Басты бет Басты ақпарат ӘЛЕМДІ ҰТҚАН –АЛТЫН ҚЫЗ

ӘЛЕМДІ ҰТҚАН –АЛТЫН ҚЫЗ

0
260

Қолкүрес дегенде білекті де жүректі, шымыр денелі жігіттердің білектесіп тұрған сәті көз алдыға елес берері сөзсіз. Бірақ бүгінгі әңгімеміздің арқауы қолкүрес спортын серік еткен нәзікжанды қызымыз Тахмина Гожамбердиева хақында болмақ. Сөзімізді әріден тарқатсақ Тахмина қарындасымыз Қарадала өңіріне қарасты Тасқарасу ауылында 2001 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген.
Өрімдей оқушы кезінің өзінен-ақ Тахминаның көңілі қолкүрес спортына ауып, қызығушылығы арта түседі. Мектеп табалдырығындағы 9 жылдық оқуынан соң Тахмина Өскемен көп салалы техникалық колледжіне оқуға түседі. Оқуымен қатар спорттық іс-шараларға белсене қатысқан Тахмина алғашы рет Күршім жерінде өткен облыстық жарыста топ жарып, спорт шеберіне үміткер атағын алады. Тахмина қарындасымыздың қолкүрес спортындағы жеткен жетістіктері мен атақ дәрежесі бір басына жетіп артылады.
Атап айтар болсақ, 2017 жылғы республика чемпионатында күміс, сол жылғы екі қолдан өткізілген Азия чемпионатында қола жүлдегер атанады. Түркияның Анталия қаласында өткен 2018 жылғы әлем чемпионатында 5 орынға табан тіреген Тахмина 2019 жылы Семей өңірінің олимпиада резерві арнайы колледжіне оқуға тапсырады. 2019 жылы Тахмина Мәскеу өңірінде өткен «Большой Алтай» атты халықаралық көпұлтты туристердің спорттық фестиваліне қатысады. Спорттың көп түрлерінен өткен фестивальға Қытай, Ресей, Монғолия, Өзбекстан, Қазақстан құрамалары қатысып сынға түседі. Фестиваль аясында қолкүрес сайысынан Тахмина қарындасымыз 1 орын иеленсе, жалпы командалық есепте 3 орынға табан тірейді. 2019 жылдың қараша айында Алматы қаласында өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа тағып, сол жылғы Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп спорт шебері атағын алады. Ақтөбе қаласында 2020 жылы ақпан айында өткен ҚР чемпионатында 3 орынға табан тіреген Тахмина қарындасымыз алғыс хаттар мен дипломдарды айтпағанда, алтыны мен күмісі, қоласы боп 60-қа жуық медаль мен онға жуық кубоктарды ұтып алған.
Тахмина – тек қана қолкүрес спортымен ғана айналысып қоймай керлинг спортынан Шығыс Қазақстан құрамасының белді мүшесі. Осы керлинг спорты шеберлігіне үміткерлігі және бар. Тахмина қарындасымыздың спорттық мансабында жеткен жетістіктерін сөзбен айтып тауыса алмаспыз, әйтсе де биылғы жылы Түркияда өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа тағынып, Қазақ елінің көк туын желбіретіп, Гимнін әлем халқының алдында асқақтатып қайтқаны көңілімізге қуаныш ұялатып, төбемізді көкке екі елі жеткізбей тастағаны жасырын емес.
Осы орайда Тахминаның жеңісіне орай туған өлкесі Тасқарасу мектебінің акт залында «Қызы батыр ел – ұлы ел» атты іс-шара өтті. Тасқарасу орта мектебінің 4 сынып оқушылары топтық билерімен, гүл шоқтарымен батыр қызымыз Тахминаны қарсы алды. Іс-шара барысында Тахминаның құрметіне әншілер әсем әндер шырқап, бишілер мың бұралып би биледі.
Алғашқы болып құттықтау сөзін алған аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев Тахмина сынды аяулы да батыр қызымызбен мақтанатынын алға тартып, өзіндік ізгі тілектерімен ризашылығын жеткізді. Өз кезектерінде педагог Гозал Турсунова, ауданның құрметті азаматы Юпитер Джаппаров, ауылдық аналар кеңесінің мүшесі Бақыт Наурызәліқызы, “Ұйғыр авази” газетінің бас редакторы Ершат Әсматов, ұйғыр этно мәдениет орталығының төрағасы Арлен Османовтар өздерінің жүрекжарды ақ тілектерін ақтарып, алдағы күндеріне сәттіліктер мен жарқын жеңістер тіледі. Тахминаны қарсы алуға арналған іс-шараның аяғы 4 сынып оқушылары Шәріп Шұғыла мен Зипар Іңкәрдің «Отан» әнімен түйінделді.
Ендеше біз де әлемді ұтқан алтын қызға алар асу, шығар шың, бағындырар белестерің көп болсын дейміз!

Санжар КЕЛЕКЕ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Президент өңірдегі құтқарушылармен, еріктілермен және кәсіпкерлермен кездесті

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында су тасқынынан з…