Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындаған тапсырмаларды жүзеге асыру сол мезетте-ақ басталды. Онда сала-сала бойынша нақты әрі жүйелі жұмыстар ұсынылды. Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиістігін айтқан Президентіміз жыл соңына дейін қолға алынатын, атқарылуы керек міндеттерді нақтылап берді. Шыны керек көптеген жерлері иемденіп алған азаматтар оны тиімді пайдаланбай, әйтеуір жеріміз бар деген желеумен жүргендерін жасыруға болмас. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажеттігін мемлекет басшысы тиісті лауазымды тұлғаларға тапсырды. Ауданымызда бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Әлі де анықталатын жер телімдері бар. Дегенмен пайдаланылмай, игерілмей жатқан жерлерді өңдеймін, бау-бақша өсіремін деп тілек білдірушілер де жоқ емес.
Мәселен «RIZAR Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 2 гектар жер телімі бөлініп, олар арнайы жанар, жағар май сататын орын салмақшы. Бұл шара аукцион арқылы жүргізілді. Жаңадан құрылыс орындарын салуға ниет білдірген 3 кәсіпкерге де жер телімі берілді. Оның бірі медициналық орталық салуға арналса, екіншісі жеміс-жидекті кептіріп, қақ шығаратын зауыт салмақшы. Үшінші жоба жаңа сауда орнына берілді. Бұл жер телімдері де бизнес жоспарларын арнайы комиссияда қорғаған жандарға аукцион арқылы тиеселі болды.
Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек деген тапсырма бойынша шаралар жүзеге асып отыр. Ауылшаруашылығы жерлерін үнемді пайдалану мақсатында 1090 гектар жер телімі бөлініп, конкурс арқылы 33 шаруаға берілді.
Әрине ауданымыз аграрлы болғандықтан біздің басты өндірісіміз – мал мен егін шаруашылығы. Төменгі аймақ саналатын Шарын мен Тасқарасу ауылдарында жүгері өндірісі жақсы жолға қойылған. Бахар ауылында абрикос, алма бақтары көп-көрім көлемді алып, олардың өнімдері тіпті шетел асып жатқандығын да бәріміз жақсы білеміз. Шаруалардың бірігіп, өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру аса қажет. Кооперативтерге бірігетін болса өнім де арта түсетіні анық.Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет, – деген мемлекет басшысының тапсырмасына құлақ асып, жаңа техникалармен қарулансақ жаңа қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп сенеміз.
Юлдаш МИТАЛИПОВ,
аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары