Әйгілі Аспантау өзінің етегіндегі қасиетті Қарадаласында талайлаған перзенттерін құндақтап, алып тұлғаларды туғызған. Қазақ пен ұйғыр егіз ұлдай мекен еткен қасиетті Қарадалада ақындар мен жазушылар, сахна саңлақтары мен өнер жұлдыздары дүниеге келген. Қазақтың атақты Сәдіғожасын бесігінде тербеткен Ұзынқара жоталарының баурайында ұйғырдың Машур атты ақыны да ат ізін қалдырған екен. Оның көп жылғы табанды еңбегі мен артында қалған поэзия мұрасын ескеріп, ел ауылдағы мектепке де есімін беріп құрметтеген. Ол ақын, жазушы, ұстаз Мәшур Жалилов.
Аталмыш тұлғаның атына өзінің есімі берілген мектеп ауласынан кеудемүсін орнатылып, оның ресми ашылуы аудан көлемінде аталып өтілді. Ағымдағы жылдың 10 қарашасында Машур Жалиловтың кеудемүсінін ашып, еске алу шарасында болам деген халықтың қарасы Ұзынқараның етегіндегі Кетпен ауылына қарай ағылды. Шараның басы Сәдіғожа Мошанұлы атындағы Кетпен ауылдық мәдениет үйіндегі конференциядан басталды. Аталмыш шараға аудан әкімінің орынбасары мен ауданның зиялы қауым өкілдері, аудандық ішкі саясат, білім бөлімдері, ақынның ұрпақтары, көзінің тірісінде араласқан дос-жарандары мен өкшебасар іні-қарындастары, ұйғыр халқының жазушылары мен ақындары және алыс-жақыннан келген басқа да қонақтар қатысты. Конференцияның алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаевқа берілді. Ауданның білім саласында табаны күректей 45 жыл еңбек етіп, білім сапасының артуы мен тәрбие ісінің оң нәтижесіне зор үлес қосқан ұйғыр халқының мақтанышы Машур Жалиловтың аты әспеттеліп жатқан күнде көпшілікке ақжарма тілегін арнады. Артынша сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Нұрәкім Есжан ауданымыздың мақтанышы, ақын, драматург, қоғам қайраткері, жазушылар одағының мүшесі Нұрлан Оразалинның жолдаған ыстық ықыласын оқып беріп, аманатын ұрпақтарының қолына табыс етті. Машур Жалиловпен бірге ұжымдас болып, ауылдың білім ордасында иық тіресіп қызмет еткен досы, өкшебасар інісі, ауылдың беделді ақсақалы Тоқан Әлбеков арнайы мінбеге көтеріліп, көпшілікке пайдалы баяндамасын оқыды. Ақынның қазақша жазылған өлеңдерін талдап, көзі тірісіндегі арман-мақсаттарын жерлестерінің жүрегіне жеткізді. Қазақ халқына деген махаббатын айтып, патриоттық тақырыптағы шығармаларын талдап өтті. Қасында жүрген кездердегі қызық сәттерімен бөлісіп, жақындарының жанарына жас ұялатты. Одан кейін сахна төріне Машур ақынның әр салада табысты еңбек етіп жүрген ұл-қыздары шақырылып, туған елге ерекше алғыстарын жаудырып, келген қонақтардың біршамасының иығына қазақтың шапанын жауып, достықты дәріптеді. Әкенің артында қалған өшпес мұрасын айтып, оны ұрпаққа аманаттайтындықтарын жеткізді. Конференция аудандағы «Жазерке» халықтық ұлт-аспаптар ансамблі мен «Арзу» халықтық ән-би ансамблінің концерттік бағдарламасына ұласты.
Конференциядан соң ақынның есімі берілген ауылдық мектептің ауласында қойылған кеудемүсіннің салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. Аудан әкімінің орынбасары мен ақынның ұрпақтары бірігіп, мүсіннің ашылуын жасап, көпшілікті мектеп ішінен арнайы дайындалған шағын мұражай мен естеліктері қойылған кабинетке алып барды. Тіршілігінде пайдаланған тұрмыстық заттары мен киімдері, шығармалары таныстырылды. Осыдан кейін шараға жиылған жұртқа арнайы жайылған дастарқанда ас беріліп, құран бағышталып, ақын, ұстаз Машур Жалилов жайлы тың деректер мен шынайы мақтау әңгімелер, естелік сырлар айтылды. Кетпен ауылындағы білім ошағында табжылмай 45 жыл бойы бір ғана лауазымды атқарған ақын, жазушы Машурдың мұрасы осы күні тағы бір түгенделіп, ұрпақ алдында тағы бір дәріптелді.
Толғанай ҚАЙРАТҚЫЗЫ