Басты бет Мәдениет және руханият Таланты тағдырымен ұштасқан

Таланты тағдырымен ұштасқан

0
2,013

Алматы қаласындағы ең үлкен көшелердің бірі Жұмағали Саинның атымен аталады. Аузымыз бен көзіміз үйренген көшеге есімі берілген тұлғаның кім екендігін, не үшін оған көше берілгендігін аға буын білгенмен жастар жағы біле бермейтіндігі өтірік емес. Бізде Санжар деген ақын жігіт бар. Соның бір шумақ өлеңі есіме түсіп кетті.

Күзгі өмірі елес беріп қайыңның,

Түпсіздігін түсініп ем уайымның.

Жұмағали ұнаса да жарықтық,

Мен көшесін жек көремін Саинның, – деп шумақтатып отырады шабыты тасығанда. Жас та болса Жұмағалидың ақындығын, оның тұлғалығын білгендіктен және оның атындағы көшені көпшілік басқа қырынан танитындығына өзінің білдірген наразылығы деп топшылап қоям. Шындығында Саин көшесі халықтың санасында басқаша сипат алғанына жаның ауырады, ішің күйеді. Сол Жұмағали ақынымыздың биыл 110 жылдығы. Арнайы айдарымыз арқылы танымал тұлғалар, оның ішінде мерейтойлары аталып өтетін жандар жайлы газетімізде мағлұмат беріп келеміз. Ендігі кезек Ұлы Отан соғысының ардагері, ақын, жазушы, аудармашы, партизан отрядын басқарған саяси басшы, қоғам  қайраткері Жұмағали Саин туралы болмақ.

Жұмағали Саин 1912 жылы Сая Тілеубердіұлының отбасында қазіргі Көкшетау облысының Арықбалық ауданында дүние келіпті. Төрт жасында әкеден, бес жасында шешеден айырылған ол балалық шағын әкесінің інісі Сыздықтың қолында өткізеді, жоқшылық пен жетімдік зардабын бір кісідей тартады. Бұдан кейін біраз жыл бойы Жұмағали үшін жетімдік, мұқтаждық, әркімнің қабағына қарап жаутаңдайтын өмір басталады. Кейінірек жазған «Ойласам бала кезімді» атты өлеңінде ақын сол кезін еске алады. Ата-анасыз өмірдің қаншалықты қиындығын суреттейді. 1923 жылы Жұмағали Көкшетау қаласындағы панасыз балаларды тәрбиелеп оқытатын коммунаға алынады, сонда жүріп жеті жылдық мектепті бітіреді. 1928-1931 жылдары Көкшетау ауданында ауылдық мектепте мұғалім болып істейді. 1931 жылы Алматыға келіп, Абай атындағы қазақ педагогика институтына түсіп, денсаулығына байланысты оны толық аяқтамай аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып Қарсақпайға кетеді. Содан үш жылдан соң Алматыға қайта оралады. Бұдан кейінгі өмірін газет-журнал редакцияларында, көркем әдебиет баспасында, жазушылар Одағында өткізеді.

Көкшетау коммунасында Жұмағали Саинның алғашқы шәкірттік өлеңдері Петропавлдағы «Бостандық туы» газетінде басылады. 1936 жылы ақынның «Бақыт жыры», 1938 жылы «Алтын таң» атты кітаптары шығады.
Бұл жылдардағы Жұмағалидың ақындық мектебі халық поэзиясы мен қазақ ақындары Сәкеннің, Бейімбеттің, Ілиястың, Сәбиттің үлгілері болды. Кейінірек білім мен әдебиетке аңсары ауған ол орыс тілін меңгеріп, орыстың және дүние жүзілік поэзияның көрнекті өкілдерімен танысады. Ақындық Алладан келетін аманат дейді ғой. Оны оқу оқып немесе үйреніп жазу мүмкін емес. Жұмағали Саинның бойында Алладан келген талант соғыстың зардабын көрген кезінде де тоқырап жатпады. Өзі партизан отрядын басқарғандықтан партизандардың өмірін суреттейтін мақалалары мен өлеңдері жанды шығып жатты. Өз басынан өткеріп жатқан оқиғаларды шынайы жеткізе білді.

«Бақыт құшағында», «Айбала» өлеңдерінде Жұмағали колхоздың бүгінгі бақытты өмірі мен еңбек адамдарын көрсетуге талаптанады.
Жұмағалидың алғашқы кітаптары ақынның іздену, өсу жолының жемістері болатын. Ондағы өлеңдердің көркемдігі әрқилы. Шикілеу тұстары болғандығын да жасыра алмаймыз. Сол дәуірдің идеологиясы ақын тақырыптарына тұздық болған. Замана тынысын, Октябрь революцияның жақсылығын, Ленинді көсем ретінде көрсеткен жырлар жазды. Төселген соң Жұмағали Саин «Досыма хат» (1939), «Күләнда» (1940) тәрізді поэмалар жазды. Бұлар оның ақындық ізденісінде жаңа кезең туғанын әйгіледі.
1944 жылы Жұмағалидың «Жорық жырлары» атты жаңа жинағы жарық көрді. Оған ақынның Ұлы Отан соғысының майданында, жорық үстінде туған өлеңдері кірген еді. Майдан өмірі, соғыс шындығы Саинның өзін де, ақындығын да тез есейтті. Бастан кешкен өмірдің қиындықтары мен оны поэзия тілінде көркем бейнелеу екі жақты, бірақ бірімен-бірі тығыз байланысты мектеп еді. Ақын осы мектептің екеуін де табысты етті. Ауыртпалығы да, қаупі де мол майдан өмірі ақынның сезімін ұштады, шығармашылық жаңа мүмкіндіктердің көзін ашты. Автордың идеялық, рухани өсуі арқылы оның поэзиясы да жаңа биікке көтерілді.
Ақын майданға аттанған алғашқы қадамынан бастап өз алдына патриоттық асқақ міндеттерді қояды. Отан қорғау жолында қандай қауіпке болса да баруға дайындығын білдіреді.

