«Есігіңнің алдында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең. Ауылыңның ішінде қария болса, жазылып қойған хатпен тең», – деп қазыналы қарттардың бағасын халық дөп айтылған даналығымен берген. Қара қылды қақ жарып әділдігін көрсететін, ақылын айтып, батасын беріп, берекеңді кіргізетін әр ауылда қария болса қазынаға бергісіз құндылық екендігі айқын. Қазақ халқы бағзыдан бір ауыз сөзге тоқтаған халық. Оның ішінде қазыналы қарттар мен беделді ақсақалдардың айтқанын бәрінен биік заң деп қабылдап, үлкеннің алдын кесіп өтпеген. Ақсақалдардың да аузы дуалы, батасы пәтуәлі, әңгімесі тұшымды, ой-пікірі түйінді болғаны да рас. Қазір осындай жасы үлкендердің қатары сиреп, ел ішінен іліп алар ғана, саусақпен санарлық болып бара жатқандығы көңілге қаяу салмай қоймайды. Алайда көненің көзі, асылдың сынықтары ілуде біреу болса да әлі де бар екендігіне көзіңіз жеткенде іштей қуанасыз. Бүгінгі қозғалған тақырып тау етегіндегі Сүмбе ауылынан бастап тарқатылмақ. Жоғарыда талқылаған аузынан шыққан әр сөзі салмақты, бойындағы мінезінен кісілік пен тұлғалықтың иісі аңқып тұратын ақсақалдар жөніндегі әңгімемізге лайықты аға буынның бірі Қалабай Төлегенұлы Мерейімовтың болмысы мен тұлғасынан бұрынғы ұлылардың ақыл-парасаты мен болмыс бітімінің шынайы көріністерін аңғарып, жақсының жақсылығын айтуға асықтық.
Қалабай Төлегенұлы Сүмбенің сары даласында асыр салып, тауы мен тасын аралап, нуы мен суын кешіп, бауы мен бақшасында аунап-қунап өскен, сол өлкемен өмірі егіз жаратылған жандардың бірі. Жастайынан еңбекке араласып, сонау арғы ғасырдың орта шенінен бастап колхоздың қатарында қарапайым қызметшіден инженер-механик, инженер-электрик сынды жауапты жұмыстарды атқарып, өндірістік кооперативтің төрағасына дейін көтерілді. Тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденіс, іскерліктің арқасында 1995 жылдан 2010 жылға дейін 15 жыл бойы тапжылмай елдің тізгінін мықтап ұстап, сол Сүмбенің әкімі қызметін абыроймен атқарып, құрметті демалысқа шыққан елағасы. Бүгінгі айтылар әңгіменің төркіні Қалабай ақсақалдың қызметтен кейінгі де қоғам үшін атқарып жатқан еселі еңбектері жөнінде болмақ. Дүйім жұрт пен кейінгі ұрпақ біздің жасы үлкен аға буын зейнетке шықса да қоғамнан алыстамай қарашамен бірге қар кешіп, ел мұңайса мұңайып, қуанса бірге қуанып жүретін, қуаты сарқылып бара жатса да ішкі рухынан жігерленіп отыратын болаттай беріктік пен темірдей төзімділіктің нағыз үлгісі екендігін біліп жүруі керек деп есептеймін. Зейнетке шықаннан кейін де 2013 жыл мен 2019 жылдар арасында ауданның қоғамдық кеңесінің көшін бастап, халықтық бақылауды күшейтіп, өңірдің жан-жақты даму жолында тер төгуін тоқтатпады. Сүмбе ауылының ақсақалдар алқасына төрағалық етіп ауыл арасында да, ауданның көлемінде де қажетті басқосуларда төрден табылып төрелігін айтып, даулы жағдайларда әділ шешімін ортаға сала білді. 2019 жылдан бері осы уақытқа дейін Сүмбе ауылының ардагерлер ұйымының төрағасы деген жауапты жұмыстың тізгінін ұстап келеді. Осындай табанды қызметі мен тынымсыз еңбегі үшін өткен жылы «Алматы облысының құрметті ардагері» деген төсбелгіні кеудесіне тақты. Одан бөлек еңбегі ескеріліп, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медальдарымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Сонымен қатар, ауданның құрметті азаматы. Әлі де Қалабай Төлегенұлын төріміздің сәнін кіргізіп отыру үшін ауданның кез келген жақсылығынан қалдырмай шақырып, ақылын айтып, жолы мен жөнін сілтеу үшін қоғамның маңызды басқосулары мен жиындарына да жиі қатыстырып отырамыз. Осындай «Дария кеуде, тау мүсін» көкірегі қазынаға толы, болмысы мен бітімі бөлек аға буын ақсақалдардың қатары азаймасын.
Арсыз күлкің тыйылмас, жылауың да,
Айтысың да басылмас, ылаңың да.
Араздасып ағайын кетер еді,
Бір қария болмаса бір ауылда!, – деп жырлаған Мұқаң да аузы дуалы ақсақалдардың қоғам үшін құны мен маңызын нақ түсінген екен ғой. Ауылдың көркін кіргізіп, ырысын еселейтін, төрінде үлкені бар берекелі жер деп айтып жүретін қариялы ауыл болғанға не жетсін. Әсіресе Қалабайдай қазыналы қариясы бар ел ақыл мен парасаттан, тәлім мен тәрбиеден ешқашан кенде болмайды. Қатары сиреп тұратын қазыналы қарттарымыз бен аузы дуалы ақсақалдарымызды барында бағалай білейік!
Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