Қазақ даласында бейнелеу өнерінің негізін қалаған Әбілхан Қастеевтің есімі күллі әлемге танымал десек, артық айтпаған болармыз. Суретшілік деген дарын кез келгеннің қолынан келе бермейтін ерекше қасиет. Ал қазақтың кең даласында жүріп, таңғажайып табиғат аясында өмір сүріп қылқаламды сөйлету аса талант пен ерекше сезім үйлестігінен туса керек. Қазақ халқының өмірін жан-жақты суреттеген қылқалам иесі Әбілхан Қастеевтің шығармаларында қазақтың дархан даласы ән салып тұрғандай әсер беретіні өтірік емес.
Портрет салуда да өзіндік қолтаңбасы бар ол қазақтың біртуар тарихи тұлғаларының кескін-келбетін сомдап, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған суретші. Амангелді Иманов, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл Жабаев, Сүйінбай Аронұлы, Кенесары Қасымовтың портреттері суретші шеберлігінің айқын көрінісі екендігіне ешкім шүбә келтірмейді. Суретшінің әр тарихи тұлғаның бейнесін салудағы ізденісінің бір айғағы ретінде өнертанушылар Амангелді Имановтың портретін салу үшін Ә.Қастеевтің Торғай елін бірнеше ай бойы аралап, замандастарымен кездесіп, қас-қабағы, мінез-құлқына дейін сұрастырғанын айтады.
Әбілхан Қастеев шығармашылығындағы тарихи тұлғалардың ішінде Абайдың бейнесі ерекше орын алғандығы даусыз. Қылқалам иесі өмірінің әр кезеңінде Абай тақырыбына қайта айналып келіп, ұлы ақын тұлғасының ерекше, жаңа қырын аша түскен туындылар жасаған. Абай бейнесі, Абай тақырыбы суретші үшін ғұмырлық тақырып болды. Ал оның Абайға деген ықыласы мен махаббаты, оның өлеңдеріне деген құмарлығы адам айтса нанғысыз аңызға пара-пар. Абайдың портретін салу үшін ол ақынның туған жеріне барып, оның туған-туыстары мен көзкөргендерімен қоян-қолтық араласқандығын жақсы білеміз.
1934 жылы Қазақстан Суретшілер одағының ұйымдастыру комитеті Абай портреттерінің байқауын өткізді. Бұл байқауды ақынның дүниеден өткеніне 30 жыл толуына орай Қазақ мәдениетінің ғылыми-зерттеу институты жариялаған еді. Байқауға 20 суретшінің 22 жұмысы қабылданған. Осы байқауға Ә.Қастеев те қатысып, ұлы ақынның бейнесін сомдаудағы тырнақалды туындысын ұсынып, өзі бейнелеген тұлғаның портреттік ерекшеліктерін жеткізе білді. Бұдан кейін Ә.Қастеев 1938, 1945 жылдары да Абай бейнесіне бірнеше туындысын арнады. Ал Ә.Қастеевтің Абай бейнесін шынайы кескіндеудегі ізденісі және осы мақсатпен 1947 жылы арнайы М.Әуезовтің кеңесі бойынша Шыңғыстауға келгені жайлы көпшілік біле бермеуі әбден мүмкін. Қылқалам шебері ұлы ақынның туған жерін аралап, ауасымен тыныстап, Абайдың замандастарымен кездесіп, олардың естеліктерін тыңдап, ұрпақтары, туыстарымен танысып, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы көптеген дерек жинады. Суретшінің бұл сапары туралы фотодеректер Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының қорында сақтаулы. Бұл фотосуреттерден Ә.Қастеевтің жанында үнемі Абайдың немере туысы Әрхам Кәкітайұлы және абайтанушы, сол кезеңдегі Қазақстанның Орталық мұражайының директоры Әбіш Жиреншин болғандығын көреміз. Абайдың туған жерінде болған сапарынан кейін суретшінің ақын тақырыбына арналған туындылары жаңа бір серпін алғаны айқын көрінеді. Абай тұлғасын бейнелеу өнеріне әкелген суретшілер өте көп. Бірақ олардың әрқайсысы өзінің көзқарасымен, талантымен Абай бейнесін сомдады. Бүкіл елге рухани көсем болған Абай қазақтың талантты график-суретшісі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің сүйікті кейіпкері болды. Оның қылқаламынан туындаған «Абай киіз үй алдында», «Жас Абай», «Абай жаз жайлауда» шығармалары осыған толық дәлел. Абай еліне суретші екі рет барып, оның туған даласын, өскен ортасын өз көзімен көреді. Сол үшін де Қастеевтің «Киіз үйдің жанындағы Абай» (1938 ж, акварель) картинасында өзінің туған ауылында ұстазы А.С.Пушкиннің кітабымен бірге суреттеген. Бұл суретте суретші Абай арқылы қазақтың өнер-білімге, руханиятқа, мәдениет пен әдебиетке жақын екенін бейнелеген десек қателеспейміз. Себебі қашанда да Абай арқылы біз қазақтың өзін көреміз. Ал хәкімнің жастық шағын бейнелеген «Жас Абай» (1945 ж, акварель) картинасы да суретшінің талантын әйгілеген туындының бірі. Қолына кітап ұстаған, алысқа, болашаққа тіке қараған Абай бәрін ойлап, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген ғасыр сөзін жалын атқан жырларымен жұртқа жеткізуге бекініп тұрған сынды. Картинадан ойлы да бекем, терең адамның бейнесін байқаймыз. Абай бейнесін суретке салған туындылардың ішінде Әбілхан Қастеевтің «Жас Абайы» оқшау тұрғанының себебі де осы болса керек.
