Биылғы мерейтойлар қатарында Бикен Римованың жүз жылдығы да бар. Кино саласында ерекше ойынымен, дара талантымен көрерменнің көзайымына айналған Бикен апамыз театрда өзіндік соқпағын салып кеткен сахна саңлағы. Оның басты емес рөльдерінің өзі елдің есінде сақталып, жүріс-тұрысы, сөзі санаңнан шықпай тұрып алатыны талант иесінің айрықша қабілетінен екендігі даусыз. Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қырғыз Республикасы өнерінің еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бикен Римова 1923 жылы бұрынғы Талдықорған облысы, Қаратал ауданы (қазіргі Қанабек ауылында) туған.
1939 жылы Бөрілтөбе аудандық орта мектебінің 7 сыныбын бітірген соң Алматы есеп-кредит техникумының экономика факультетіне түскен. Жарты жылдан соң көңілі тартпаған оқуды тастап, театр-көркемсурет училищесіне түскен. Оқып жүрген кезде «Абай» қойылымындағы массовкаға қатысады. Бұл Бикен апамыздың театр табалдырығын ең алғаш аттаған кезі екен. 1941 жылы М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына жұмысқа қабылданып, ғұмырының соңына дейін, яғни 60 жыл өмірін театрға арнаған нағыз дарын иесі. Өзі актер бола жүріп, қаншама жастарды өнерге шыңдады. Шынайылық болмысы оны биік шыңдарға шығарды. Таза талант, аса биік дарын иесі кез келген рөлін шынайы орындап шығатын. «Менің атым Қожа» фильміндегі Қожаның анасының рөлі ешкімнің жадынан шыға қоймады деп ойлаймыз. Сол кезеңдегі әйелдердің мойнына түскен ауыртпалықты, әйел тағдырын қалай ойнап шықты. Мектепке жиналысқа шақыртылатын тұсында оған жаны ашымаған жұрт болмаған болар. Баласы үшін отқа да, суға түсетін ана бейнесі керемет шыққан. Оның басындағы орамалы, жүрісі, жайлаудағы тойға барғанда баласымен кездесуі тамаша жасалған. Классика деген осы болар. Одан бөлек «Тақиялы періштедегі» образы, «Шабандоз қыз», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» фильмдерін көргендер Бикен Римованың сан қырлы актриса екендігіне көз жеткізеді.
60 жыл өмірін театрға арнау да үлкен ерлік. Шаршамай, шалдықпай сахнада сөзінен жаңылмай әртүрлі образға ену дегеніңіз екінің бірінің қолынан келетін дүние емес. Өз басым М.Әуезов атындағы драма театрында «Ана – Жер Ана» спектаклінде алғаш рет Бикен апамның ойынын көрдім, ойыны деп айту дұрыс емес те шығар. Ана-Жердің күңіренген дауысын естідім, көзден парлап аққан жасын көрдім. Не деген ауыр шығарма еді деп, көңілімнің парша-паршасын шығарған спектакльден құр сүлдерімді сүйреп шыққаным есімде. Бұл ненің құдіреті десем Бикен апамның талантының, қабілетінің құдіреті екен ғой.
Өзінің шығармашылық жолын Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» қойылымындағы басты кейіпкер Еңлік рөлін сомдаудан бастаған. Театрдағы рөлдері көбінесе әйел образын ашуға, оның болмысын көрсетуге бағытталады. М.Әуезовтың «Еңлік-Кебегінде» – Еңлік, «Қаракөзде» – Маржан, Ш.Айтматовтың «Ана – Жер Анасындағы» Жер-Ана, Н.Гогольдің «Ревизорында» Пошлепкина секілді рөлдері ерекше атап өту қажет.
Бикен Римова 1966 жылы Қазақ КСР Халық әртісі мен Мемлекеттік сыйлығының Лауреаты атағын иеленді. «Актер өнері – екінің біріне қонбайтын ерекше бақыт. Ол өзгенің өмірін жаңғырту жолында жүріп, өз өміріне тауқымет тауып алатын күрделі кәсіп»,– деп белгілі театр сыншысы Ә. Сығай айтқандай, күрделі мамандыққа бас тіккен қазақ актерлері мен актрисалардың қатарында шоқтығы биік тұлғалардың бірі – Бикен Римованы айтар едім, – деген сөзіне біз де қосыламыз. Бикен апамыздың сахнаға шығарған кез келген дүниесі құбылыс деуге болады. Ол басты рөл немесе қосалқы эпизод болуы мүмкін. Қалай айтсақ та таңдаған мамандығына шынайы берілгендік, көрерменіне деген махаббаты оны бүгінгідей биік деңгейіне шығарғаны даусыз. Бикен Римова қазақ өнеріне шексіз қызмет еткен жан. Киелі сахнаның қыр-сырына қанығып, көзі ашық сан мыңдаған көрерменнің көңілінен шығарлықтай образды нанымды етіп бейнелей білу – актрисаның ерен еңбегінің, тынымсыз ізденісінің жемісі екені сөзсіз. М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында жұмыс істеді. Осы театрда 60 жылға жуық өмірін өнерге арнаған талантты актриса театр сахнасында қазақ және шетелдік драматургтерінің пьесалары бойынша 170-тен астам рөлдерді сомдапты.Тұңғыш ойнаған рөлі – Ғ.Мүсіреповтің «Ақан Сері — Ақтоқты» трагедиясындағы Мәрзияның рөлін сәтті алып шықты. Ол көптеген рөлдерді орындауымен қатар, қазақ сахнасында замандастар образын жасауға елеулі үлес қосқан тұлға. Бикен Ырымқызы мықты актриса ғана емес пьеса жазған драматург, кітап жазған жазушы. Талантты адам барлық жағынан талантты болады деген ұғым Бикен апамызға арналғандай. Сахнада қаншама дүниені жаттап, оны жүрек түкпірінен шығарып, жан беріп, жан алысып жүріп «Абай – Әйгерім», «Қос мұңлық» сынды пьесаларды дүниеге әкелген драматург. Сондай-ақ ол әдебиет әлемінде де өзіндік қолтаңбасын қалдырды. «Еңлікгүлім», «Өнердегі өнегелі өмірлер» атты қос кітаптың авторы. Кез келген әртіс драматург немесе жазушы бола алмайтындығын бәріміз жақсы білеміз. Бұл да Алланың бір адамның басына берген бағы. Сахнада қандай шынайы болса, өмірде де бар болмысымен, адалдығымен шаңырағын шайқалтпаған, достарына жанашыр, шәкірттеріне ұстаз бола білген жан.
