Басты бет Заң және қоғам Қылмыс күрт көбейген

Қылмыс күрт көбейген

0
146

Аудан әкімдігінде ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Аудан прокуроры Қыбраев Бауыржан Маратбекұлы жүргізген жиынға ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Жиындағы алғашқы мәселе бойынша баяндаманы аудан прокурорының орынбасары Қайрат Қасенов жасады. Аудан аумағындағы қоғамдық-саяси ахуалға тоқталған Қайрат Әнуарұлы өткен бір жыл ішіндегі ауданда болған түрлі қоғамдық-саяси тұрақсыздыққа әкелген оқиғаларды жіпке тізді.

 Атап айтқанда, 2022 жылдың оқу жылында сапасыз мектеп формаларын беру фактілері орын алып, (мөлшері бойынша берілмеген, сапасы нашар) нәтижесінде бұқаралық ақпарат құралдарында жағымсыз мақалалар жарияланып, қоғамдық резонанс тудырған. Сонымен қатар Шонжы ауылының тұрғыны Р. есімді азамат бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Украина Республикасы аумағындағы қарулы қақтығысқа үгіт-насихат тақырыбында бейнеролик жарияласа, Тасқарасу ауылының тұрғыны К. ватсап желісі арқылы басқа топқа Түркия мемлекетіне көмек ретінде жиналған қаражаты бойынша түбіртекті ұйғыр тілінде жазып және ұйғыр ұлтының жалауын қойып жолдаған, кейіннен аталған мәселе үлкен дауға айналып, аудан тұрғындарынан кешірім сұрау арқылы қоғамдық-саяси ахуал тұрақтанған. Осы сынды бірқатар мәселелерді сөз еткен аудан прокурорының орынбасары Тасқарасу ауылында егістікке су жеткізу мәселесі мен Қалжат, Үлкен Ақсу ауылдарындағы ауыз су құбырының сапасыз құрылысы халық арасында көкейкесті мәселеге айналып, дау тудырып жатқанын да айтып өтті. Барлық деңгейлі мәслихат, мәжіліс депутаттарының сайлауы барысындағы бірқатар заңбұзушылықтар да назардан тыс қалмады. Осындай келеңсіздіктердің болуы ең алдымен аудан аумағында ұлтаралық қарым қатынасты нығайтуға бағытталған идеологиялық жұмыстардың  дұрыс жүргізілмеуінің салдарынан екенін айтты Қайрат Әнуарұлы.

Мұнан соң аудандық прокуратураның прокуроры Сауат Мекебаев адам өлтіру, жол көлік апаттары, ұрлық, мал ұрлығы, алаяқтыққа қатысты құқық бұзушылықтар санатындағы қылмыстардың алдын алу бойынша баяндама жасады. Баяндамашының мәліметтеріне сүйенсек, ауданымызда 2022 жылмен салыстырғанда ағымдағы жылы кісі өлтіру, жол көлік апаттары, ұрлық, мал ұрлығы, алаяқтық, оның ішінде интернет алаяқтық қарқынды өсуде екен. Иә, бұл мәселе біздің ауданда ғана емес, еліміз бойынша үлкен проблемаға айналып отыр. Тіпті Мемлекет басшысының өзі жуырдағы Жолдауында осы жайтты сөз еткен еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге назар аудару керектігін, құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтіп, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттыру қажеттігі жайында қадап айтқан болатын. Сонымен қатар Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына берген тапсырмаларының бірі алаяқтык жолмен жасалатын қылмыстарымен қоса ұрлық, мал ұрлығы, кісі өлтіру және көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзып, жол көлік апаттарына алып келетін қылмыстарды да ерекше назарда ұстауды тапсырған.        

