Өзіндік дара дәстүрі бар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті еліміздің жоғары білім беру жүйесінде айрықша беделі мен абыройы бар. Оқу орны құрылған күннен бастап-ақ отандық ғана емес, сондай-ақ Орта Азиядағы білім беру мен ғылымның жарқын үлгісі, кәсіби білікті ғылыми және педагогикалық мектептердің бастау көзі болды.
Еліміздің әлеуетінің дамуына зор үлес қосып келе жатқан университет бүгінде Қазақстанның жоғары білікті кадрлар даярлайтын негізгі орталығының біріне айналып отыр. Еліміздегі білікті мамандар мен талантты ғалымдардың, дарынды ұстаздардың үлкен тобы осы киелі шаңырақтан шыңдалып шығып, Отанымыздың дамуы жолында жемісті еңбек етуде.
Отандық жоғары оқу орындарының алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Осынау ауқымды жауапкершілікті абыроймен атқару педагогтарға жүктелген мәртебелі міндет. Дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпағымен кеңеймек. Өскелең жасты еліміздің тұтқасы, қатарының көшбасшысы етіп тәрбиелеу – ғасырға жуық үздіксіз кадр даярлап келе жатқан Қыздар университетінің басты бағдары.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – еліміздің оқу орындары арасында өзіндік дара орны бар білім ордаларының бірі. Ол – республикада тек қыздардан педагог кадрлар даярлайтын бірден-бір жоғары оқу орны. Университет 80 жыл уақыт аралығында өзінің қалыптасуы мен дамуы жолынан өтті. Ұлт зиялылары қызмет атқарған ұлағат ұясында осы уақыт аралығында 70 мыңнан астам білікті маман даярланып, армандарын асқақтатып, қияға қанат қақты. Айтулы ғалымдарымыз түрлі ғылым салаларына қатысты іргелі зерттеу еңбектерін осы университет қабырғасында жазып, ел игілігіне айналдырды. Еліміздің дамуына зор үлес қосып келе жатқан оқу орны бүгінде Қазақстанның жоғары білікті педагог кадрлар даярлайтын негізгі орталығының біріне айналып отыр.
Қыздар педагогикалық университеті халықаралық және ұлттық аккредиттеу агенттіктерімен жоғары бағаланады. Университет Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінде институционалды аккредиттеуден сәтті өтті. Университеттің білім беру бағдарламалары ACQUIN (Германия) және IAAR (Қазақстан) сияқты аккредиттеу агенттіктерімен 3 жылдан 7 жылға дейін аккредиттелген.
Ұлттық рейтингке қатысу барысында университет АРТА, БСҚТА, Атамекен тәрізді рейтингтерде жетекші орындарда тұрақтады, сонымен қатар ARES, QS, QS EECA, THE және Webometrics сияқты халықаралық рейтингтердегі орнын бекітті.Бұл жетістіктер – университеттің білім беру деңгейі мен белсенділігінің арта түскендігінің және әлемдік стандарттарға сай дамып келе жатқандығының нақты көрінісі. Бұл жетістікке жетуге Филология институты Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы ұстаздары мен ғалымдарының қосқан үлесі өте жоғары.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 15 білім беру бағдарламасы Германияда ықпалы зор халықаралық ACQUIN аккредиттеу агенттігінің аккредитациясынан сәтті өтті. ACQUIN Аккредиттеу, сертификаттау және сапаны қамтамасыз ету Институтының Аккредиттеу кеңесінің шешімі бойынша сапа сертификаты 6 жыл мерзімге берілді.
ACQUIN аккредитациясы Қыздар университетінің білім беру бағдарламалары халықаралық оқыту стандарттарына сәйкес келетінін растайды. Бұл университеттің әлемдік деңгейде беделін нығайтып, шетелдік студенттердің келуіне де жол ашады. ACQUIN Филология институтының келесі білім беру бағдарламарына 2029 жылға дейін жарамды халықаралық сертификаттар табыстады:«8D01703-Шет тілі: екі шет тілі»мен «8D01702-Орыс тілі мен әдебиеті».Академиялық сапаны қамтамасыз ету бөлімінің мәліметі бойынша, осы аккредитация арқасында Қыздар университетінің түлектері шетелде жұмысқа орналаса алады. Сондай-ақ студенттердің әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша білім алуына ықпал етеді.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Шет тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасы бойынша диссертациялық кеңес ашылды. Кеңес белгілі профессорлардан жасақталды. Солардың бірі –Кэмбридж университетінің профессоры Элейн Уилсон. Ғалымның Хирша индексі 12. Бұл ғалым зерттеулерінің маңызының жоғары екендігін және лингвистика саласына қосқан зор үлесін көрсетеді. Кеңестіпедагогика ғылымдарының докторы, профессор Сатбекова Айгүл Амантайқызы басқарады. Бұған дейін Қазақстанда «Шет тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасы бойынша небәрі екі диссертациялық кеңес болған. Солардың біреуі ғана Алматыда. Тағы бір диссертациялық кеңестің ашылуы докторанттар үшін кәсіби тұрғыда өсіп қана қоймай, әлемдік деңгейдегі ғалымдардан тәлім алуға мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар 2018 жылдан бері Қыздар университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Филология» мамандықтары бойынша диссертациялық кеңес жұмыс жасайды. Олардың қатарында елімізге белгілі ғалымдар мен тіл мамандары бар.Кеңес төрағасы-п.ғ.д., профессор Сүлейменова Жарқынбике Нуайқызы. Төраға орынбасары-ф.ғ.д., профессор Ермекова Тыныштық Нұрдәулетқызы. Диссертациялық кеңес – ғылыми зерттеу жолына түскен болашақ ғалымдардың еңбегін саралап, ғылыми сүзгіден өткізетін ғалымдар кеңесі.