Бикен Римованың фильмдегі образдары – кимешек киген, ақ жаулық оранған, тау сілемдеріндей қатпарланған әжімдері өмір іздеріндей көрінетін, кеудесі тола білім-ілім болған аяулы Ана бейнесі. «Менің атым Қожада» Қожаның анасы – Миллат, Талғат Теменовтің «Адамдар арасындағы бөлтірікте» – Алтын апа, Ардақ Әмірқұловтың «Абайында» Абайдың әжесі – Зере, «Ай астындағы үйде» Шырайдың, «Ұлдың қайта оралуында» Рәбиға ананың образдарын сомдады. 1995 жылы «Абай» фильмі түсіріліп жатқанда Бикен Римованың туған баласы Хасан дүниеден өтті. Басына түскен қиын жағдайға қарамастан түсірілім алаңын тастап кетпей, шыдамдылық пен төзімділік танытқанын сол фильмнің айналасында жүргендер әлі күнге дейін үлкен толғаныспен айтып жүр. 1998 жылы үздік деп танылған Ермек Шынарбековтың 465 сериалы «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясындағы Гүлбибі апаның образы Б. Римованың соңғы рөлі болды. Батылдық пен өжеттілікті, қайсарлық пен табандылықты бойына сіңірген өнер анасының жүріп өткен жолы бүгінде жас ұрпаққа жарқын үлгі әрі үлкен мектеп.
Б. Римова театрда, кинода қалай жарқырай танылса, отбасында да бәріне үлгеретін қарапайым ана еді. Бұл турасында ұлы Көбей Шахметұлы: «Бәріне үлгеретін еді. Әкеміз кең, жұмсақтау адам болды. Ол кісіден қорықпағанымызбен анамыздан қатты қорқатын едік», – дейді. Қыз балаға ине ұстап, тігін тігуді, саналы адам болып қалыптасуды үйрететін. Ісмерлігі әрі әр нәрсені сәтімен орайластырып жіберетіні туралы Бикен апаның қызы Меруерт-Сағи Шахметқызы: «Бір минут бос отырғанын көрмеппін. Ас әзірлейді, болмаса сүйікті ісі – тігін тігеді. Сахналық қойылымдардағы рөлдеріне байланысты көйлектерін өзі тігіп, бисермен сәндеп, әрлеп отыратын», – деп бала көңіл тебіренеді.Үйдің сәнін келтіріп, балаларын ұлттық тәрбиемен сусындатқан Бикен апамыздың өмір жолы бүкіл бір ұлтқа өнеге болмақ.
Бикен Римова – аналар бейнесінің алтын діңгегі. Оған дәлел, фильмдегі ана образдары, өзі жазған «Қос мұңлық» пен «Абай – Әйгерім» пьесаларындағы кейіпкерлер және құрсағынан шыққан үш баланың екеуі айтқан әңгіме. Бұдан асып не айтуға болады. «Қос мұңлық» туындысы тәлім-тәрбиеге үйрететін, жаманнан жиренуге, жеңіл өмір сүруге болмайтындығын ескертетін шығарма. Ақылсыз балалардың аналарын қарттар үйіне апарып тастауға себеп болған дүниелері мен Күнзипа мен Гүлбарам аналардың мұңы мен зарын ұрпағына ескерту ретінде жазған пьеса деп қабылдадық. Бүкіл ұлтқа ана бола білген Бикен Римованың тау тұлғасы, шынайы бейнесі, өмірлік ұстанымы кеудесінде жаны бар әр пендеге үлгі болуы тиіс.
Заманымыздың бірегей өнерпазы Бикен Римованың есімі, оның ойнаған кейіпкерлері, адами әлемі, жазып қалдырған мұралары халық есінде ұмытылмастай болып сақталып қалды. Халқымыздың мақтанышына айналған Бикен апамызда қазақ театрының іргетасын қалаған туа бітті талант бар. Қазақтың бүкіл болмысын бойына сіңіріп, сол арқылы өнерге келген. Өмірінің соңына дейін сахна төрінен түспеген айтулы өнер иесі 2000 жылы 77 жасында 6 қаңтарда Алматы қаласында дүниеден өтті.
Баян МАМЫРБАЕВА