Шәкен Аймановқа – 110 жыл
Шәкен Аймановтың аты аталса бірден көз алдымызға қылжақбас, қашанда күліп жүретін Алдаркөсе бейнесі келе қалатыны рас. Сыртқы келбеті сұлу болмаса да жан дүниесінің тазалығымен, аса дарынымен, биік парасатымен, жоғары интеллектімен, білімділігімен қазақ киноөнерін шыңға шығарған нағыз майталман десек артық мақтағандық бола қоймас. Тек кинода емес оның театрдағы талантын көзі көргендер әлі күнге тамсана отырып әңгімелейді. Бір адамның бойына актерлікті, режиссерлікті, би өнерін үйіп-төгіп бере салған Құдайдың құдіреті десек, екінші жағынан өзінің ізденісі мен талғамы болар. Қазақ өнерінің шоқтығы биік тұлғасы ұлттық театр өнері мен кино саласының қалыптасуы мен дамуы үшін бүкіл ғұмырын арнады. Қазақ халқы осынау ардақты ұлымен мәңгі мақтана береді. Шәкен Айманов есімі бәрінен бұрын қазақ киносы тарихында тұңғыш рет ұлттық киноны түсірген адам ретінде және оны барынша биікке көтерген талант ретінде ел жадында мәңгілік сақталары хақ.
Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Шәкен Айманов 1914 жылы 15 ақпанда Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Айманбұлақ ауылында туған. Азан шақырып қойған есімі – Шаһкерім. Ол – қазақтың біртуар азаматы, КСРО халық әртісі, актер әрі режиссер. Шәкеннің әкесі Кенжетай балаларына жастайынан домбыра үйретіп, өнер мен ән-күйге баулып өсіреді. Өзі саятшылығымен аты шыққан, өнерге құмар жан болған. Бала Шәкен әкесі мен жездесі Қали Байжановтың арқасында бойындағы әртістік дарынын ерте байқатады. Ойын-сауық, жиын-той өтетін жерлерден қалмай, барған жерінде өлең оқып жұртты аузына қаратқан. Сондай-ақ, ол бала күнінде қара жұмысты аса ұната қоймаған. Жақындары бір іске жұмсаса, ауырып қалған сыңай танытатын болған. Осы қулығы үшін ұрысқанда ауыл маңындағы Серектастың басына шығып алып жылайды. Әкесінің ағасы Аббас оны қорғап «Тиіспеңдер оған. Тегін жылап отырған жоқ. Өнер қысып жылап отыр» деп басқаларды жолатпаған. Бұрынғылардың әулиелігін осындай мысалдардан көп байқауға болады. Баланың жылағанының өзінен жақсылық іздеп, оның болашағын байқағандығын көрегендік демей көріңіз.
Бозбала Шәкенді ағасы Қажымұрат 1924 жылы Семейге әкетіп, алғашында Қазкоммунаға, кейін халық ағарту институтына түсіреді. Осы институт қабырғасында Шәкен түрлі үйірмеге қатысып, қолынан домбырасы мен мандолині түспеген. Қойылымдарда ойнап жүріп Алматыдан арнайы келген Ғабит Мүсіреповтің көзіне түсіп, Алматыдағы кәсіби театрға жол тартады. Бірақ бұл уақытта оқуын 3-курстан тастауға мәжбүр болады. Алып шаһарға келген соң Алматы түбіндегі Қаракестек ауылында «Амангелді» фильмінің түсірілімі жүріп жатқанын естіп, өз қалауымен эпизодқа түседі. Сондай-ақ, арасында фильм түсіруші ұжымға кеңесші болады. Шәкен Айманов ғұмырында 14 фильм түсіріп, 20-дан астам кейіпкердің рөлін сомдаған. Өзі соңғы рет түсірген «Атаманның