Ағымдағы жылдың 8 айында аудан көлемінде аса ауыр санаттағы қылмыстар 300% (0-ден 3-ке дейін, оның ішінде адам өлтіру – 2, жас балаға қатысты зорлау – 1), ауыр қылмыстар 105% (20-дан 41-ге) өскен. Басқа да қылмыстар да көбейген. Нақтырақ айтсақ, қарақшылық 100% (0 ден 1-ге дейін), ұрлық 4,08% (47 ден 49-ға дейін), мал ұрлығы 190% (10-нан 29-ға дейін), алаяқтық 245,45% (11-ден 38-ге дейін), оның ішінде интернет-алаяқтық 300% (6 дан 24-ке дейін), жол көлік оқиғалары бойынша қылмыстық кодекстің 345 бабы бойынша қылмыстар 100,0% (4-тен 8-ге дейін) артқан. Прокуратура қызметкері осылардың арасында алаяқтық, мал ұрлығы, жол-көлік оқиғаларына арнайы тоқталып, талдау жасады. Күннен-күнге өршіп отырған интернет алаяқтық фактілері жайында нақты деректерді келтіріп, азаматтарымыздың қаржылық сауаттылығының жоқтығы, ескерту шараларының жеткіліксіздігі салдарынан 2022 жылдың 8 айымен салыстырғанда осы санаттағы істер 9-дан 24-ке, «Kolesa.kz», «Krisha.kz», «OLX» интернет-сайттарында және Instagram, Вконтакте әлеуметтік желілері арқылы алдау деректері бойынша ағымдағы жылдың 8 айында аудан аумағында 24 факт тіркелген. Мал ұрлығы да малды жандарға маза бермей тұр. 2023 жылдың 4 айында 130 ұрланған малдың қараусыз жайылымда жүргендігі анықталған. Көбіне мал өз бетімен, қараусыз, алыс қашықтықта жүреді. Бұл – қылмыстың орын алуына әкеп соқтыратын басты себеп. Сонымен қатар, малдарды есепке алу жұмыстары белгіленген деңгейде жүзеге аспауы да өз әсерін тигізуде. Сондай-ақ, ұрлыққа итермелеуші факторлардың бірі – жұмыссыздық, кіріс көзінің жоқтығы екенін айтқан прокуратура қызметкері жергілікті атқарушы органдарға жұмыссыздық деңгейіне бағытталған жұмыстарын жандандырып, нәтижесін қағаз жүзінде емес, жұмыссыздармен істелінген қылмыстар деңгейінің төмендеуімен көрсетуі қажет дегенді де тілге тиек етті. Биыл бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдардың да ұрлық жасауы артқан.

Осындай жаға ұстатарлық деректермен бөліскен прокуратура қызметкері мұндай құқықбұзушылықтардың өсуі полиция органдары тарапынан жұмыстың әлсіреуі, осы бағыт бойынша жергілікті атқарушы орган және білім бөлімімен профилактикалық жұмыстардың тиісті деңгейде жүргізілмеуі, учаскелік инспекторлар тарапынан алдын алу шараларының жоқтығынан дегенді жеткізді.

Мінбеге көтерілген аудандық полиция басшысының орынбасары Айдын Қасанбекұлы да өздері тарапынан атқарылған жұмыстарын айтып, ашылған қылмыстар турасында кеңінен мағлұмат берді. Әрине, жұмыс болған соң кемшіліктің болары сөзсіз. Шенділер тарапынан кеткен кемшіліктердің алдағы уақытта жойылатынын, қылмыстың ашылуы барысындағы төмен көрсеткіштерді алдағы уақытта жақсартуға жұмыс істелетінін жеткізді. Дегенмен оң нәтиже де жоқ емес. Мәселен, ұрлық қылмысының тіркелуі  25,3 % азайған,  яғни 2022 жылы 64 ұрлық тіркелген болса, 2023 жылы 48 ұрлық тіркеліп, ашылуы 78,0% құраған. Ал өткен жылы ұрылардың қылмысының ашылуы  71,9% болған екен. Оның ішінде: пәтер ұрлығы 12-ден 6-ға, ұялы телефон ұрлау 10–нан 6-ға азайса, мал ұрлығы керісінше 12-ден 27–ге көбейген.

