Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған қыркүйектегі Жолдауында әлеуметтік салаға ерекше назар аударды. Жолдауда берілген тапсырмасына сай елімізде «Әлеуметтік Кодекс» әзірленіп, 1 шілдеден бастап ол қолданысқа енгізілді. Кодекс жаңадан дүниеге келген баладан бастап, еңкейген қарияға дейін әлеуметтік жағынан қорғалуын, қамсыздандырылуын қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі қазақстандық отбасын нығайтуға және дамытуға арналған базалық жағдайларды жасауға бағытталған жаңа әлеуметтік саясатты құруға негіз болады. Әлеуметтік кодекстің қабылдануы осыған дейін қолданылып жүрген 17 Заңның күшінің жойылуына әкелді. Мысалы, бұрындары мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері 5 заңмен реттелген болса, қазір ол бір ғана Әлеуметтік кодексте баяндалады. Баяндау тәртібі әр адамның туғаннан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейінгі өмір жолының кезеңдеріне сәйкес, барлық адамда бірдей бола бермейтін қажеттіліктерден туындауы мүмкін шараларды (өмірлік қиын жағдайдағы адамдар үшін әлеуметтік кепілдіктер) көрсете отырып құрылған. Әлеуметтік кодексінің жобасында келесі бағыттар бойынша бірқатар шаралар қарастырылған: Отбасының цифрлық картасын енгізу, жұмыспен қамту саласындағы жаңа тәсілдер, жаңа көші-қон саясаты, балалы отбасыларды қолдау шаралары, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту, зейнетақы төлемдерін арттыру.
Бүгінгі таңда ауданымызда 8303 зейнет жасындағы азаматтар, 2992 мүгедектігі бар адамдар (І топтағы – 242, ІІ топтағы – 1389, ІІІ топтағы – 1022, мүгедек балалар – 339/, 1287 көп балалы аналар бар. Жыл басынан айлық есептік көрсеткіш 3450 теңге мөлшерінде болды, күнкөріс деңгейі ІІ тоқсанда 48175 теңге (кедейшілік шегі – 33723 теңге/ болып бекітілді. Соған байланысты барлық әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері өсті.
Жолдауда берілген тағы бір тапсырмаға сай әрбір отбасының цифрлық картасы жасалынды. Бұл жоба былтыр қыркүйек айынан бастап «қанат қақты» режімде іске қосылып, биыл қаңтар айынан бастап толық күшіне енді.
Бұл картаның ерекшілігі әрбір отбасының әлеуметтік жағдайы сол карта арқылы қадағалауға алынып, отбасының қандай көмекке мұқтаж екендігі анықталады. Сонымен қатар бала туылуына, бала күтіміне, көп балалы отбасыларға, әлеуметтік жағдайы кедейшілік шегінен төмен отбасыларға берілетін жәрдемақылар ұялы телефондарына хабарлама келу арқылы тағайындалады. «ИӘ» деген сөзді басқаннан кейін өтініштер автоматтандырылған жүйеде қалыптасады. Құжат жинау, кезек күтудің қажеті болмайды.
Елімізде мүгедектігі бар адамдардың денсаулығын жақсарту басты назарға алынған. Былтырғы жылдан бастап мүгедектерге арналған оңалту бағдарламалары әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүргізілуде. Жыл басынан осы мерзімге дейін аудан бойынша мүгедектердің денсаулығын жақсарту мақсатында портал арқылы 599 қызмет көрсетілді. Мұнда протез-ортопедиялық құралмен, сурдо-тифло құралдарымен, кресло коляскамен, санаторлық-курорттық емделумен, жеке көмекші қызметімен, міндетті гигиеналық құралдармен қамту осы портал арқылы іске асуда. Бұл порталдың ерекшілігі әрбір мүгедектігі бар адам өзіне қажетті бағдарламаны өзі таңдау арқылы іске асырады.
Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында 457 отбасына 163 млн. теңге сомасында атаулы әлеуметтік көмек және АӘК алушылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға кепілдік берілген әлеуметтік топтама шеңберінде қосымша төлем 699 балаға 18 млн. теңге тағайындалып төленді.Мүгедек балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеуі бойынша 88 балаға 8 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сомасы 3 939 580 теңге көлемінде жәрдемақы төленді.
Аудан әкімдігінің қаулысына сәйкес жыл басынан Ұлы Отан соғысының 1 ардагеріне коммуналдық қызметтің шығындарын өтеу үшін 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 6 айға 62100 теңге әлеуметтік көмек тағайындалып төленді. Аудандық мәслихаттың шешіміне сәйкес мерекелік күндеріне орай Ұлы Отан соғысының ардагеріне 1 500 000 теңге, Ауған соғысының 21 қатысушысына 3 150 000 теңге, 242 тыл еңбеккерлеріне 7 260 000 теңге, ҰОС ардагерлерінің 2 жесіріне 60 000 теңге, басқа мемлекеттердің аумағында ұрыс қимылдарының ардагерлеріне (Таулы Карабах) 3 адамға 450 000 теңге, 25 тәжік-ауған мемлекетінің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне 3 750 000 теңге, Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген 16 адамға 1 600 000 теңге, 21 Чернобыль апатына қатысушыларға 3 150 000 теңге бір жолғы көмек төленді.
Әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын 18 адамға 2 352 412 теңге және пробация есебінде тұрған 8 адамға 414000 теңге төленді. Жан басына шаққандағы орташа табысы облыс бойынша ең төмен күнкөріс деңгейінің 70% қатынасынан аспайтын мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және оқытылатын 173 балаға 8 507 725 теңге көмек көрсетілді.
Аудандық мәслихаттың шешіміне сәйкес аудандағы аз қамтылған 202 отбасына 7 млн 256 мың теңге мөлшерінде тұрғын үй көмегі төленді.
Ауданымыздың ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының 1700 мамандарына бюджет қаражаты есебінен 29 млн 325 мың теңге көлемінде (коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша 5(бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде) әлеуметтік көмек төленді.
Жыл сайын елімізде 300 мыңнан астам жас еңбек жасына жетеді екен. Қазақстанның еңбек нарығының болашағын осы жастар анықтауда. Бүгінгі күні жастар жұмыспен қамтылғандардың 60 пайызын құраса, ал 2030 жылға қарай олар барлық жұмыс күшінің 80 пайызынан асады. Сонымен қатар, цифрландыру мен автоматтандырудың әсерінен жұмыс орындарындағы технологиялық процестер жылдам өзгеріп, жаңа кәсіптер пайда болды.
Осыған байланысты Ұлттық біліктілік жүйесін қайта қарастырып, жұмыс берушілер мен қызметкерлер үшін үздіксіз біліктілікті арттыру жүйесін құру қарастырылды. Еңбек делдалдығын арттыру мақсатында ҚР Әлеуметтік кодексін іске асыру шеңберінде 1 шілдеден бастап еліміздің облыс орталықтары мен мегаполистерінде 20 еңбек мобильділігі орталығы құрылды. Ал халықты жұмыспен қамту орталықтары мансап орталықтары болып қайта құрылып отыр. Жұмыспен қамту, ерікті түрде қоныс аудару, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау сынды қызметтер өзгеріссіз, бұрынғы мекенжайлар бойынша орналасатын мансап орталықтарында жалғаса береді. Халықты әлеуметтік қамсыздандыру саласында жасалған істер көп. Алдағы уақытқа жоспарланған игі істердің де ауқымы кең. Бастысы халықтың мұң-мұқтажы, өзекті мәселесі назардан тыс қалмайтындығы.
Вахидин АМИРДИНОВ,
аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік
бағдарламалар бөлімінің басшысы