Ауылдағы ағайынның табысын арттыруға, өз бизнесін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы биыл қолға алынған болатын. «AMANAT» партиясының Үкіметпен бірлесіп бастаған жобасының игілігін биылғы жылдың өзінде біраз азамат көріп үлгерді. Ауданымызда да әртүрлі бағытта 2,5 пайызбен несие алып, өз ісін дөңгелеткен жандар саны күн санап артуда. Солардың бірі – шонжылық Розигуль Садыкова.
Розигуль жүрек қалауымен ұстаздық жолды таңдаған еді. Бірақ өмір соқпағы адамның тағдырын сан тарауға алып кетері анық. Ұлы Отан соғысынан келген әкесінің жағдайын жасап, ол кісіні күту мақсатында жұмыстан қол үзеді. Тұрмыс құрып, отбасылы болады. Ұл-қыздарын өсіремін деп жұмысты тағы да ұмытады. Бала ер жетеді, қыз бой жетеді. Енді оларды оқыту қажет. Әртүрлі кәсіппен айналасады. Күнделікті шай-тұзын ажырату үшін еңбекқор жан кез келген істі дөңгелетіп әкететін.
Бір дүниеге бір дүниенің түрткі болары анық қой. Елді елең еткізіп, жұртты дүрліктіріп, талай жанның өмірін жалмаған пандемия кезінде Розигульдің Алматыда білім алып жатқан қыздары онлайн оқу себебімен ауылға келеді. Үлкен қызы Алматы технологиялық университетінде тігінші-дизайнер мамандығында білім алса, кіші іқызы да модельер конструктор мамандығы бойынша оқып жатқан. Қыздарының сабағы үшін ғана үш тігін машинкасын сатып алады. Олардың жанында жүріп өзі де біраз нәрсені үйренеді. Бұрыннан бар тігіншілік қабілетін қайта жандандырады.
Розигульдің анасы да өте шебер жан еді. Сол ауыл-аймақтың қажетін өтеп, кез келген дүниесін тігіп, көрпе-жастығын жасап беретін. Әжесі де қиын замандарда елдің киімін тігіп, тон пішкен ісмер болыпты. Анадан дарыған сол қасиет болса керек, Розигуль де әп сәттен өзінің ептілігін байқайды. Тіпті тігінге деген махаббаты ашылады. Содан не керек, біртіндеп кішігірім тапсырыстар алады. Елден ел естіп, Розигульдің шеберлігі ауылға тарайды. Қыз жасауын жасатсам деп ниеттеніп келгендер саны артады. Бірақ бір ғана тігін машинкасымен ол тапсырыстың бәрін орындау мүмкін емес еді. Енді Розигуль бұл істі қалай дамытсам деген оймен жүреді. Интернетті ақтарып, өзіне қажетті тігін машинкаларының түрлерін табады. Бірақ қаражат қолбайлау болып жүреді. Жыл басынан бері «Ауыл аманаты» бағдарламасының басталғанын естіген бойда алып ұшып «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына барады. Ондағы мамандардан кеңес алып, құжат дайындауға кіріседі. Бір үміт, бір күдік көңілде. Десе де тайсалмай, тек алға жүреді. Бірнеше рет құжаты дұрыс болмай, қайтып та келеді. Жігерлі жанның мысын ол да баса алмайды. Тіпті Қонаев қаласына да бірнеше рет барып, істі аяғына шығарады. Қаражаты қолға тиген бетте қажетті құрылғыларын бірден сатып алып келеді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасынан 6 миллион теңге несие алған Розигуль Садыкова бүгінде жүн түтетін, матрас тігетін, көрпе қабатын машинкалар мен тігін машинкасын алған. Енді кез келген тапсырысты тез арада әрі сапалы етіп орындауға мүмкіндік мол.
Ауданымыздың түкпір-түкпірінен тапсырыс беруге келгендер саны көп бүгінде. Бәрі де Розигульдің қолынан шыққан дүниелерге дән риза болып кетуде. Қыз жасауы, сый-сияпатқа, үйге күнделікті тұтынуға деп көрпе, матрас жасататындар да бағасының қолжетімді екеніне көңілдері қош. Мемлекеттің қолынан іс келетін жандарға жасаған жақсылығына дән риза Розигуль алғыстан басқа айтар дүнием жоқ дейді. Жолдасы Мұрат екеуі бүгінде көрпе, матрас тігу ісін бірлесе жүргізіп отыр. Олар маңдай термен, шын көңілмен жасалған отбасылық істің берекесін көретіндеріне бек сенімді.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