ақыры» атты фильм көрермен қауымның жылы лебізіне ие болды. Осы киноны бірнеше қайталап көрсең де еш жалықтырмайды. Шедевр дегеніміз осы болар. Қазақтың иісін, қазақтың даласының құдіретін керемет жеткізген дүние. Өз дауысымен орындаған әнінен бүкіл қазақтың үнін естігендей боласың. Шәкен Айманов ерекше дарын иесі болмаса, талантты фильмдер өмірге келмес те еді. Кино алаңында дана да, бала да бола білген дара таланттың құдіретінің арқасында мәңгі өлмейтін туындылар дүниеге келді. Ол шын мәнінде аса дарынды суреткер еді. Сонымен бірге Шәкен режиссер ғана бола білген жоқ. Ол әрбір дүниеге келген кино туындысының төл әкесі де болды. Дарынның арқасында әрбір рөльге лайықты мықты таланттарды тани білді. Таланттардың қайсысының икемі қай рөльге келетінін дөп басып білді. Әрі оның бұл интуициясы алдаған жоқ. Ол таңдаған актерлер өз образдарын қалай ойнап шыққанын көзі қарақты көрермен жақсы біледі. Егер, Аймановтың қолтаңбасы қалған фильмдер ғажайып болмағанда, қырық-елу жыл бойы телеэкран бетінен көрінбес еді. Әлі күнге ол фильмдер өзінің құнын жоғалтқан жоқ. «Атаманның ақыры» фильмінің бас кейіпкерін сомдаған Асанәлі Әшімов те көзі тірі, дара, сом тұлға. Шәкең оның қаншалықты мықты актер екендігін осы фильмде дәлелдей түседі.
Шәкен Аймановты достары оның ешкімге ұқсамайтын ашық-жарқын, жомарт мінезін жоғары бағалап, «бүгінгі заманның серісі» деп атаған. Материалдық құндылықтарды екінші орынға ысырып, достармен әңгіме-дүкен құрғанды, жұртпен араласқанды жақсы көрген. Кез келген отырыстың сәнін кіргізетін Шәкеннің үйде жалғыз отыратын кездері сирек болған. Ол боқ дүниеге құнықпады, бас пайдасын, қарынның қамын жемеді. Бәлкім сондықтан да болар шоқтығы биік болып қалғандығы. Театрдағы кез келген ол сомдаған бейне көрерменін қайтадан келуге шақырып отырғандай күйге бөлеген. Шәкен Айманов өнер көрсеткен спектакльдердің барлығы да аншлагпен өтіп отырды. Бұдан өзге Шәкен Айманов би билегенді де ерекше жақсы көрген. Мәскеуде өткен І бүкіләлемдік кинофестивальде биден жарыс өтеді. Жиналған жұрт алғаш рет «Буги-вуги» биін көреді. Шәкен осы кезде америкалық киножұлдыз Элизабет Тэйлормен билеп, бірінші орын алады. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Қазақтың қарапайым жігіті әлемдік деңгейдегі әртіспен теңдей дәрежеде би билеп, бірінші орын алғанын. Бұл өнер деген құдіреттің, талант деген қасиеттің асып-тасқандығы деп бағалауға болар. Әртістігі, бишілігінен бөлек шахмат ойынының түбін түсірген ағамыз. Ал шахмат ойлылар мен ақылдылардың ойыны. Түскі ас кезінде барлығы ескі киностудия жаққа тамақтануға кететін. Сол жақта үлкен емен ағашы бар. Шәкен аға соның көлеңкесіне отырып алып, алдына шахматты жайып қойып, әрі-бері өткендерді шақырып бәрін жеңетін көрінеді. «Талантты адам барлық жағынан талантты болады» деген тәмсіл осындай ағаларымызға арналса керек.
