Жылда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан жаңалық күтетініміз рас. Білім күні ол өз халқына құнды құжатын жолдады. Биылғы Жолдауда стратегиялық бағыттар – су мен көлік және электр станциясының мәселесі көтерілді. Бұл жайында әркез айтылып жүр. Дегенмен арнайы су және көлік министрліктері құрылып, оларға нақты тапсырмалар берілді. Ендігі жерде қажетті талаптар осы құзырлы министрліктерге қойылатын болады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде өткен қыста еліміздің жылу электр станцияларында қайта-қайта апат болды. Бұл жағдай жылдар бойы шешілмеген мәселенің бетін ашып берді. Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Индустрияландыру қарқынын да тежейді. Яғни, инфрақұрылымды жаңғыртпасақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін еместігін айтып, үкіметке оның шешу жолдарын анықтауды ұсынды.
Энергетикалық қауіпсіздік мәселесін де шешу қажет. Бұл салада қолдан келгенше өз ресурстарымызға арқа сүйеген абзал. Басты міндет электр энергетикасы саласына жүктеледі. Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты іске қосылады. Биыл Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің бірінші блогын қайта құру жұмыстары аяқталады. Бұрын ешқашан толық қуатын пайдаланып көрмеген станцияның 8 блогы түгел жұмыс істейтін болады. Қазір екінші ГРЭС-ті кеңейту жобасы жүзеге асырылып жатыр, үшінші ГРЭС-тің құрылысы басталады.Түптеп келгенде, Қазақстан электр қуатын басқа жақтан алмауға тиіс, яғни көршілес елдерге тәуелді болмауы керек. Біздің қазіргі ахуалымыз мәз емес. Бұл – ең алдымен, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі. Жалпы, қай жағынан алып қарасақ та, бұған мүлде жол беруге болмайды, – деп мәселені төтесінен қойды. Жаңаша шешім қабылдау керектігін ескертті тиісті лауазымды тұлғаларға.
Су мәселесі де көптен көтеріліп келеді. Әсіресе егіс алқаптарына судың жетпей жатқандығын бәріміз жақсы түсінеміз. Ендігі жерде су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұрғандығын тіліне тиек еткен Қасым-Жомарт Кемелұлы жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өсіп отырғандығын айтты. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер екендігін таптап айтқан мемлекет басшысының сөздері жерде қалмай бір нәтиже шығады деген сенімдеміз. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылатындығын да ескертті.
Су қай кезде де стратегиялық объект саналатын, сусыз тіршілік жоқ. Сондықтан биылғы Жолдауда көтерілген келелі мәселелер сөз жүзінде қалмай шешімін тапса екен деген ниеттеміз.
Мақсат МАДАМИЛОВ,
аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы