Басты бет Денсаулық Адамға ең қажеті – қан

Адамға ең қажеті – қан

0
414

Қан құю арқылы басқаларды ажалдан арашалауға болатындықтан, бүгінгі күнде қан беру құрметті іске айналғандығы ақиқат. Өзіңнің адами болмысың арқылы екінші бір адамның жанын сақтап қалу үшін қан беру сауапты іс десек те болады. Адам денесінің қан жасау қызметіне зерттеу жүргізу арқылы, лайықты мөлшерде қан берудің адам денесіне зиянсыз ғана емес, тіпті пайдалы екендігі белгілі болды. Сондықтан әр жылы донор болып адамға көмектесу арқылы өзіңіз де пайдалы іске себепші болатындығыңызды естен шығармағанымыз жөн.

Жалпы адам денесін ұстап тұратын қан екендігін бәріміз жақсы білеміз. 1881 жылы англиялық туыт дәрігері Джеймс Бланделл ауырлық күші арқылы қан құятын жабдық ойлап тауып, көп қан жоғалтқан босанып жатқан әйелге қан құйып, тарихтағы алғаш қан құю процесін сәтті орындады. Бұл қан құю технологиясы денсаулық сақтау саласында ұлы төңкеріс тудырды.  Адамзат қан тобының құпиясы ашылғаннан кейін ғана қан құю әдісі медицинаға шын мәніндегі жаңалық алып келді. Қазір техника көбейген, күніне жол-көлік апаты дегенді жиі еститін заман болды. Қансыраған, қан жоғалтқан адамдар да көп. Осындай сәтте адам жанын аман алып қалатын бірден-бір жол – қан құю. Медицинаның ең үздік үлгісі де осы сала деуге болатын шығар.

Аудандық аурухананың қан құю бөліміндегі Гүлдариға Хусунова деген медбикені жақсы танымасам да оның адамдарға деген ілтипаты мен адамгершілік қасиеті, жылы қабағы мен жылы сөзі үшін сырттай сыйластықпен қарайтынмын. Енді жақыннан танысуға мүмкіндік туды. Қан құю бөлімінде еңбек еткеніне 16 жылдай уақыт өтіпті. Көзге көріне бермегенімен бұл аса жауапты іс деп баға бердім. Осы он алты жыл ішінде қаншама адамның жанына араша болып, өмірге қайта оралуына себепкер болған жанды әңгімеге тарттым. Байсалды, биязы сөйлейтін кейіпкерім ең алдымен атқаратын жұмысы туралы айтты. Басты міндетім – аудан тұрғындарына қажет кезде тиісті қан тобының болып тұруы. Өмір болған соң қан аздылық, туыт кезінде көп қан жоғалту, апатқа түскендерге қан тауып беру керек кездер өте көп болып тұрады. Қан тапшылығы болмауын қатаң қадағалаймын. Өйткені запаста қан болмай қалса сол сәтте қажеттілік туындаған адамға көмек бере алмасам, онда ол менің жауапсыздығым болады, – деп сөзін сабақтай түскен мейірбикеге мейірлене қарадым.

Алматы қаласындағы республикалық қан орталығынан, Қаскелең қаласына орналасқан облыстық қан орталығынан қан компоненттерін алып келеді екен. Қан тобын анықтау да Гүлдариғаның міндетіне жатады. Донор болам дегендерді де құшағын жая қарсы алатын Гүлдариға екен. Тасқарасу ауылында дүниеге келген кейіпкерім ондағы орта мектепті үздік бағаларға аяқтаған соң Алматы қаласындағы байланыс колледжіне  экономист мамандығы бойынша оқуға түседі. 1996 жылы оқуын бітіріп, қолына диплом алып келген жылы Шонжы ауылындағы Сқабыловтар отбасына келін болып түседі де, келіндік міндетіне өтеуге көшеді. Ата-енесімен сол күннен бері бір шаңырақ астында бақытты өмір сүріп келеді. Дүниеге төрт перзент әкелген алтын құрсақты ана. Жұмысы қан тасымалдау болғандықтан кейде түнделетіп жүретін мезеттер болатындығын, сондай кезде ата-енесі балаларына бас-көз болып, алаңсыз қалаға жүре беретіндігін үлкен мақтаныш сезімімен жеткізді. Жан жары Нұрлан Сқабылов құс фабрикасында бас электрик қызметінде. Ол да күндіз-түні жұмыстан шыға алмай жатады, сонда балалардың тамағы пісулі, киімдері жуулы екендігін айтқанда өз өміріне ризашылығын да аңғартты. Қан құю бөліміне Ақжолтай Тұрдәліұлы жұмысқа алып, зор сенім артатындығын білдіргенін өзіне аманат ретінде қабылдағанын да жасырмады. Сол кісінің адам саулығы жолындағы ең негізгі жұмыс сенікі, саған жаңылысуға, қателесуге болмайды деген сөздері әлі күнге санамда сайрап тұр деп, сол кездегі басшысының сеніміне селкеу түсірмеуге тырысып келе жатқандығын айтқанда шынымен жүзі нұрланып шыға келді. Экономистік жұмысын бірден басқа салаға бұрып, медицинаны таңдап, бұл бағытта өзіндік қолтаңбасын қалдырып келе жатқандығына дән риза Гүлдариғаның ата-енесіне деген құрметінің ерекше екендігін сездік. Балаларының жеткен жетістіктеріне мақтанышын көрдік.Үлкен қызы Бағила Нұргелді Халықаралық шет тілдері университетін бітіріпті, қазіргі таңда «Бметалл Сити груп» компаниясының  директоры, Аружаны  Қазақтың аграрлық университетінің «Агрохимия мамандығы бойынша» магистранты,  Алтынайы Алматы Ішкі істер академиясының курсанты, кенжелері Ерасыл әлі мектеп қабырғасында екен. Отбасы бақыты мен кәсіби мамандығынан рахат алып, оның жемісін көріп отырған жанның келбеті өзгеше көрінеді екен.

Адам жанының сақшысы саналатын медицина мамандығы қашанда құрметке ие. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де қан құю бөлімінде тынымсыз еңбек етіп жүрген мақтауға тұрарлық жан. Әңгімеміздің соңында донор болсаңызшы деген тілегін жеткізді. Жұмысына деген жауапкершілігі мен талапшылдығы ғой деп іштей қуанып шықтым жанынан.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МӘМС: Алматы облысында 28 мыңға жуық ота жасалды

Алматы облысында биыл МӘМС жүйесі арқылы 27 700-ден астам ота жасалды. Жоғары технологиялы…