Қылмыстың осы санатының алдын-алудағы басым бағыттардың бірі ретінде бейнебақылау жүйесін енгізу, сигнализацияға қосылу екенін айтқан баяндамашы  алдағы уақытта барлық жерде, көшелер мен кіреберістерде бейнебақылау камералары орнатылатынын, сондай-ақ, аудан әкімдігінің қолдауымен Ұйғыр ауданының адам көп шоғырланатын жерлерінде бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары жүргізіліп жатқанын, атап айтқанда, Алматы облысы полиция департаменті тарапынан ағымдағы жылдың соңына дейін 28 дана «Сергек» жүйесі бойынша бейнебақылау камералары орнатылатынын да жеткізді.

Прокуратура және полиция қызметкерлерінің баяндамаларынан соң аудан прокуроры Бауыржан Маратбекұлы біраз мемлекеттік қызметкерлер мен жауапты мамандардың жұмыстарын сын тезіне алды. Мәселен Шонжы ауылындағы жаңа мектеп маңына төселген асфальттың сапасыздығы жайында тұрғындардан түскен арыз-шағымдар туралы жауапты мамандар тіптен хабарсыз. Қылмыстардың өршуі, интернет алаяқтыққа алданғандар санының артуы сапалы жұмыстың жоқтығынан екенін де айтып, ел арасында түсіндірме жұмыстарының әлсіздігін жеткізді. Осындай сапасыз жұмыстың салдары ауыл азаматтарының алаяқтарға алданып, миллиондап мойнына несие еншілеуіне әкеліп отыр. Жуырда ғана ауданымыздың бір тұрғынының 7 миллион теңге қаржысын алаяқтар қолды еткен. Енді ол азамат сол несиені қалай төлейді, отбасын қалай асырайды дегенді ашына айтқан аудан прокуроры жаауапты сала мамандарына қатаң ескертулер берді.

Ауданда жол-көлік апаты көп. Аудан орталығындағы әл-Фараби мен Қасымбеков көшесі қиылысындағы бағдаршамның істен шыққанына да көп уақыт болды. Ауыл ішінде мотомен жарысып, жарақат алып, жапа шегіп жатқан жасөспірімдер де бар. Олар неге бақыланбайды? Ауылдарға патрульдік полиция қызметкерлері жиі шықпайды. Ауылдың іші қоқысқа толып жатыр. Оған да мән беріп, назар аударып, тиісті шара қолданып жатқан ешкім жоқ. Жолдар асфальттанып, жасалып жатыр, бірақ бірде-бір жол белгілері қойылмауда. Ауылдарға ауыз су тартылып жатыр, бірақ сапасы сын көтермейді. Заңсыз ішімдіктер сатылып, соның кесірінен адам өліміне әкелген қылмыс орын алып жатыр. Оның да алдын алуға ешкім әрекет етпеген. Міне, осындай түрлі қордаланған мәселелерді қаузаған аудан прокуроры Бауыржан Қыбраев  бірқатар мамандарға қылмыстар мен кемшіліктердің алдын алу жайында нақты тапсырмалар берді. Әрі бұл сыннан нәтиже міндетті түрде шығуы қажеттігін де қадап айтты.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Шухрат Нурахунов жиында көтерілген әрбір мәселе бойынша өз ойын, пікірін білдіріп, алдағы уақытта сол қателіктердің алдын алуға жұмыс істеуге шақырды. Иә, жиында сын айтылды, әрбір дерек шын айтылды. Себеп-салдар да сараланды. Алдын алу бойынша тапсырма да берілді. Әрине, бірінші рет емес. Өйткені кейбір сала мамандары берілген тапсырма мен айтылған сөзді дер кезінде орындамайды немесе орындауға құықсыз. Міне, мұны да ескерткен аудан прокуроры енді сырғытпа сылтау іске аспайтынын айтты. Тек нәтиже ғана нқты көрсеткіш екенін ескертті. Сын айтылды, енді нәтижесі де көңіл қуантса игі еді…

Анар Дүйсенбайқызы

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекел…