Басты бет Саясат ӨКІЛЕТТІ БИЛІККЕ 30 ЖЫЛ

ӨКІЛЕТТІ БИЛІККЕ 30 ЖЫЛ

0
257

Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Қоғамды демократияландыру жұмысында жергілікті өкілді органдар, яғни мәслихаттар халық билігінің негізгі формасы ретінде, өздерін көрсете білді.Тәуелсіздігімізбен бірге толысып, ел мен биліктің арасында алтын көпір болды. Елмен етене араласып, жұртпен жұмыла жүріп қызмет еткен мәслихат депутаттары өздеріне жүктелген міндеттерімен қатар сайлаушыларының аманатын жүзеге асыру жолында аянбай тер төкті.

Ықылым заманнан бері ата-бабаларымыз кез келген мемлекеттік, рулық тіптен отбасылық келелі мәселелерді мәслихаттасып, яғни елдің билері мен байларын, белді де белсенді азаматтарын қатыстыра отырып, ақылдасып шешкен. Биліктің осы тармағының мәслихат атауын алуы да осыдан болса керек.

Осыған орай 1993 жылдың 10 желтоқсанында «Жергілікті өкілетті және атқарушы органдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл Заң Қазақстан Республикасының жоғарғы Кеңесімен жергілікті мемлекеттік органдардың құрамын және атауын өзгертіп қоймай, облыс, аудан, қала аумағындағы халықтың өкілді органы – мәслихат депутаттар жиналысын қалыптастырды.

Биыл мәслихаттарға 30 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында 8 рет сайлау өткізіліп, халық өз таңдауын жасады. Бірінші шақырылымда аудандық мәслихаттың құрамы 25 адамнан болып, алғашқы сессиясы 2 сәуір 1994 жылы ұйымдастыру мәселесімен ашылды.

Бірінші сайланған аудандық мәслихаттың қызметі еліміздегі терең қайта құрулар мен атқарушы және өкілді органдардың жаңа құрылымын қалыптастыру кезеңімен тұспа тұс келді. Аудан бюджеті 19 млн теңге болып бекітілді.

1999 жылдың 10 қазан күні ІІ шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті сайлауы өтті. Мәслихат депутаттарының саны 25 тен 14 ке дейін қысқарды. Аудандық мәслихаттың хатшысы қызметіне Турсунов Тельман Турсунұлы сайланды.

2003 жылдың қыркүйек айында ІІІ шақырылған мәслихат депутаттарының сайлауы өткізілді. Депутаттар құрамы 50 пайызға жаңарды. Мәслихат хатшысы болып Мушрапилов Адилжан Абукұлы сайланды.

2007 жылдың тамыз айында ІV шақырылған мәслихат депутаттарының сайлауы болды. Мәслихат хатшысы болып Нұров Мәулен Мұқажанұлы сайланды.

2012 жылдың қаңтар айындағы V шақырылған аудандық мәслихат депутаттарының сайлауында депутаттар корпусы 60 пайызға жуық жаңарды. Мәслихат хатшылығына мен сайландым.

2016 жылдың наурыз айында VI шақырылған сайлау болды. Мәслихат хатшылығына мен 2 ші рет сайландым. Одан кейінгі VІІ шақырылымда да менің кандидатурам өтті.

2023 жылдың наурыз айында VIII шақырылған аудандық мәслихаттың сайлауы бір мандатты жүйеде өтті. Депутаттық корпус 60 пайызға жуық жаңарды. Аудандық мәслихаттың 14 депутатының 12-сі «Amanat» партиясының мүшелері, ал екеуі өзін-өзі ұсынғандар болды. Депутаттардың басым көпшілік дауысымен мәслихат төрағасы лауазымы маған бұйырды.

Тарихи 30 жылдың ішінде мәслихат депутаттары елдің әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуы үшін маңызды 2500-ге жуық шешім қабылдаған. Атап айтқанда, аудан бюджетін бекіту және оның тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қадағалау, шаруа қожалықтары мен шағын кәсіпкерлікті дамыту, экономиканың аграрлық секторында аудан халқын өзін-өзі азық түлікпен қамтамасыз ету, алымдар мен салықтарды белгілеу, халық денсаулығын сақтау, зейнетақы мен балаларға төленетін жәрдемақылардың төленуі, бюджет кірістерін молайту, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мектептерде медициналық кабинеттер ашу, дарынды балалармен жұмыс, қылмыс пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоршаған ортаны қорғау, ауылшаруашылық өнімдерінің сапасын арттыру, отандық және шетелдік инвесторлар арқылы инвестиция тарту.