2023 жылдың маусым айында Қыздар педагогикалық университетінің ұйытқы болуымен 10-шы Халықаралық Түркі әлемі зерттеулеріне арналған Симпозиум өтті. Әлемдегі ғылым, білім саласында түркі әлеміне қатысты зерттеу жасап жүрген ғалымдардың басын қосып, ғылыми бағытта пікір алмасуды қамтамасыз ету, жаңа ғылыми зерттеулерге жол ашып, түркі әлемі әдебиеті мен мәдениетінің кеңеюіне ықпал жасау – симпозиумның басты мақсаты.Х түркі әлемі зерттеулері симпозиумында Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Корея, Иран, Ирак, Татарстан мемлекеттерінен барлығы 181 баяндама жасалды.
Білім саласындағы жетекші шетелдік және отандық ғалымдардың қатысуымен Қыздар университетінде өткен «Педагогикалық университет – мектеп серіктестігі» атты ірі ғылыми конференцияда ректор Қанай Гүлмира Әмірханқызы «Қазақстандағы педагогикалық білім беру: тәжірибеге негізделген оқу мен оқыту» тақырыбында жасаған баяндамасында «Еліміздегі педагогикалық бағытта қандай өзгерістер бар? Қай бағытқа жылжуымыз керектігі» туралы ойын ортаға салды.
Университет қабырғасында тек білікті маман ғана емес, уақыт талабына жауап беретін тұлға дайындауды басты назарда ұстайтын ҚызПУ ректоры Гүлмира Әмірханқызы педагогикалық білім беруді дамытудың тетіктерін атады: «…елімізде орын алып жатқан реформаларды жылдамдату және педагогикалық білім берудің сапасын арттыру мақсатында келесідей ұсыныстар бергім келеді:
Біріншіден, біз, жоғары оқу орындарының өкілдері, профессорлық-оқытушылық құрам дәрежесіндегі академиялық автономияны ары қарай кеңейтуіміз қажет.
Екіншіден, біз оқытушылардың эмпирикалық зерттеу жасау әлеуетін арттырып, зерттеу негізінде білім беру принциптерін іске асыруымыз қажет.
Үшіншіден, біз жұмыс берушілермен біріге отырып, инновациялық оқу бағдарламаларын дамытуымыз қажет.
Төртіншіден, біз келешек ұстаздарды оқытуда рефлексия, эмоционалдық зияткерлік, инклюзивтілік, әлеуметтік және шешім қабылдау сияқты дағдыларды дамытуымыз қажет.
Бесіншіден, біз кәсіби білікті арттыру орталықтарымен және жұмыс берушілермен біріге отырып, университеттерге практик мамандарды көптеп тартуымыз қажет.
Алтыншы, біз университеттердегі оқытушылар мен зерттеушілерді білім беру саласындағы реформаларды дамытуға және іске асыруға көптеп тарту маңызды.
Жетінші, біз педагогикалық білім берудің сапасын арттыру мақсатында ары қарай да университеттерді кәсіби бағыттарына сәйкес бейімдендіруді жалғастыру беруіміз қажет.
Өздерінің мақсатқа бағыттаушылығы, орасан зор жасампаздық қуаты, шығармашылық ізденісі мен жоғары кәсіби деңгейі арқасында Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының ұжымы қойылған міндеттерге қол жеткізуде тек табыс биігінен көрінуде.
Қыздар университеті – 80 жылдан бері еліміздің әр аймағынан келген ару қыздарымызға әр саланың қыр-сырын жетік меңгертіп, білікті маман дайындап қана қоймай, бойжеткендердің өн бойына біліктілікпен қатар, ұлттық дәстүрден таймай, ибалылықты, инабаттылықты сіңіруі үшін еселі еңбек етіп, саналы ұрпақ тәрбиелеу деген зор сенімді жүктеп келе жатқан киелі орда, ұлағатты ұя. Себебі қазыналы қарашаңырақ әр қызға болашақта әр шаңырақтың келіні, отбасының ұйытқысы, ұрпақ анасы, ұлттың келбеті деп қарайды. Сондықтан да бұл оқу ордасының арқалаған жүгі ауыр. Осыны әрдайым есте ұстайтын оқу орны қыз тәрбиесіне ерекше мән беріп, ұрпақ тәрбиелейтін арулардың бойына білімді тәрбиемен қатар беріп келеді.
А.А.САТБЕКОВА,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі, «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері
С.А.АСАНБАЕВА,
филология ғылымдарының кандидаты, профессор, БББ көшбасшысы ҚазҰҚПУ