Биылғы жылды бас мүфти «Ислам және дәстүр құндылығы жылы» деп жариялады. Осы жыл аясында ауданның барлық имамдары бас қосып алқалы жиын өтті. Исламды танып, дәстүр құндылығын жоғалтып алмау үшін біздің мойнымызға да ауыр жүк артылған. Соны абыроймен атқару үшін әр мешіттегі имамдардың басын қосып, әңгімелесіп, діттеген мақсаттарымызға жету жолдарын бірлесе, ақылдаса отырып шешу орынды.
Өзім бас болып ең алдымен өткен жылдағы табыстарымыз бен әттеген-ай деген кемшіліктерімізді айтып өттік. Әрине мақтанатындай дүниелер де болды. Ол менің ғана жұмысым немесе табысым дей алмаймын. Аудандағы барлық имамдардың еңбегі. Аллаға құлшылық етумен бірге өткен жылы саламатты өмір салтын насихаттау бағытында облыста арнайы ұйымдастырылған волейболдан жарысқа қатысып жүлделі бірінші орынды жеңіп алдық. Одан бөлек өткізген іс-шараларымыз халық арасында кеңінен насихатталып, батагөйлер сайысында да топ жардық. Соған байланысты бас мүфтиден арнайы алғыс алдық. Бұл біздің аудан үшін зор мәртебе.
Осы алқалы жиында алдағы атқаратын жұмыстарымыздың легін реттеп, тапсырмаларды пысықтап, әр ауылдағы дәстүрлі дінді дәріптеп жүрген жандардың жұмыстарына қолғабыс жасау керектігін түсіндірдік. Осыдан бір ай бұрын «Шамаил Мұхамеддия» деген кітапты барлық имамдарға таратқан болатынбыз. Ол Пайғамбарымызды тануға, соның хадистерін білуге арналған мағынасы терең дүние. Пайғамбарымызды тану арқылы, Аллаға құлшылық ету арқылы бұл дүниедегі парызымызды өткереміз. Енді осы кітаптың мазмұны бойынша облыста үлкен байқау өтпек, оның бастамасын ауданда қолға алдық. Осы кітап бойынша үздіктерді іріктедік. Имамдарымыздың бойындағы қабілеттерін анықтадық. Олар облыстағы сайыста ауданымыздың намысын қорғайтын болады. Пайғамбартану сабақтары арқылы біз айналамыздағы адамдарға оның өмірін, өмір сүру салтын үйретіп, барша халықты жақсылыққа, қайырымды іс жасауға насихаттай аламыз. Пайғамбарымыздың басынан да қиын күндер өткенін, бірақ оны жақсы іс арқылы жеңгендігін түсіндіру – имамдардың міндеті.
Бізде әр жұмада пәтуа сағаты өтетін болды. Былтыр санаулы ғана уақыт бөлген едік, биылдан бастап әр жұма пәтуа сағатына арналатын болады. Осы жұмада өзім өткіздім. Ол сабақтан алған ілімдерін әр имам ауылдарына апарып, сосын оны тұрғындарға жеткізіп, әрі қарай жалғасын таппақ. Байлықтың буына балқып, үлде мен бүлдеге оранып, саф алтын жалатылған сарайларда емін-еркін серуендеп, дүрия көрпе жамылып, шалқып өмір сүрген небір қауым өкілдері Жаратушының жіберген ризық-несібесін місе тұтпай, тым болмаса, оның қадірін сезінбей, күпірліктің қараңғы үңгірінен айдай әлемнің ақиқатына үңілместен, өздері қолдан жасап алған пұттарға табынып, Аллаһқа серік қосып, Раббысының рақымынан құр қалғаны тарих беттерінде қаттаулы. Жалпы алғанда, адам баласы Аллаһ тағалаға құлшылық ету үшін жаратылғандығы бесенеден белгілі. Сол үшін оған сана берілді әрі атқаруға тиісті бірқатар міндеттер пешенесіне жазылды. Сол міндеттердің бірі – мүлтіксіз құлшылық ету. Құлшылық – Жаратушыны танудан, өзінің бекер жаратылмағанын ұғынудан, құл екендігін сезінуден, міндетін орындауға деген жауапкершіліктен туындайды. Дегенмен Жаратушы Хақ тағала адамды жаратып, оны жалғыз қалдырып қойған жоқ. Олардың өз араларынан әр дәуірде осы жауапкершілікті сездіруге, өмірдің түпкі мәнін ұқтырып, жаратылыстың мақсатын ашып баяндайтын, адамдарға ақиқатты дәріптеп, тура жолды нұсқаушы теңдессіз тұлғалар, яғни пайғамбарларды кезеңімен жіберіп отырды. Демек, пайғамбарлық – кез келгеннің маңдайына бұйырмайтын, тікелей Алла тарапынан келетін қасиетті міндет. Оны ұғындыру үшін біз, имамдар тұрғындармен тығыз байланыста болуымыз шарт.
Біздің ауданда имамдар өз жұмыстарын жоғары деңгейде атқарып келеді. Облыста өткен алқалы жиында да бірқатар тапсырмаларды арқалап қайттық. Сондағы міндеттерді, орындауға тиісті шараларды имамдарға жеткіздім. Көп жандар имамдар мешітте құран оқығаннан басқа не жұмыс атқарып отыр деген түсінікте жүреді. Ал шын мәнінде біз дәстүрлі дінді насихаттау жолында көптеген шаруалардың басын қайырып жүрміз. Жастарымыздың бұрыс жолға түспей, жат ағымдарға ілеспей егеменді еліміздің еңсесін көтеретіндей азамат болып қалыптасуларына үлес қосып жүрміз дей аламын.
Бахтияр АХМЕТОВ,
ауданның бас имамы