Басты бет Көкжиек «Өрлеумен» бірге өрге ұмтылайық

«Өрлеумен» бірге өрге ұмтылайық

0
305

Ел болашағын білімді, жан-жақты дамыған ұрпақтың қолына табыстау бүгінгі күннің басты мақсаты болуы тиіс. Ол үшін өскелең ұрпақтың тәрбиесімен тал бесіктен бастап айналысуды бірінші кезекке қоюымыз шарт. Артымыздан еріп келе жатқан ізбасар жас буын мен арбаның артқы дөңгелегі іспеттес бүлдіршіндеріміз бәсекеге қабілетті елдің болашағын қалыптастыруы үшін және сол елдің тізгінін мықтап ұстай білуі үшін замануи білім мен ғылымды игере білуі керектігі айқын. Осы орайда мемлекет тарапынан жастардың және оқушылардың бос уақытын тиімді өткізіп, болашағына пайдасы тиетін тың дүниелерді игеріп өсуі үшін бар мүмкіндік жасалып отыр. Осындай мүмкіндіктерді жіберіп алмай мемлекеттің қолдауымен аудан көлемінде жас буынға арналған өнер-білім орталығын ашып, игі істің ілгерілеуіне күш салып, өз жоспарын жүзеге асыруға жігерін жұмсаған азаматтардың еңбегінің нәтижесін бүгін көріп отырмыз. Нақтырақ айтсақ аудан орталығында «Өрлеу» деген атпен ашылған өнер мектебі соңғы жылдары ел аузынан түспей жүрген болатын. Осы орталық қанатын кеңге жайып, дамудың даңғылына түсіп, жарқын әрі кең ғимаратта, орталық көшенің бойынан ойып тұрып орын алып, ресми ашылуын атап өтті. Аталмыш орталықтың қысқаша тарихына тоқтала кетсек, бұл қосымша білім беру ордасы 2019 жылы қыркүйек айынан бастап «Zhas project» жастар бағдарламасымен «Өрлеу» өнер мектебі атымен ашылып, 4 жылға жуық тек алға қарай адымдау барысында нәтижелі жұмыс жүргізіп келді. Енді бүгін сол жұмыс жемісін беріп, күні кеше «Өрлеу» интеллектуалды өнер —  білім орталығы деп атауы ауқым алып, етегін кеңге жайып, қазіргі таңда өнерге, білімге жаны құштар жастарды тәрбиелейтін ауыз толтырып айта алатындай мектеп болып ашылды. Орталықтың негізін қалаушылар Болатов Дархан мен Досгүл Кулжабеккызы.«Өрлеу» интеллектуалды өнер-білім орталығының ашылу мақсаты мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдерді шығармашылыққа баулу, бос уақытын тиімді пайдалана отырып болашақта ауданымыздың, еліміздің өнер мен білім  саласына үлес қосатын ұрпақ тәрбиелеу екендігі айтпаса да түсінікті. Орталықта қазіргі таңда 15 тен астам шығармашылық үйірмелер мен 7 пәндік  қосымша сабақтар жұмыс жасайды. Атап айтар болсақ эстрадалық вокал, ішекті аспаптар, тоқыма өнері, биссермен жұмыс, сахна тілі, шешендік өнер, көркемсөз, айтыс өнері, ұлттық би, өлкетану, актерлік шеберлік, зергерлік өнер, сурет салу үйірмелері мен қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, логопед, мектеп алды даярлық және бастауыш білім беру, математика пәндерінен балалар білім алуда. Барлық аталған үйірмелер бойынша жетекшілер жоғары білімді мамандар. Бұл аталған үйірмелердің барлығы оқушыларға тегін жүргізіледі.

Өз жұмысын кішкентай мүмкіндіктер мен үкілеген үмітті ұштастырып  бастаған орталықтың араға жылдар салып ресми ашылу салтанатын жасаудағы басты мақсат оның дамуға қарай қарқынды қадам жасап, ауқымын кеңейтіп, жүздеген емес мыңдаған жас жеткіншектің бойындағы жасырынған талантын ашуға мүмкіндігі бар екендігін халыққа паш ету болды. Орталықтың ашылу салтанатына ауданның зиялы қауым өкілдері мен белсенді жастар, БАҚ өкілдері толықтай атсалысты. Аудан басшысы Шухрат Нурахунов алғашқы құттықтау сөзін сөйлеп, аудан үшін ең қажетті және ел болашағы мен жастар үшін нағыз таптырмайтын орталықтың ашылғандығын айтып, барша тұрғындарды құттықтап өтті. Облыстың құрметті азаматы, ауданымыздың беделді ақсақалы Бектұрсынұлы Ызғарбек ақсақал сөз алып, осындай білім ордасының ашылуына тер төккен жастарды және негізін қалаған Дарханның игі ісінің оңынан болуын тілеп, өзімен бірге алып келген естелік сыйлығын тапсырды. Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов та арнайы сөз алып, орталықтың келешегіне жемісті жетістіктер мен толағай табыстар тілеп, ғұмырлы болсын деп батасын берді. «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің атынан, барша аудандағы ұстаздар қауымының атынан орталыққа 5 домбыра сыйға тартты.

Бүгінгі күнде 500 ден астам оқушының бойындағы қызығушылығы мен табиғи талантының көзін ашуға күш салып, өнерлі өскелең ұрпақтың легінің қалыптасуына себепкер болып отырған өнер мен білімнің біте қайнасқан ортасының келешегі жарқын болсын дейміз!

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында жаңа инновациялық мектеп ашылды

2024 жылғы 6 қарашада Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты Өрі…