Басың ауырып, балтырың сыздай қалса, ақ халаттылардан араша сұрай баратынымыз рас. Бірақ кейде ауруды асқындырып барып жүгінетініміз де шындық. Қай дертті болмасын дер кезінде емдеп, дәрігер талаптарын сақтап отырсаңыз, оның салдары да аз болмақ. Бүгінде ер-азаматтар арасында қуық асты безінің аденомасы жиі кездесуде. Бұған дейін ауру тек егде жастағы жандарда болады деуші еді, қазір жастардың арасында да жиі кездесетіні жасырын емес. Бұл аурудың нақты себебі де белгісіз. Емделмесеңіз, зардабы шаш етектен.
Бүгінде бұл дертті емдеудің сан түрі бар. Соның бірі – ота жасау. Аудандық орталық ауруханаға №4 Алматы қалалық клиникалық аурухананың уролог-дәрігері Нұрлан Бибосынұлы Қаржаубаев келіп, ауданның хирург дәрігерлеріне қуық асты безінің аденомасын алу (трансуретральды рехекция – ТУР) бойынша мастер-класс өткізді. Яғни қуық асты безінің аденомасына лапароскопиялық ота жасаудың қыр-сырымен таныстырды. Мейірбикесі Тоғжан Мергенбай да өз тәжірибесімен бөлісіп бақты. Ауданға келген білікті дәрігерлер қатарында аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Қаныш Кәдірбекұлының шәкірті Айгерім Қазиева да бар. Бұл білікті дәрігерлер бір күн бойы ота залында болып, өз білген-түйгендерін біздің мамандарға үйретті. Нұрлан Бибосынұлы бұл отаның оңтайлы әрі жеңіл екенін, бүгінгідей медицина дамыған заманда лапароскопиялық ота сұранысқа да көп ие екенін айтады. Ауданымызда алғашқы рет жасалып отырған ота болғандықтан біздің ақ халаттылар арасында қызығушылық танытқандар саны да көп болды.
Білікті дәрігердің ауданымызға келіп, үш науқасқа ота жасап, сонымен қатар дәрігерлермен тәжірибе алмасуына мұрындық болған аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Айдын Молдашұлы мен орынбасары Қаныш Кәдірбекұлы. Қаныш Кәдірбекұлының айтуынша, лапароскопиялық ота ауданда жасалса, дерт дендеген талай азаматтардың жанына дауа болмақ. Осыған дейін шығындалып Алматыға немесе облыс көлеміндегі ауруханаларға барып жасалатын отаны бұдан былай біздің дәрігерлердің өздері жасамақ. Сондықтан да бұл мастер-класстың пайдасы ұшан-теңіз.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