Басты бет Мәдениет және руханият БАХАРЛЫҚТАРДЫҢ ҚУАНЫШЫ

БАХАРЛЫҚТАРДЫҢ ҚУАНЫШЫ

0
453

Астана күні қарсаңында Бахар ауылында жаңа мәдениет үйінің ашылу салтанаты болды. Ғимарат алды мерекелік безендіріліп, шарлар ілініп, салтанатқа жиналған қауым сәнді киімдерімен дүбірлі тойдың сәнін аша түскен.Тойдың басын батамен ашқан ауыл ақсақалы Әбілқайыр Қойлыбай жиналған қауымға бата берсе, оның ұлы Ұлан Қойлыбай арнау өлеңімен шашу шашты. Сонан соң алғашқы құттықтау сөзін айту үшін жұрт алдына аудан басшысы Шухрат Нурахунов шықты. Бахарлықтарға 244 орынды мәдениет ошағы есігін ашқан күнмен барлық жиналған жұртты құттықтап, өзінің ыстық ықыласын жеткізді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын. Үкімет ауылды дамытуға арналған бар­лық жобаны жүйелі түрде реттеп, жи­нақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түр­де тиімді жұмыс жүргіземіз», – деп айтқан сөзін мысалға алып осы орайда ауданымызда әртүрлі мемлекеттік бағдарламардың негізінде көптеген әлеуметтік нысандар іске қосылып, халқымызға қызмет көрсетіп отырғандығын тіліне тиек етті.

Бахар ауылында да сондай күрделі өзгерістер мен жаңашылдықтар жоқ емес. Бірнеше жыл бұрын ауылдағы су жүйесі ретке келтірілсе, бүгінгі күнде 4 орталық көшелерге асфальт төселді. Ағымдағы жылы Бахар ауылына газ жүйесін орнату және Райымбек батыр көшесінде аллея жасалынып, воркаут, балалар алаңдарын орнату мақсатында жобалық-сметалық құжаттама жасақтау жұмыстары жоспарланып отырғандығын мақтанышпен жеткізді.

Бүгін Бахар ауылдық клубының күрделі жөндеуден кейінгі ашылу рәсіміне қатысып отырмыз. Ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту, ауыл тұрғындарының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қол жетімділігін қамтамасыз ету және тұтастай алғанда өмір сүрудің қолайлы ортасын құруға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бюджеттен қаражат қарастырылып, ауылдық клуб жаңа көрініске ие болды. «ШАХ» құрылыс компаниясы мердігер ретінде анықталып, келісімшарт негізінде өз жұмыстарын уақытында аяқтады. Клубта 240 орынды көрермендер залы, 7000 кітап қорымен кітапхана, үйірме бөлмелері, материалдық-техникалық базамен толық қамтамасыз етілген.

Бұл шара туған жеріміздің рухани дамуына және бай мәдени мұрамызды дәріптеуге зор үлес қосып жүрген жандарды біріктірген, шығармашылық адамдарына деген айрықша құрметтің белгісі, әрбір ауыл тұрғыны үшін ерекше күн. Сондықтан алдағы уақытта ауылдық клуб халыққа рухани мәдени қызмет көрсетіп,  көптеген жетістіктерге жетеді деген сеніммен сөзін қорытындылады.

   1978 жылы салынған клуб жаңаша түрге еніп, ауыл тұрғындарының көзайымына айналатындығына бек сенімдіміз. Шараның жалғасы ауылдың әжелер ансамблінің концертіне ұласты. Аудандық мәдениет үйі жанындағы «Жазерке», «Арзу» ансамбльдерінің қыз-жігіттері де өздерінің сыйлықтарын ән-жырмен тарту етті. Қуаныштары қойындарына сыймаған бахарлықтар сахнаға шығып ән айтып, ізгі тілектерін жеткізіп жатты. Ауылдың мәдени ошағы халқына қалтқысыз қызмет етеді деп сенелік.

Баян МАМЫРБАЕВА

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…