Басты бет Көкжиек ОРТА БІЛІМ САПАСЫ – ТАБЫСТЫ ҰЛТ БОЛУДЫҢ ШАРТЫ

ОРТА БІЛІМ САПАСЫ – ТАБЫСТЫ ҰЛТ БОЛУДЫҢ ШАРТЫ

0
2,223

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты биылғы Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды» деп атап көрсеткен болатын. Бұл ұлттық жобаның түпкі мақсаты – әрбір баланың сапалы білім алуына қолайлы жағдай тудыру. Бала ештеңеге алаңдамай тек сабағын оқып, білімді де білікті болып шығуы тиіс.

Білім сапасын көтеру – егемен елдің білім саласының, Жаңа Қазақстанның жақсы мұғалімінің ең үлкен мақсаты. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейте түскен абзал. Яғни сапалы білім беру ісі жаңа заманауи технологиялармен, оқытудың озық әдіс-тәсілдерімен толық жарақтандырылып, оқыту мен тәрбиелеудің үрдісі үздіксіз жалғаса берсе, баланың бойындағы бар қабілетін кемеліне келтіріп жетілдіруге саналы ғұмырын сарп ететін мұғалімнің рөлі арта түссе, ұлағатты ұстаздарымыз өз біліктілігін ұдайы арттырып отырса, білімнің сапасын көтеруге болады. Білім сапасының жоғары болуы мен оқушылардың ынта-жігерін  арттыруда үйдегі ата-ананың да ықпалы зор. Білім сапасын арттыру үшін басты мақсат – мұғалімнің кәсіби шеберлігін арттыру, үздіксіз білім алу арқылы сапалы білім беру көзделеді. Мұғалім кәсіби шеберлігін ұдайы жетілдіріп отыруының арқасында ғана сапалы білім беруге ұмтылады. Өркениет көшінен қалмай, білім беру ісін зор ізденушілікпен жұмыс жасағанда ғана оқушының білім сапасы артады. Жаңартылған білім беру мазмұны мағлұматтар мен идеяларды өз беттерімен, тәуелсіз меңгеріп, алған мәліметтері пайдалы болатындай ойлануына мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар оқушылар жаңа идеяларды әртүрлі көзқараспен зерттеп, шынайылығы мен пайдасын талқылап, идеяның жалпы құндылығын анықтай алады. Мұғаліммен бірге ең алдымен оқушы да өзін-өзі дамыту қабілетін қалыптастыруға атсалысуы керек.

Әрбір білім беру ұйымының міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға бағдарланған, функционалдық сауаттылық дағдылары бар және оны қоршаған болмыста бәсекеге қабілетті бола алатын білім алушы тұлғасының үйлесімді қалыптасуы мен дамуы үшін қолайлы білім беру ортасын құру.

2022-2023 оқу жылында білім беруді ұйымдастыруда төмендегі  міндеттерге назар аударылды. Білім алушылардың білімін толықтыру; қауіпсіздік және қолайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету; білім алушыларға сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету; цифрлық инфрақұрылыммен және ресурстармен жабдықтау; инклюзивті білім беруді қамтамасыз ету.

Аудандық білім бөлімінде «Білім беру: Кәсіби құзыреттілік пен тұрақты даму» жобасы бекітіліп, кеңейтілген жұмыстар жүзеге асты. Жоба аясында 23 мектепте ашық есіктер өткізілді. Онда мектеп директоры және орынбасарлары атқарып жатқан инновациялық жұмыстарын көрсетіп, соңы педагогтардың үлгі сабақтарына жалғасты. Әр мектептен 12-18 сабақ өтіліп, оннан аса мектепішілік жобалар қорғалды. Ашық есікке мектеп директорлары, директордың оқу ісі,  әдістемелік  ісі жөніндегі, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және пәндер бойынша педагогтер қатысып отырды. Ашық есіктің басты мақсаты – оқушы саны немесе жеткен жетістіктерін тізбелеу емес, мектеп әкімшілігінің жаңашыл бағыттарын көрсету, талдау. Мектептің миссиясын түсіндіру, жеткізу. Мұғалімдердің әдістемелік ғылыми жобасы және оқушылардың дәл осындай жобаларын ұсыну, қорғау болып табылды. Сонда мектептің миссиясы нәтиже берді ме, жоқ па деген сұраққа жауап өз-өзінен шығады. Директорлардың тікелей араласуымен, қатысуымен өткен ашық сабақтардың мақсаты – инновациялық жобаларды мектепке енгізу, оқушылардың сол бойынша білімін жетілдіре түсу. Ашық есік күнінің тағы бір ұтымды жерін айта кетейін. Әр мектеп өз жобаларын қорғап қана қоймай, үйрететін, екінші білім ордасына үлгі ететіндей нәрселерін ұсынды. Бір жағынан тәжірибе алмасу, екінші жағынан үйрену, жақсы дүниелерді өз мектебіне сіңіру. Жалпы аудан бойынша мектептерде  300-дей сабақ өтіліп, 40-тан аса жобалар жұмыстарын көрсетті.

Білім ошақтарындағы педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін арттыру үшін, мұғалімдердің оқу үдерісіндегі инновациялық жұмыстарды бірлесе атқарып, анықталған проблемаларды ортаға салып шешу жолдарын ақылдаса отырып бірлікте жүргізудің тиімділігі байқалды. Әдістемелік орталық мамандары шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдермен бірлесе отырып кез келген мұғалімнің сабағына қатысатын жақсы үрдіс қалыптастырдық. Оны тексеру деп емес, керісінше көмекші құрал ретінде қабылдап, кемшін тұстарын түсіндіру, әдістемелік қолдау көрсету деп түсінген абзал. Мектеп, ата-ана, оқушы үштік одақтың байланысын жақсарту – басты міндеттеріміздің бірі. Өйткені бұл байланыс орнықпай нәтиже табысты болмайды. Әр ашық сабақ кезінде ата-аналар ғана емес, ата-әжелер де қатысып, мектепке, мұғалімге, сабаққа қатысты сұрақтарын ашық қойып, тиісті жауаптарын алды. Осының нәтижесінде педагогтердің деңгейі байқалып жатыр. Кері байланыс береміз, мектеп директоры мен оның орынбасарларына мұғалімнің сабағы жайлы пікірімізді жасырмай айтамыз. Сабағын дұрыс өткізе алмаған мұғалім туралы да пікірімізді мектеп басшылығына жеткіземіз. Ол келесі жылы оған сағат бөлгенде, басқалай да жағдайларда өзінің шешімін қабылдайтын болады.

Тағы бір айта кететін нәрсе, ұлттық құндылықтарға басымдық беріп келеміз. Әр мектептің бастауыш сынып оқушыларының бойына әжелердің ертегілері арқылы ұлттық құндылықтарды сіңіруді жолға қойдық. Ал жоғары сынып оқушыларының бойына білім әлемдік болса да, тәрбие ұлттық болуы керек деген қағидамен жұмыс жүргізіп келеміз. Әр мұғалім өз сабағында ұлттық құндылықтармен жұмыс істеуі тиіс. Бұл – бүгінгі күннің талабы. Өйткені алған білім жоғары деңгейде болып, ал ұлттық салт-дәстүрден, тіл мен мәдениеттен жұрдай болса ондай оқушылардан не қайыр.

Сонымен қатар балабақшаларда да жоба аясында 20  балабақшада ашық есік күндері өткізіліп, онда 200 педагог қамтылды. Бұл да дәл мектептердегідей ережемен, талаппен жүзеге асты. Қазақ елінің болашағы білікті ұстаз бен білімді жастардың қолында екендігі даусыз. Осы саладағы мамандардың кәсібилігін арттырып, Жаңа Қазақстанның жаңаша өркендеуіне үлес қоса алсақ онда еңбегіміздің еш кетпегені.

Мөлдір ҚҰРМАНӘЛИЕВА,

аудандық білім бөлімінің басшысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында жаңа инновациялық мектеп ашылды

2024 жылғы 6 қарашада Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты Өрі…