң Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев Қарқараның төріндегі тойға белсенді атсалысып, өз үлестерін қосқан барша ұйымдастыру алқасына алғысын білдірді. Сонымен қатар көшін бастап келіп, ақ ордаларын тігіп, той қонақтарын аяқтан тік тұрып күтіп алуға тер төккен көршілес аудандарға ерекше алғысын білдіріп, алғыс хатын табыстады.

Жалпы Кереге таулы Кегеннің ең бір сұлу да көркем жері Қарқара жайлауының төсінде болған дүбірлі тойға атсалысып, қонақ болған көпшіліктің алған әсері ерекше болды. Шет ел азаматтары қымыз ішіп, саумалдан дәм татып, көшпенді халықтың мәдениеті мен тұрмыс-салтының қандай болғандығын, қазақтың ұлттық құндылықтарының өміршең әрі тәрбие мен тәлімге тамыры байланып тұрғандығын тереңнен түсінді. Асанқайғының арманындағы жерұйық мекен Қарқараға бірінші рет табаны тиіп тұрған жандар тұмса табиғаттың қайталанбас сұлулығына деген таңданыстары қайтқандарынша басылған жоқ. Бір сөзбен айтқанда бір күн көріп, мың күн ұмытпай жүретін ерекше әсерге толы той болды. Тәуелсіздігіміздің тамыры мықты болып, ұлттық құндылықтарымыз дәріптелетін осындай той қуаныштарда халықтың көңіл көтеріп жүретін думанды күндері көп болғай!

Ақжол Нұрдәулетұлы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚЫЗ ЖІБЕК – САХНАНЫҢ МӘҢГІЛІК ҚОЙЫЛЫМЫ

Еліміздің музыкалық-сахна әлеміндегі тұңғыш қазақ операсы «Қыз Жібектің» дүниеге келгеніне…