Кез келген елдің болашағы білімде екендігі даусыз. Жарқын болашақты қалыптастыру, көз ілестірмейтін қарқынмен дамып жатқан заманның жылдамдығына ілесе шабу, қатарластарыңның көлеңкесінде қалып қоймай иық тіресіп тең тұру, көштің соңында емес бағытын сілтеп басында жүру үшін әрине алдымен сапалы білім керек. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ағымдағы жылдың қыркүйегінде жариялаған Жолдауында “Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты”,-деп айқындағаны бар еді. Осылайша Президентіміз бастаған Жаңа Қазақстанның көші көрікті болуы үшін біздің елдің білім саласы да, оның ішінде мектеп қабырғасындағы орта білімнің сапасы сын көтеретіндей болуы керектігін дүйім елге аңғартты. Осы орайда қыстың алғашқы күндерімен бірге ауданымыздың білім саласы да бір жаңа деммен тыныстағандай жаңа серпілістерге бет бұрды. Аудандық білім бөлімінің басшысы лауазымына жаңа тағайындалған Мөлдір Ахметжанқызы аудан мектептерінің атқарып жатқан ауқымды жұмыстарын жалпақ жұртқа жариялап, ұстаздардың бір-бірімен тәжірибе алмасып, рухани дами түсуін бірден қолға алғандығының бір көрінісі ретінде білім ошақтарында ашық есік күндері өткізіле бастады. Соның бірі “Білім алушылардың құзіреттілігін арттыру- сапалы білім беру кепілі”, — тақырыбында Ж. Құдайбергенов атындағы орта мектебінде өткен ашық есік күні. Қазіргі қоғамдағы педагогтың міндеті ғылым мен техниканың қарқынды дамып келе жатқан заманда өмір сүруге икемді, қоғам пайдасына қарай өзін — өзі толық жүзеге асыруға дайын, білімді, шығармашылыққа бейім, құзыретті және бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру екені даусыз. Аталмыш ашық есік күніне аудандық білім бөлімінің басшысы, білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының әдіскерлері мен ауданымыздағы мектеп басшылары және педагогтары қатысты. Іс-шараны Мөлдір Ахметжанқызы өз сөзімен ашып, мектеп жұмысына сәттілік тіледі. Ашық есік күні деп жарияланған күнде Ж.Құдайбергенов атындағы қара шаңырақтың тыныс-тіршілігімен өз әріптестерін таныстыру үшін мектеп директоры Бибігүл Байжұмақызы бастаған мектеп ұжымы өздерінің жұмыстарын көпшілікке ұсынды. Сондай -ақ дарынды оқушылар мен «Өзін-өзі» басқару ұйымының жұмысы, әр пән бірлестіктерінің жобалары мен «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар да көрініс тапты. Оқу сауаттылығы қазіргі қоғамдағы өмірге дайындық үшін ең маңызды көрсеткіштерінің бірі ретінде қарастырылады. Оқуды дамытуда әдістемелік әдістерді жүйелі және мақсатты түрде қолданған жағдайда оқушының дербес оқуын қалыптастыруға үлес қосады. Сондықтан бүгінгі таңда оқушылардың кітап оқу құзыреттілігін қалыптастыру өте маңызды міндет.
Осыған орай Ж. Құдайбергенов атындағы орта мектепте «Оқуға құштар мектеп» атты жоба бойынша жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Мектеп табалдырығын тарыдай болып аттаған бүлдіршіндердің басынан сипап, қолына қалам ұстатып, әліппені аштыратын бастауыш сынып мұғалімдерінің де білім ордасындағы бұл айрықша күнге қосқан үлестері зор болды. “Ұшқыр ой” деген атау алған идеялар алаңын ұйымдастырып, бастауыш сынып мұғалімдерінің жан-жақты идеяларынан туындаған баланы білім алуға қызықтыратын түрлі көрнекіліктерден көрме көрсетілді. Сондай-ақ, оқушы мен ұстаздың арасында жағымды әрі нәтижелі қарым-қатынас орнататын оқыту, ынталандыру әдістемелері де келген қонақтардың назарына ұсынылды. Жалпы аталмыш шараға ауданның барлық өңірінен арнайы келген мектеп директорлары мен ұстаздар қауымы білім әлемінің таңғажайыбы көп тәжірибелері мен әдіс-тәсілдерін тағы бір жаңа қырынан танып, рухани қоржындарын толықтырып қайтты.
Іс-шара соңында келген қонақтар алған әсерлерімен бөлісіп, кері байланыс орнатып, білім саласына осындай ұжымдық сабақтастық пен тәжірибе алмасу ауадай қажет екендігі айқын көрініс берді. Бастау алған білім саласының берері мол осындай шаралары алдағы уақыттарда да жалғасын тауып, еліміздің ертеңін сеніп тапсыратын тұлғаларды тәрбиелейтін мұғалімдер қауымының тәжірибелері шыңдала берсін демекпіз.
Жадыра Жақсылықова