Этносаралық қарым-қатынастар саласында қоғамдық келісім мен бірлікті сақтауға медиацияның алатын орны маңызды. Бүгінде ауданда медиация саласын дамытуға ҚХА жанынан құрылған ақсақалдар, аналар кеңестері мен қоғамдық медиаторлар үлестерін қосуда. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты ХХХІ сессиясында ел Президентінің: «Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ» деп қоғамдық құрылымдарды ел бірлігін нығайту жолында аянбай қызмет етуге шақырып, елімізде идеологиялық жұмыстарды Ассамблея арқылы жүзеге асыру туралы айтқанын еске алғым келеді.
Шыныменде ел арасында аузы дуалы ақсақалдарымыз бен асыл аналарымыздың мәртебесі жоғары. Олардың өнегелі өмір жолы мен еңбектегі мол тәжірибелері кез келген ортада орын алған келіспеушілікті, дау-дамайды, әртүрлі келеңсіздіктерді шешуге көмектеседі. Қазақ даласында ежелден араздасқан ағайын, туысты татуластыруға, ру мен ру арасындағы наразылықты болдырмауға елшілер үлесін қосқан. Содан болар ата бабаларымыздан «елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деген мәтелдің қалғаны. Ел ішіндегі дауларды шешу, қылмыстық істерді қарап, жазалау билердің қарауында болған. Әділ шешім қабылдаған билерді ел құрметтеп, «Тура биде туыс жоқ» деген жақсы үрдіс қалыптастырған.
Бүгінгі қоғамда араздасып жатқан тараптарды бір мәмілеге келтіруді медиаторлар шешіп жүр. Медиаторлар қазіргі таңда кәсіби және қоғамдық негізде жұмыс атқаруда. Олардың басты мақсаттары – істі сотқа жеткізбей, тараптарды келісімге келтіру. Оның оңтайлы жақтарын айтып кетуге болады. Біріншіден сотты болды деген аттан аулақ боласыз, екіншіден қырғи қабақ боп жүрген жандар татуласады. Ал татулық пен бірлік – біздің басты ұстанымымыз. Ал татулық қай жерде өріс алады. Ең алдымен отбасында, шаңырақта, ортада. Ал шаңырақтың ұйытқысы да үйлестіруші де – Ана. Егер аналарымыз білімді, мәдениетті, ұстамды болса – онда ұлтымыздың да білімді болғаны. Дастарқан басында ана ұрпағына ұлағатты сөзін айтып, ұятты тәрбиесін беріп отырса, ол баланың санасына жаман ойлар кірмейтін болады. Ұлтының қамын жейтін, ұлтының болашағын ойлайтын ұл-қыздың тәрбиесі тағы да анаға келіп тіреледі. Ал осындай салиқалы түсініктің қалыптасуына бірден-бір қозғаушы күш болатын, оның ұйытқысы мен берекесі – Аналар.
Әр отбасында медиатордың ролін аналар атқарады. Отбасындағы тыныштық, береке-бірлік, өзара татулық анаға байланысты. Ана бала мен әкенің, қыз бен ұлдың, үлкен мен кішілердің, жалпы балалардың арасындағы дұрыс қарым-қатынасты қалыптастыратын тұлға.
Аналар кеңесі бүгінде жас отбасылар арасында жиі етек алып бара жатқан ажырасу мәселесінің алдын алуға ықпал етуде. Осыған байланысты ауданда «Ана – медиатор» жобасы іске қосылды. Сонымен қатар мектеп медиациясы дамып, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық, ата-ана, оқушылар, мұғалімдер арасындағы түсініспеушілікті алдын алу мәселелері де шешілуде. Ол үшін ата-аналарға арналған түрлі форматтағы шаралар, басқосулар, семинар-тренингтер өткізіледі. Дегенмен ана-медиатордың қоғамдағы қызметін арттыруымыз қажет деп есептеймін. Әсіресе аналарымызды этномедиация саласындағы қызметке араластыру өз нәтижесін беретіні сөзсіз.
Аудан тұрғындарының әртүрлі санаттарынан құрылған фокус-топтарда қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланып, қатысушылар тиісті жауаптарды мамандардан алды. Осы шаралар тұрғындардың көңілінен шығып, оң пікірлер айтылды. Бұл шаралардың ел ішіндегі қоғамдық келісімді нығайтуға да ықпалы болды. Осындай жұмысты енді облыс, аудан орталықтарында емес шалғайда орналасқан ауылдарда өткізген дұрыс деп ойлаймын.
Кейінгі уақытта әртүрлі деңгейдегі наразылық, келіспеушілік ауылды жерлерде болып жатқаны баршамызға белгілі. Оның әртүрлі себептері мен салдары бар. Тұрмыстағы келеңсіздіктер, тіршіліктің кейбір ұсақ-түйек түйткілдері, кездейсоқ жасалған қателіктер, ойланбай істелген теріс әрекеттер кейде адамдардың арасына кереғар пікір қалыптастырып, қылмысқа жетелеуі мүмкін. Осындай кездерде істі насырға шаптырмай медиатордың екі тарапты мәмілеге келтіріп, мәселені оң шешкені өте тиімді. Сондықтан этномедиацияны өңірлерде дамыту – бүгінгі күннің қажеттілігі.
Гүлжаһан ӘЛИКЕЕВА,
кәсіби медиатор