Алматы қаласының жұрт ең көп жиналатын мәдени ошақтарының бірі, ҚР Ұлттық кітапханасының Р.Бердіғалиева атындағы залында «Qazaq Book Fair»кітап көрме-жәрмеңкесі аясында қазақ халқының танымал жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асқарұлымен шығармашылық кездесу өтті.
Өзінің «Алтайда қоңыр күз еді» атты тамаша әңгімесінде «өнертанушы бір замандас қайсыбір мақаласында менің бітіміме «жазушылар ішіндегі суретші, суретшілер ішіндегі жазушы» деп сипаттама беріпті. Мұнысы мақтағаны ма, мазақтағаны ма білмедім. Бірақ осы анықтамада бір шындықтың иісі аңқиды» деп жазатын қаламгермен кездесуге жиналған қалың жұртшылықтың арасында Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің бір топ әскери қызметшілері де болды. Жазушы өз шығармашылығына шекара мен шекарашыларды да қосқаны үшін.
«Шекара» дегенде, Әлібек Асқарұлы өзі туып өскен Алтайдың керім табиғатын тамаша суреттей білетін жазушы. Ал «шекарашылар» дегенде, қаламгер өзінің жұртты тамсандырған туындыларына шекарашыларды қосып қана қоймайды. Шыңдығатай тауының биігінде тұрған Раджан Батырханов атындағы шекара бөлімшесіне талай ат басын бұрып, қонақ болды. Шекараның берік қалқанына айналған сарбаздардың өмірімен танысып, қолтаңба жазылған кітаптарын сыйға тартқан… Осыдан кейін Раджандай батырымызды ардақтаған ағамызбен Алматының төрінде қалай кездеспей тұрамыз?!
…Кештің бас бұйдасын ұстаған Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкенов Әлібек ағамыздың шығармашылығына тоқтала келіп, «жаман жаза алмайтын жазушы» деп жоғары баға берді.
Иә, айтса айтқандай, жазушының арқасында, Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебесіндегі»Саймасай болыстың осы Көлсайдан қайтқан сапарында оққа ұшатынын, жазушының Көлсайға «Дүниенің дүрия жамылған жәннаты» деп тамсанатынын білдік. Құзға өрмелеп, Хантәңіріне, Эверестке шыққан альпинистердің жанкешті жұрт екеніне көз жеткіздік. Тағы бір қызығы, осы бір жанкешті халыққа «шыңды бағындырды» деген сөз жат екен… Бұл туралы жазушы өзінің «Аспантау немесе Альпинизм» атты толғауында былай деп қалам тербейді: «Осы терминге даңқты жерлесіміз Анатолий Букреев те бір интервьюінде наразылық білдіріпті: «Покорять… это то же, что и покорить другую страну, значить завоевывать. Это неправильно сложившийся термин в советской школе альпинизма. Покорить вершину? Не нужно стремиться ее покорить. Можно только сравняться с высотой горы на какое то время и спуститься вниз живым, если повезет!».
Міне, «жаман жаза алмайтын» жазушының алтын қаламынан шыққан әңгімелер қандай?! Тәнті етеді, ғашық етеді, сүйіндіріп, таңғалдырады…
…Ұлттық кітапханада өткен кездесуде сөйлеушілер аз болған жоқ. Зиялы қауым, жазушының қатарластары мен әріптестері, танымал ақын-жазушылар… Біз де Әлібек ағамыздың еңбегін бір кісідей білетінімізді, кітаптарын іздеп жүріп оқитынымызды айта келіп, шекарашылар атынан алғысымызды білдіргіміз келген… Сөз кезегі тие қоймаған.
Есесіне, кеш соңында жазушының қолтаңбасын алу үшін қолымызға ағаның кітабын қыса ұстаған күйі кезекке тұрған кезімізде бір қызық көрініс орын алған. Алдына келіп, кітабымызды ұсынған күйі: «Аға, біз шекарашылар едік!..» дегеніміз сол еді, бізге жалт қараған қаламгердің бәйге атындай елеңдей қалғанын байқадық…
Бұдан әрі, Алтайдың тамаша суреткері бізге қолтаңба берумен шектеліп қойған жоқ, бізбен бірге суретке түсуге ықыластана келісті. Сөйтіп, бүгінгі кездесу – департамент шекарашылары үшін айта жүрерлік күн болды.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі