Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық және кәсіби білім беруді белсенді дамыту бойынша тапсырма берген еді. «Техникалық және кәсіби білім беруді белсенді дамыту керек. «Жас маман» жобасының аясында біз 180 колледждің материалдық-техникалық базасын жаңартамыз. Тегін кәсіби техникалық білім беру бағдарламасы жыл сайын 100 мың студентті қамтып отыр», — деген болатын Тоқаев. Осыдан соң 2 жыл бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық жобалар тізбесін бекіту бойынша жарлыққа қол қойып, соның негізінде 2021-2025 жылдарға арналған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы қабылданды. Аталмыш ұлттық жобадағы міндеттердің бірі – техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. Бұл бойынша 2025 жылға қарай жастарды тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту көзделген.
Кәсіптік білім беру – заман талабы. Жаһандану мен индустрияландыру жағдайында сапалы жұмысшы кадрларды даярлау – кез келген мемлекеттің саясатындағы негізгі міндеттің бірі. Сондықтан да техникалық, ауылшаруашылық және халыққа қызмет көрсету бағытында мамандар даярлайтын колледждер саны жыл сайын артып келеді. Орта кәсіптік білім оқушыларға колледждерде беріледі, мұнда кәсіптік білім беру ісі арнаулы орта білім берумен ұштастырыла жүргізіледі және бұл орта кәсіптік білімі бар мамандарды даярлауға бағытталған.
Ауданымызда да дәл осындай кәсіптік білім беретін Шонжы политехникалық колледжі жұмыс істейді. Шонжы политехникалық колледжі — заманауи білім беру жүйесі, білім алушылардың, оқытушылардың, қызметкерлердің, жұмыс берушілердің және басқа мүдделі тараптардың мүддесінде жұмыс істейтін заманауи инфрақұрылымы бар инновациялық білім беру мекемесі. Оқу орны білім беру нарығында 60 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Ең әуелі аталмыш білім ордасы Қазақстан ССР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 1959-жылы Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Кетпен ауылында Чапаев атындағы техника жөндеу станциясы жанында механизаторларды даярлайтын курс көлемінде ашылды.
1963 жылы №144 ауылдық кәсіптік училище болып Шонжы ауылына көшірілді. 1980 жылы № 9 орта кәсіптік техникалық училище болып аталды. 2003 жылы № 9 кәсіптік мектеп, 2008 жылы №9 кәсіптік лицей, ал 2013 жылы «Шонжы политехникалық колледжі» МКҚК болып өзгертілді. Колледж бүгінде Еңбек нарығы талаптарына сай, бәсекеге қабілетті мамандарды кәсіби даярлау аясында сапалы білім беру қызметін көрсететін Қазақстандағы жетекші білім беру ұйымдарының бірі болуды мақсат еткен.
«Есептеу техникасы және ақпараттық желілер (түрлері бойынша)», «Дәнекерлеу ісі (түрлері бойынша)», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Тамақтануды ұйымдастыру» мамандықтарын дайындайтын оқу орнында өз ісінің білікті мамандары жұмыс істейді. Мұнда еңбек ететін 37 педагогтың екеуі жоғарғы санатты болса, 5 оқытушы бірінші, 10 ұстаз екінші санатты.
Өз білімін аталмыш оқу орнында жалғастырғысы келген оқушыларға көптеген жеңілдіктер мен көмектер де көрсетіледі. Ол турасында бізге колледж директоры Суджаков Рахметжан Саутұлы кеңінен әңгімелеп те берді. «Оқуға қабылданған студенттерге «Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларын және олардың мөлшерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде шәкіртақы тағайындалады. Әлеуметтік жағынан төмен студенттерге ерекше назар аударылады, олардың ішінде жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар, көп балалы және аз қамтылған отбасы балалары бар. Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мемлекет белгілеген көмектің барлық түрлерін алады. Атап айтқанда, бұл — балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету, киім-кешектеріне қаражат, шәкіртақы тағайындау», – деп Рахметжан Саутұлы колледж тынысынан хабар берді.
Оқу орнында заманауи үлгідегі 12 орындық асхана, спортзал, оқу шеберханалары мен зертханалары, 100 орынды жатақхана, медициналық пункт, оқу залы бар кітапхана бар. Сонымен қатар 65 компьютер, 92 ноутбук, 15 принтер, 8 дана интерактивті жабдықтар және 2 информатика кабинеті қолданылады. МЖМБС талаптарына сәйкес колледждің аудиториялық қоры 26 жалпы білім беретін және арнайы пәндер кабинетін, 5 зертхананы, 5 оқу-өндірістік шеберхананы құрайды. Колледжде 26 отыратын орынға арналған оқу залы бар, инвентарьмен жабдықталған, Интернетке шығатын дербес компьютерлері бар кітапхана, 120 орындық акт залы жұмыс істейді. Әрине, мұның бәрі де колледж студенттерінің сапалы білім алуына жасалған жағдай.