1953-1970 жылдары аралығында Шәкен Айманов ұлттық киностудияның тұрақты жетекшісі және өзі ашқан Қазақстан кинематографистер одағының басшысы болды.Түрлі жанрға тамырын терең жая бастаған қазақ кино әлемі драматургияның да, режиссураның да жаңа толқынына зәру болды. Ал Шәкеңнің шығармашылық тойымсыздығын осы олқылықтың орнын толтырарлық әрекет деп білуге болады. Біресе музыкалық комедияның сарыны, енді бірде әлеуметтік реализм ағымына, тағы бірде шытырман оқиғаларға толы гангстер жанрындағы фильмдер түсіруге ұмтылған майталманның бұл қадамы отандық кинематографиядағы батыл бастама болды. Шәкен Айманов шығармашылықтан бөлек, саясаттан да құралақан емес еді. 1940 жылдан бастап Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің 4-ші және 7-ші шақырылымына депутат болып сайланды. 1947 жылы оған Қазақ ССР Халық әртісі, 1959 жылы КСРО Халық әртісі атағы берілді. Екі мәрте мемлекеттік сыйлық беріліп, «Абай» спектаклінің қойылымына КСРО мемлекеттік сыйлығы табысталды. Бұдан өзге оған 2007 жылы «Экран шебері» атағы табысталды.
Шәкен Аймановтың өнердегі алғашқы баспалдағы театрдан басталды. Ол өз шеберлігімен театрда бәрін де мойындата білген еді. Театр сахнасында болсын, кино әлемінде болсын, Шәкен Аймановтың қолтаңбасы тиген дүниелердің бәрі ерекше құнды. Шәкен ойнаған Хлестаков («Ревизор»), Ақан сері («Ақан сері-Ақтоқты»), Кассио («Отелло») рөльдері мәңгілік бейнелер. Актер ретіндегі талантына оның жиырма жылдай театр сахнасында ойнаған рөльдері куә. Ол ойнаған әрбір рөл өзгеше бір әлем, өзгеше бір құдіретті паш ететін. Петруччио, Ақан сері, Абай сияқты сан рөлдері көрерменін еш жалықтырмады. Кинорежиссердің «Алдаркөсе», «Атамекен», «Тақиялы періште, «Атаманның ақыры» және т.б. фильмдері шын мәнінде қайталанбас туынды болып қалды. Экранға шыққанына жарты ғасыр болса да «Тақиялы періште» фильмі әлі күнге көрерменін еш жалықтырған емес. Елу жылда ел жаңа деп жатамыз, бұл уақытта бірталай ұрпақ ауысты. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін «Тақиялы періштенің» әрбір эпизодын жатқа біледі. Кино арқылы бүтін бір ұлтты тәрбиелеуге болады. Кино идеологияның құралы екенін кезінде коммунистер көсемі айтты десек те, бүгінгі күні көзіміз оған анық жеткен. Оған қазақ киносының алтын ғасыры саналған уақыт пен бүгінгі кезең куә. Дарынды ұл қазақ кино әлемінде өшпестей ізі бар туындыларды дүниеге әкелді.
Шәкен Аймановқа тән ерекше тағы бір қасиет – ағаларына, інілеріне, достарына еркелей білгені. Көзкөргендер Шәкеннің қалжыңы да ерекше болғанын айтады. Қазақ театр өнерінің, кино өнерінің алыптарымен бірге әзіл-қалжыңға толы әңгімелері әлі күнге аңыз болып айтылады. Аймановтың қалжыңына алданған қаламгер ағаларымыз да аз емес. Олардың қай қайсысы да Шәкеннің бұл ерекше қырын мақтанышпен еске алар еді. Дара таланттың еркелігін көтере де, еркелете де білді.
Бүгінде Алматыда орналасқан «Қазақфильм» киностудиясына Шәкен Аймановтың аты берілген. Ішінде режиссерге арналған музей ашылып, ескерткіш бюст орнатылған. Сондай-ақ, Павлодар қаласында Шәкен Айманов атындағы кинотеатр ашылған.
Шәкен Айманов 1970 жылы 23 желтоқсанда Мәскеу қаласында 56 жасында көлік қағып қайтыс болды.
Шынайы дарын иесі 60 жасқа да жетпеді. Бірақ оның артында қалдырған дүниесі бүкіл бір ұлттың алтын қоры бола білді, ұлттық құндылығымыздың ең мықты жәдігеріне айналды. Енді ондай алып тұлғалар келе ме, жоқ па, ол жағын білмейміз. Бірақ ол салып кеткен өнердің дара соқпағы әлі талай ұрпақты тәрбиелеуге себеп болары даусыз.
Баян МАМЫРБАЕВА