Мемлекеттегі қоғамдық-саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты, ірі саяси реформалар жүзеге асырылып отырады. Осыған орай, мемлекет басшысының 2013 жылғы №55 Жарлығына сәйкес ауыл әкімдерін сайлау аудандық мәслихат депутаттарының құзырына берілді. Сайлаудың өз деңгейінде өтуіне ел ертеңіне бей-жай қарамайтын әрбір халық қалаулысы аса жауапкершілікпен атсалысты. Себебі ауыл әкімінің алдағы жұмысындағы кемшілік депутаттық корпусқа сын болуы анық болғандықтан, әкімдер сайлау алдында бағдарламаларын таныстырудан бастады, ал депутаттық корпус сұрақ қоя отырып, үміткердің сауаттылығын ескере отырып, өз қалауларын жасады. 2013 жылдан 2021 жыл аралығында 24 ауыл әкімін сайланды.

Мәслихат өз өкілеттігін Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға, Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламентінің және Үкіметінің актілеріне, сондай-ақ мәслихат регламентіне сәйкес жүзеге асырады. Мәслихат өз қызметінде қоғамдық маңызы бар салаларда белгіленген мемлекеттік стандарттарды ұстанады, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді.

Халық қалаулылары өздерінің депутаттық міндеттерін орындау барысында өз сайушыларымен кездесіп, жеке қабылдауларды өткізеді. Атқарған жұмыстары туралы жылына бір рет сайлаушылары алдында есеп береді.

Мәслихат қызметінің негізгі нысаны – сессия. Әрбір сессияны дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру іс-шаралары мәслихаттың регламентіне, сессияларды дайындау және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.

Аудандық мәслихат депутаттары аудан әкімі жанынан құрылған консультативтік – кеңесші органдар мен комиссиялар құрамында маңызды мәселелерді шешуге атсалысуда.

Аудандық мәслихат өз қызметінде ең өзекті, әлеуметтік маңызды мәселелерге ерекше назар аударады. Сонымен қатар, аудандық бюджеттің атқарылуы туралы есепті, облыстық тексеру комиссиясының аудандық бюджеттін игерілуі туралы есебін бекітеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 18 қаңтардағы «Әкімдердің мәслихаттар алдындағы есеп беруін өткізу туралы» №19 Жарлығына сәйкес, ауылдық округ әкімдерінің өздеріне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы жөніндегі есептерін тыңдайды, тиісті шешімдер қабылдайды. Аудан әкімінің лауазымына келісім береді. Ауданның және 14 ауылдық округтердің бюджеттерін бекітіп, оның орындалуын қадағалайды. Аудандық мәслихат депутаттары ауданда өткізілетін қоғамдық және қайырымдылық іс шараларға белсене араласады. Жыл сайын өткізілетін «Мектепке жол» акциясына бір кісідей атсалысуда.

Депутат – халық қалаулысы. Халықтың қоғамдағы талабы мен тілегі, мүддесі мәслихатқа депутат арқылы жеткізіледі. Ал атқарушы билікке депутаттық сауалдар сияқты формаларды кеңінен қолданады.

Алғашқы құрылған мезгілден бастап мекеме қызметкері болған азаматтар мәслихат тарихында қалатын болады. Олар Ыбырай Асаубаев, Турсун Иминов, Қанат Сартолов, Өміржан Османов, Муслим Амангельды, Алинур Даутова, Ранум Курбаниязова, Нариман Сетвалдиев, Турлин Ибрагимов, Жанат Әкіш, Гауһар Мондыбаева, Дәнекер Құныпияев, Сая Муратова.

Бүгінгі күнде Арзигуль Манапова – аппарат басшысы, Ашимова Гулямхан, Аида Сайден, Данияр Ишкуллаев, Айбек Нұрахмет бас маман болып қызмет атқарады. Қабылданған нормативтік-құқықтық актілердің құқықтық мониторингі тұрақты жүргізіліп отырады. Аудандық мәслихат аппараты өз жұмысын тиісті заңдарға және мәслихаттың регламентіне сай жұмысын жүзеге асырады.

Халық аманатын арқалаған және оны өз мезгілінде жоғары жауапкершілікпен атқарған халық қалаулылары мен аппарат қызметкерлеріне шынайы алғысымды білдірем. Мәслихаттың 30 жылдық мерекесімен құттықтаймын!

Н.ЕСЖАН,

аудандық мәслихаттың төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысы: ауылдық округ әкімдерінің жұмысына жаңа серпін беріледі

Алматы облысында ауылдық округтер әкімдерінің бірінші форумы өтті. Шара жергілікті билік ө…