Сапар барысында жасалған көптеген этюд, эскиздердің негізінде «Қарауыл төбе», «Сарыкөл», «Бақанас пен Байқошқар» атты туындылары, кейіннен «Шыңғыстаудағы жаз» пейзаждар топтамасы және тағы басқа көптеген көлемді, көркем туындылары дүниеге келеді. Қазіргі уақытта Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының қорында суретшінің әр кезеңдегі 11 туындысы көпшілік назарына көп уақыттан бері ұсынылып келеді. Оның бесеуі – портрет жанрындағы, алтауы – пейзаждық жұмыстар. Бұл туындылардың барлығында суретші өзі жақсы көрген акварель техникасын қолданған. Туындылардың бірінде бала Абайдың медресе шәкірті бейнесін көрсек, енді біреуінде шығармашылық шабыт сәтіндегі жас Абайды, келесісінде орта жастағы ойға шомған табиғат аясындағы ақын бейнесін көруге болады. Пейзаждық жұмыстарда ақынның жаз кезінде жайлауға қоныстанатын Бақанас пен Байқошқар өлкесін, Шыңғыстаудағы жазғы ауыл көрінісін, Сарыкөл, Қарауыл төбенің көркем суреттерін көріп, тамашалайсыз. Аталған туындылар мұражай қорына әр жылдары келіп түскен, хронологиясына қарасақ, 1947-1971 жылдарды қамтиды. 60-шы жылдары және 1971 жылы жасалған 5 туындысы ақынның 125 жылдық мерейтойы қарсаңында мұражайдың жаңа экспозициясын жасау кезінде мұражай қорына қабылданған. Қылқалам шебері ақынның 125 жылдық мерейтойының құрметті қонақтарының қатарында болған еді. Қазақтың ұлы ақыны – Абайдың бейнесін, оның туған жерінің табиғатын танып, біліп, тамашалауға, Абай әлеміне тереңірек үңілуге жетелейді.
Ол үшін сурет мінсіз әлем, ал әлем керемет сурет сияқты елестеген болса керек. Қоғамдық құбылыстар, кездескен қиыншылықтар, әртүрлі саяси жүйелер қылқалам алдында еш қауқарсыз екенін сезінген Әбілхан мәңгілік өнер аспанында жарқырап тұратын туынды салуға әуестенгенін оның әр типтегі еңбектерінен көре аламыз. Оның ең керемет туындыларының бірі – «Түрксіб». Ол бұл туындысын салудан бұрын сол замандағы ең үлкен құрылыс Түрксібке жұмысқа барады. Әне сол жылдары қара жұмыс істей жүріп, айналасын бақылап, бағдарын білген суретші «Түрксіб» деп аталатын тамаша туындысын өмірге әкеледі. Ол осы картинасына өзінің жастық шағын, ұлтының тұтас арманы мен үмітін, болашаққа деген көзқарасын, өркениетке деген ұмтылысын жазғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді. «Түрксібке» көз салсаңыз, онда ең алдымен ұлан-ғайыр дала көзге шалынады. Кәдімгі қазақтың даласы. Баурайын ән, қойнауын күй тербеткен, төрт түлігі шұрқырап, аспанда күн нұрын төккен базары тасыған дала. Одан кейінгі көріністе сол даланың сан мың жылдан бергі ақы иесі қазақтар бірден көңілге көрік сыйлайды. Олар Түрксібті бойлап келе жатқан пойызды алақайлап күтіп тұр. Бұл күтуде олардың асыл армандары, сезім бұлқыныстары, тіпті ертеңгі өмірге деген шынайы сенімдері сезіліп тұр. Қастеев осыны сәтті бейнелей алған. Қолына табақ ұстап, шашу шашып тұрған ақ жаулықты ана да суретші ойының тамаша жемісі. Қазақ қуанса, шашу шашады, атына мініп, алақайлайды, төңірекке сол қуанышты жылдам жеткізуге асығады. Ауыл тіршілігін, қазақтың далалық өмірін жақсы білетін қылқалам иесі мұны өз картинасында аса ыждағатпен бейнелеген. Ал осы туындыдағы пойыз көрінісі бәрін айшықтап тұр. Ол қазақ даласына, бостан өмірге ұмтылған бір ұлттың өміріне өркениет әкеле жатыр ма деген сұрақ туындайды. «Түрксібке» сіңірген Қастеевтің басты идеясы осы болса керек.
Қастеевтің атағы дүрілдеп шыққанымен бір рет те шетелде болмапты. Сол кезеңде оны ешқайда шығармаған. Әйтеуір себебін саясатқа тіреп қоятын бір дәуірлер өтті емес пе? Өзі шетел көрмесе де оның таңғажайып туындылары әлемді шарлады. Қазақтан шыққан тұңғыш қылқалам шебері деген атаққа ие болды. Оның шығармалары киіз үйді, қазақтың кең даласын бейнелегенде Қастеев асқан жауапкершілікті сезініп, әр бояуынан туған жерге деген сүйіспеншілігін байқатып отырды. Бұл Құдайдан келген талант және өзінің еңбекқорлығының арқасы дей аламыз. Ол 4000 жуық шығарма салған, әр картинасының өз тағдыры бар, көрерменге өзінше тіл қатады.
Әбілхан Қастеев қазақтың ұлы суретшісі. Оның қылқаламы ұлттық нақышта салынып, ұлт тілінде сөйледі. Ұлтының болмысын картиналары арқылы бере білді. Әр дүниесіне ұлтының нәрін, сезімін жеткізіп отырды. Өнер – мәңгілік деген осы болар.
Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