Мәдениет – ұлт айнасы, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан халықтың бейнесі, өткен тарихы, тағылым алар құндылығы. Мәдениетті дамыту арқылы біз келешегімізді бағдарлай аламыз. Ұлт мәдениеті жұтылса, ұлт жұтылады. Сондықтан мәйегіміз болған мәдениетті дамыту қажет қарекет.
Қасиетті Қарадаланың төсінде үлкен жиын өтті. «Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының 2022 жылы атқарылған жұмыстарының қорытындысы мен 2023 жылдың міндеттері туралы» алқа мәжілісінің өнері өрге жүзген Қарадала төсінде өтуін жақсылыққа баладық. Аталмыш басқарма басшылығы, басқарма құрамындағы бөлім басшылары, шығармашылық орталық ұжымдары, Алматы облысына қарасты қала мен аудандардың мәдениет бөлімі басшылары, мәдениет үйлерінің директорлары, аудандық кітапхана директорлары, облыс аумағындағы архив, музей басшылары да Қарадалаға табан тіреді.
Өнер ордасына жиналған өнерпаздар шараның басын да әдемі әнмен, келісті бимен бастады. «Құлансаз» ансамблінің сүйемелдеуімен қазақтың «Қара жорғасы» әуелеп, өнер өкілдері мың бұрала билеп те алды. Осындай жыр шашудан кейін ғана шараның ресми бөлімі басталды.
Сөз тізгінін алған Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әлия Жақыпбекова жиынның күн тәртімен таныстырды. Өз сөзінде басқарма басшысы облысымыздың екіге бөлінуі барысындағы қиындықтарды да айта кетті. Сонымен қатар алдағы уақытта облыс орталығының стратегиялық жоспарына сай Қонаев қаласында облыстық театрдың, музей, архив, кітапханалардың бой көтеретінін сүйіншіледі.
Бірінші мәселе, яғни басқарманың 2022 жылы атқарған жұмыстары турасында Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Айдос Момынқұлов баяндама жасады. Айдос Байболатұлы облыс бөлінгеннен кейін аталмыш басқарма құрамына 281 мәдениет жәнк архив мекемелерінің желісі бойынша нысандар енгенін айта келе, осы мекемелердің барлық жұмыстарын саралап шықты. Бүгінгі күнге Райымбек ауданы Сүмбе, Ұйғыр ауданы Бахар, Талғар ауданы Бесағаш ауылдық мәдениет үйлері және Райымбек аудандық Нарынқол архив филиалына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Іле ауданы Чапаев, Ақши ауылдарының мәдениет үйлері орталықтандырылған газға қосылған. 2022 жылы мемлекеттік, ұлттық және мерейтойларға арналған ауқымды шаралар туралы да кеңінен қаузады баяндамашы. Облысымыздағы мәдениет мекемелері Түркістан қаласында өткен Республикалық «Рухани қазына» фестиваліне қатысып, «Үздік облыстық музейі», «Үздік кітапхана жобасы», «Үздік ғылыми-тарихи жұмыскер», «Үздік аудандық мәдениет үйі», «Үздік ауылдық мәдениет үйі» номинациялары бойынша бас жүлделерді иеленді.
Өткен жылы жаңа бастама ретінде облыс аумағында жыр-термешілер мен ақындар орталығын ашу қолға алынған болатын. Осы игі бастама жалғасын тауып, 9 аудандық мәдениет үйлері жанынан және Шеңгелді ауылында осындай орталық ашылып, жас таланттарды таныту мақсатында жұмыстар істеліп жатқан жайы бар. Бүгінде 172 бала осындай оралықтарда тәрбиеленуде. Балалар жылы аясында да жас таланттарды анықтау мақсатында бірнеше байқау ұйысмдастырылған.
Облыс аумағындағы кітапханалар жайы, ондағы кітап қоры, өткізілген іс-шаралар туралы да мәліметтерді бөлім басшысы жіпке тізді. Музейлердегі экспонаттар жайы да назаран тыс қалмады. Алматы облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталықтың, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның, «Алатау әуендері» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны, Алматы облысының мемлекеттік архив мекемелерінің де жыл бойына атқарған жұмыстарын талдап айтты.
Әрине, жұмыс жүрген жерде кемшіліктің де болары анық. Бұл жиында кітапхана саласында көптеген олқылықтардың бар екенін аңғардық. Ол туралы мінбеге көтерілген Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Тоқабаеваның баяндамасынан білдік. Бүгінгі күні Кеген, Райымбек, Іле, Еңбекшіқазақ аудандарындағы орталық кітапханаларда ғимарат жоқ. Ал ауылдық кітапханалар тіптен қиын жағдайда. Бірі апаттық жағдайда тұрса, енді бірі жылуы жоқ сақылдаған сары аязда дірдек қақтыратын суық ғимараттарда отыр. Оның өзінде не ауыл әкімдігінің ғимаратында, не болмаса мәдениет үйінің бір-екі бөлмесінде күнелтуде. Тіпті кей кітапханашылар 2003 жылдары берілген ескі компьютерлермен жұмыс істеуде. Осындай олқылықтар түзетілгенде ғана кітапхана ісі алға басады деген ұсынысымен қоса ренішін де жеткізді Ғалия Сламбайқызы.
Иә, кітапхана – руханияттың ордасы. Кітап – күллі ғылымның, адамзат дамуының кілті. Ол кілт кітапханашылардың қолында. Сондықтан бұл мәселе еш уақытта назардан тыс қалмайтынын айтқан басқарма басшысы алдағы уақытта кітапханаларды жөндеу, жаңа ғимараттар салу мәселелері біртіндеп шешілетінін жеткізді.
Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әлия Әлімжанқызы өткен жылы ашылған жыр-термеші, ақындар мектептерінің жұмысын жандандыру ісін аудандық мәдениет үйі директорларына, облыстық халық шығармашылығы орталығына қатаң тапсырды. Танылмаған талабы таудай таланттарды жарыққа шығару осы орталықтардың басты міндеті болуы керек. Ашылып қана, штатқа ие болып қана қоймай өнерді, жыр-термені, айтыс өнерін дамытуға үлес қосулары керектігін де ескертті.
Жиын соңында өткен жылы еңбегімен еленген қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті. Сын айтылған, ол сын шын айтылған шараның соңы қошемет-құрметпен тамамдалды.
АНАР ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