«Маған айтсаң, ұмытып қалам, көрсетсең есімде қалады.
Ал, өзім істесем, үйреніп аламын»
Шығыс даналығы
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша Кәсіби даму институты, «Әдіснама және педагогикалық инновация» кафедрасының аға оқытушысы, Адыбаева Ләззат Дүнгенбайқызының ұйымдастыруымен 2023 жылдың 5-16 маусым аралығында Алматы облысы, Ұйғыр ауданының география пәні мұғалімдеріне «7-9 сыныптарда география мұғалімдерінің пәндік құзіреттіліктерін дамыту» тақырыбында курс өтті. Курсқа география пәні бойынша 30 мұғалім қатыстық.
Курстың басты мақсаты – заманауи талаптарға сай теориялық және практикалық мәселелерді шешудің ғылыми әдістерін меңгере отырып, бақылау жүргізуге, нәтижелерді талдау арқылы география пәні мұғалімдерінің білім сапасын арттыру. Сонымен қатар 7-9 сыныптарда география пәнінің 8 күрделі тақырыбының теориялық негіздерін дәйекті түрде меңгеру. Жоспар бойынша тренер Ләззат Дүнгенбайқызы әр тақырыпта түрлі әдіс-тәсілдерімен топқа бөліп, теорияны тәжірибемен ұштастырып, топтық, жұптық, жеке, ұжымдық жұмыстарды көрсетті. Сонымен қатар оқу бағдарламасының мақсаты мен міндетін, құрылымын, мазмұнын және оқу мақсатына қол жеткізу үшін қысқа мерзімді сабақ жоспарларында оқу мақсатынан смарт мақсат, бағалау критерийлері мен дескриптор құруды меңгертті. Мұғалімдер сараланған тапсырмалар құрастырып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруда есептердің шешу жолдарын, практикалық жұмыстардың жүргізу жолдарын қарастырып талдады.
Курстың барысында оқушылардың шығармашылық, зерттеушілік дағдыларын, логикалық және сын тұрғысынан ойлауын дамытатын технологиялар мен әдістемелерді игеруі, оқыту үдерісін жоспарлау, оқушылардың оқу жетістіктерін жүйелі тиімді бағалау дағдыларын жетілдіруде әртүрлі тапсырмалар құрастырып көрсете алдық. Сабақта төрт топ болып бөлініп отырып, түсініктерімізді жұптық және топтық жұмыстар арқылы постерлер дайындап өз жұмыстарымызды қорғадық. Сабақтың өте қызықты өтетіндігі сол, әр күні түрлі әдіс-тәсілдермен бірге түрлі платформалармен де тапсырмалар құрастырып бір-бірімізбен тәжірибе алмастық.
Алдағы уақытта осы курстан алған біліммен қатар түрлі нұсқаулықтар, әртүрлі кеңестер, ресурстар сабақ беру барысында көмектеседі деген сенімдемін. Осы орайда курстың тренері Ләззат Дүнгенбайқызына алғысым шексіз. Өзінің терең білімімен қатар іскерлігімен, жан-жақты ізденісімен бізге өз бетімізше білім алуымызға толық жағдай жасап, ынтымақтастық орта құра білгенін көрдім. Әр әріптесіме сәттілік тілеймін!
Роза БАРАТ,
Бірлік-Сүмбе орта мектебі география пәнінің мұғалімі