Жұмағали Саинның әскери тақырыпты таңдаудағы елеулі бір ерекшелігі –оның қазақ поэзиясына жаңаша леп әкелуі, яғни партизандар өмірін жырлауды алып келуі. Әскерде ол партизандар қатарында мылтық асынып соғысты, отрядтың саяси жетекшісі болды. Ақын өлеңдері арқылы біз партизан деген ұғымды терең түсініп, ол адамдардың ерекше сипатын, дербес қасиеттерін тани алдық. Отанын, туған жерін, үйі мен жанұясын жау қолында қалдырып, өздері дұшпан тылында күрес жүргізіп жүрген жандардың бейнелерін Жұмағали Саин өзіндік бедерімен  сомдап шықты. Партизан жазушымыз Қасым Қайсеновтің партизан өмірін бейнелеген шығармаларының шоқтығы қандай биік болса, Жұмағали Саинның да өлеңдері өзінше өрілді.

«Жаралы партизан жырларының» шығу тарихы былай болған екен. 1942 жылы бір ұрыста Жұмағали көкірегінен оқ тиіп, қатты жараланады. Партизандар саяси жетекшісі Жұмағалиды аман алып қалуға бар күштерін жұмсайды. Үш ай бойы көздерінен таса қылмай өздерімен бірге қорғап, ең қиын ұрыстарда да жандарынан бір елі қалдырмайды. Бірақ саяси командирдің денсаулығы кеми береді, ендігі жерде отрядпен бірге жүрудің мүмкіндігі болмайды. Ақыры оны партизандар ақылдаса келе Донбасстың көнекөз шахтері М.А.Масловтардың үйінде қалдырады. Масловтың қызы Ефросинья жаралы партизанды өз қамқорлығына алып, әлсіз кездерінде аузына су тамызып асырайды. Жаралы партизанды іздеген фашистер Масловтың үйіне бірнеше рет тінту жүргізсе де, ержүрек қыз оны тығып, жау қолына түсірмейді, ақыры адам ғып қатарға қосады. Осы жолы ауыр жаралы ақын күрес майданынан алыс қалып, оның үстіне ауру қинап, әрқилы сезімді басынан өткереді. «Жаралы партизан жырлары» атты өлеңі өзінің өмірдеректік шығармасы деуге болады. Достарынан бөлініп қалып, қолынан ештеңе келмей қиналып жатқан сәті. Ол ауыр жарақатына қарамай қайтадан сапқа тұрып, ұрыс майданына баратындығына сенімді болады. Бірақ оған денсаулығы жар бермейді.

Майданнан емделіп қайтқанмен, Жұмағали бір жола сауығып кете алған жоқ еді. Оның өкпесіне кірген оқ өзімен бірге өмір сүрді. Ота жасап алуға мүлдем болмады. Үш қабырғасын ойып алып тастайды, өкпеге кедергі келтірмеу үшін. Осындай күйде еңбекқор ақын өзін жарымжан, мүгедектер қатарына қоспай әдеби, қоғамдық қызметтер атқарды. Республикалық халық шығармашылығы үйінде, Қазақтың мемлекеттік филармониясында, «Жаңа өмір», «Жұлдыз» журналдары мен «Қазақ әдебиеті» газеті редакцияларында басшы қызметтер істеді. Көптеген өлеңдер мен «Алтай», «Азамат» атты поэмалар, «Жол үстінде» атты повесть жазды. Аудармамен айналысты.
Соғыстан кейінгі Жұмағали өлеңдері бейбіт еңбекті, колхозды ауылдың жаңа адамдарын, тың игерушілерді, халықтар достығы мен бейбітшілік жолындағы күресті, туған елдің табиғатын жырлауға арналды. Ақын өмірдін өзекті мәселелерінің бәріне де үн қосып отырды.
Қарамашы, қадамашы көзіңді!
(Ет жүрегім темір емес төзімді)
Ұшқын едім – жанып кетсем күйдірер
Ая мені, ая, сәулем, өзіңді?!
Ойлашы өзің, ойлашы өзің, ақылдым?!
Үнсіз ғана мені қайда шақырдың?
Терең сырлы көздеріңнің түбіне
Бірте-бірте батып бара жатырмын…
Жаудыратпа мөлдір қара көзіңді,
Ая мені, ая, сәулем, өзіңді!
Жан түбінде, ұйықтап жатқан арыстан,
Боларсың мерт, оятпашы сезімді!
Ойлашы өзің, ойлашы өзің, ақылдым!
Үнсіз ғана мені қайда шақырдың?
Тыныш еді, неге дауыл тіледің?
Неге мені тұңғиыққа батырдың!..

«Лениншіл жас» газетінің әдебиет және өнер бөлімін басқарды. Қазақстан Жазушылар одағында жас жазушылар секциясының меңгерушісі, көркем әдебиет баспасында директор болған.

Жұмағали Саин 1961 жылы 28 мамырда 49 жасында ауруы асқынып қайтыс болды.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…