Бар білімнің бастауы кітап екені аян. Сондықтан колледжде кітап қорына ерекше көңіл бөлінген. Колледж кітапханасы 1959 жылы құрылған. Бүгінде ол колледждің құрылымдық бөлімшесі болып табылады, ол студенттерді тәрбиелеу және оқыту процесін жеңілдететін, оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру, сонымен қатар білімді тарату, рухани және интеллектуалдық қарым-қатынас, мәдениет пен бос уақытты дамыту болып табылады. 26 адамға арналған оқу залы бар кітапхананың кітап қоры 17032 дана.
Колледждің басты мақсатының бірі де бірегейі – сапалы маман дайындап, сол мамандардың жұмыспен қамтылуы. Сондықтан колледжде өндірістік оқыту сабақтары ұйымдастырылады. Өндірістік оқыту сабақтарының негізгі мақсаты – оқушылардың теориялық сабақтардан алған білімдерін тәжірибеде бекіту, оларға оқу бағдарламалармен таныстырып, сол бағдарламалармен жұмыс істеу әдістерін үйрету. Әрбір сабақты тиімді ұйымдастыра отырып, оқушылардың мамандыққа деген сүйіспеншілігін, қызығушылығын тәрбиелеуді көздейді. Атлмыш сабақтар колледж қабырғасындағы 5 оқу зертханасы мен 4 оқу-өндірістік шеберханасында өтеді. Сонымен қатар аудандағы түрлі мекемелерде колледж студенттері жыл сайын өндірістік практикадан өтіп, өз біліктіліктерін жетілдіреді.
Бүгінде Шонжы политехникалық колледжінде аймақтық еңбек нарығының жоғары білікті мамандарға қажеттілігін қанағаттандыру, білікті жұмысшы кадрларды бірлесе даярлауға жұмыс берушілерді жұмылдыру мақсатында әртүрлі істер жасалынуда. Әлеуметтік серіктестіктермен келісімшарттар жасалып, болашақ мамандардың жұмыспен қамтылуына жағдай қарастырылған. Мәселен, «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша ЖК «Ашимов А.Т», «Аксу и С.Р» ЖШС, «Жана-Курылыс А.Д», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша тамамдаған студенттердің жұмыспен қамтылуы мақсатында «Алматы жолдары» ЖШС, АОФ «Қазақавтожол» РМК ЖПУ-17, ЖШС «ЛАДА» ТЖО сынды мекемелермен, «Тамақтандыруды ұйымдастыру» бойынша аудандағы бірқатар кафелермен, «Фермер шаруашылығы» мамандағы бойынша ШЖҚ «Ұйғыр аудандық Су құбыры» МКК, «Равиль» ШҚ, «Мамук» ШҚ, «И. Адилжан» ШҚ, «Нысана» ШҚ, «Людмила» ШҚ сынды ірі-ірі шаруа қожалықтарымен, жеке кәсіпкерлермен келісімшарттар жасалып, жас мамандардың жұмыссыз қалмауы жолындағы жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Осындай жұмыстар нәтижесінде көрсеткіштер бойынша соңғы 2 жыл ішінде бітірушілерді жұмыспен қамтудың деңгейі 83,2% құрайды.
Ауданымыздағы білікті маман даярлаудың алдыңғы сапында тұрған колледж биыл да бірқатар мамандықтар бойынша студенттер қабылдайды. «Компьютерлік аппараттық қамтамасыз ету операторы», «Электргазымен дәнекерлеуші», «Автомобиль жөндеу слесарі», «Автомобиль көлігін жөндеу шебері», «Ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторист-машинисі», «Кондитер-безендіруші», «Аспаз» біліктіліктері бойынша өз 2023-2024 оқу жылында мамандар дайындамақ.
Еліміздің кәсіпорындарына және ауыл шаруашылығына қажетті маман жұмысшыны даярлау мемлекетіміздің басты экономикалық мақсаттарының бірі болса, онда осы мақсатқа нәтижелі жету үшін кәсіптік білім беру мәселесін мемлекеттік саясат деңгейіне жеткізу қажет. Бұл туралы да мемлекет басшысы сөз еткен болатын. Сондықтан осы жолда тер төгіп, өз істеріне жауапкершілікпен қарап, жоғары білікті маман даярлап отырған Шонжы политехникалық колледжінің жұмысына жан-жақты жоғары баға берілуде. Біз бұл колледждің жұмыс сапасының әлі де жақсартуды көздеген әр педагогтың жұмысына риза болдық. Олар кәсіптік біліммен және еңбек тәрбиесімен сусындаған білікті жұмысшы жастары бар мемлекеттің ғана іргетасы берік болатынына нық сенімді. Әрі осы жолда аянбай еңбек етпек.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