Басты бет Иман ТӘРБИЕ ТАЛ БЕСІКТЕН…

ТӘРБИЕ ТАЛ БЕСІКТЕН…

0
1,409

ТӘРБИЕ ТАЛ БЕСІКТЕН…

Аудандық кітапханада жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Имандылық –– тәрбие негізі» атты кездесу өтті. Жастарға адамгершілік, ізеттілік, имандылық секілді құндылықтарды бойына сіңіру, «Иман» сөзінің нақты мағынасын түсіндіру, дін туралы пікірлерін кеңейтіп, рухани тазалыққа тәрбиелеу мақсатында өткен жиналысқа Шонжы ауылындағы №3 мешіттің бас имамы Бақтияр Ахметов, дін істер басқармасы Ұйғыр аудандық инспекторы Жеткіншек Жұмақанов, «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері мен аудан жастары қатысты.
Кездесуде сөз тізгінін ұстаған аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Нұрсұлтан Болатұлы ислам дінінің тәрбиеге қосар үлесінің зор екендігін айта келе, бабадан қалған тәрбиенің маңыздылығы жайында сөз қозғады. Имандылық –– адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуші қасиет, адам бойындағы ізгілік пен кісіліктің белгісі. Бұл жастардың үлкенге құрмет көрсетуі мен үлкендердің кішіге ізеттілік танытуынан бастау алатыны сөзсіз. Адам баласының шыр етіп жарық дүние есігін ашуы, өсуі, ер жетуі, тіршілік етуі, кәрілікке жетуі, ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынасы, үлкендік пен кішілік, сыйластық, әдептілік, инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер – имандылықтың құрамдас бөлігі. Осындай ізгіліктерді жіпше тізіп, дәстүрлі діннің асыл қасиеттерінен толық әрі нақты ақпарат беріп, мұсылмандардың міндеті жайында сөз қозғаған Шонжы ауылындағы №3 мешіттің бас имамы Бақтияр Әбуұлы жастарға ораза ұстаудың ережесімен, ондағы рұқсат етілген және рұқсат етілмеген жағдайларды түсіндіріп өтті. Сондай-ақ бала тәрбиесінің маңыздылығын, ұяда не көрсе соны ілетіндігін, жақсы қасиеттерді бойына сіңіру үшін жақсы іс-әрекеттердің, сөздердің болуы керектігін айтты. Бабаларымыз бойына адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен баланы «көргенді», жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, жақсылық жолын ойлайтын жасты «иманды» деп атаған. Демек, бабаларымыз тәрбиелеген ұрпақтарының иман жүзді болуына кәміл сенген. Бүгінгі таңда діни сауаттылықтың әлсіздігінен, отбасындағы қарым-қатынастың оң болмағандығынан қоғамдағы болып жатқан жағдайлардың барлығын заманға итеріп қоямыз. Осындай негізде дәстүрлі дінінен адасып, кері ағымға ілескендердің тағдыры жайында баяндаған Жеткіншек Жұмақанов жастарды діни сауатты болуға шақырып, теріс пиғылдылардың мінез-құлқы жайында түсінік берді.
Ғылым мен білімді үйреніп, адал жолмен күн көруді құлшылық деп санайтын ислам дінінің бейбітшілік пен қамқорлыққа бастайтыны баршамызға белгілі. Алайда қазіргі кезде ислам мен қазақы салт-дәстүріміздің ара жігін ажырату үшін әртүрлі уағыздарын айтып, елді алдап жүрген топтардың өрескел әрекеттері қоғамды алаңдатуда. Мұндай топтарға жастардың тез ілігіп, арбалып жататынын да көзбен көріп жүрміз. Соған қарай теріс пиғылдылармен күрес те өз күшінде. Ендігі кезекте дәстүрлі дініміздің бағытын, бағдарын, құндылықтарын, асыл қасиеттерін біліп, түсінуіміз қажет-ақ. Сондықтан да бабадан мирас болып қалған қазынамызды жан-жаққа шашпағандай, дәстүрлі дінімізге де берік болғанымыз абзал.


Думан ТОЙҒАЗЫҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАТ ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ДІТТЕГЕНІ НЕ НӘРСЕ?

Бүгінгі қоғам өте қызық. Ондағы тіршіліктің қайсысы жақсы, қайсысы жаман деп ойыңды қорытқ…