Басты бет Басты ақпарат Шешімі жоқ мәселе көп

Шешімі жоқ мәселе көп

0
2,056

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев келеді дегенді естіген ауданның азаматтары мәдениет үйіне көп жиналған. Бәрінің де айтар ойы, назы, білдіретін пікірі бар. Ауданда атқарылмай жатқан шаш етек шаруаның қайырын, түйінін облыс басшысы шешеді-ау деген үміт те басым көпшілігінің ойында.

Аудандық мәдениет үйінде облыс әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиевтің аудан тұрғындарымен кездесуі өтті. Жиынның тізгінін ұстаған облыстық мәслихат хатшысы Дәулет Жарасбаев күн тәртібімен таныстырған соң, алғашқы сөзді аудан әкімі Шухрат Нурахуновқа берді. Аудан әкімі сөзінің кіріспесін үстіміздегі жылдың 8 айында аудан бойынша барлық салаларда негізгі көрсеткіштерінің тұрақты өсуі байқалғанын, Алматы өңірі экономикасының дамуына біздің аудан айтарлықтай үлес қосып отырғанынан бастады.

«OTAN Green Food» құс фабрикасы өнімінің артқанын, «Прима құс» құс кешенінің салу жобасының іске асырылып жатқанын ауыз толтыра айтты. Осы сегіз ай ішінде ауданда 555 млн. теңгелік 70 дана әртүрлі ауыл шаруашылық техникасы сатып алыныпты. 22 805 гектарға әртүрлі ауылшаруашылық дақылдары егіліп,  100 га жеміс-жидек бағы отырғызылған.

Бүгінгі күні Қырғызсай, Сүмбе, Ават, Шошанай ауылдарында 4 шағын су қоймаларын салу жобаларының техника экономикалық негіздемелерін әзірлеуге, сондай-ақ 332 шақырым құрғату-дренаждық желілерді механикалық тазарту үшін жобалау сметалық құжаттамаларын әзірлеуге қаражат бөлінуіне қосымша өтінім берілгенін де аудан әкімі хабардар етті.

Сондай-ақ, көкөніс сақтау қоймаларын құру бойынша тапсырмаларды орындау аясында сыйымдылығы 1000 тонна көкөніс қоймасын пайдалануға беру бойынша жұмыстың жүргізіліп жатқанын,  Кіші Дихан және Қалжат сынды алыс әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы кенжелеп тұрған ауылдарды дамыту мақсатында «Ранчо Гэмпшир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндірістік базасын ұйымдастыру  жобасын іске асыруды жоспарлап отырғандықтарын жеткізді. Жоба ылғал үнемдейтін технологиялармен жоғары өнімді жем-шөп дақылдары үшін бұрын пайдаланылған 600 га жерді игеруді көздейді екен. Шамамен 25 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынады. Тартылатын инвестиция сомасы 2 млрд. теңгені құрамақ.

Мұнан соң аудан әкімі ауданда туристік саланы дамыту, Қарадала жер асты сулары кен орнының ресурстарын ұтымды пайдалану, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, жеке тұрғын үй салу үшін инженерлік желілерді салу, автомобиль жолдарын жөндеу, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, барлық елді мекендерді газдандыру, білім, мәдениет, денсаулық салаларындағы орындалатын, орындалуға тиісті мәселелерді де жіктеп айтып шықты.

Аудан әкімінің сөзінен соң мінбеге көтерілген Марат Елеусізұлы бұл аудан ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі бойынша облыстың 10 ауданының ішінде 9-шы орын алатынын, жүгері өсіруде жоғары көрсеткіш көрсетсе де ауданда жүгері өңдейтін бірде-бір кәсіпорынның жоқтығын, агроөнеркәсіп кешені өнімдерін қайта өңдеуді дамыту жолға қойылмағанын, жеміс-жидек дақылдары мен жүзімді өсіру бойынша облыс көлемінде 2 орынды алса да, жеміс-жидекті қайта өңдеумен жылына 1,4 мың тонна шикізат өңдейтін «Agro Processing» («Агро Процессинг») фирмасы бүгінде тоқтап тұрғанын сынға алды. Өнеркәсіп, шағын және орта  кәсіпкерліктегі кемшіліктер де айтылмай қалмады. Марат Елеусізұлы Қарадаланың қасиетті топырағы туризмді дамытуға өте қолайлы екенін де діттеп айтты. Сондықтан туристік кластерді дамыту маңызды.

Облыс әкімі өз баяндамасында орынбасарлары мен тиісті басқарма басшыларына жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді және инженерлік- коммуникациялық желілер салуды қамтамыз етуді, халықты орталықтандырылған сумен және газбен қамтамасыз ету мәселелерін ерекше бақылауға алуды, белгіленген мерзімде автомобиль жолдарын, соның ішінде ауылішілік жолдарды жөндеуді аяқтауды, сапасына мұқият қарауды таптап тапсырды. Өз сөзінде облыс басшысы аудандағы күрмеуі қиын мәселелердің бірі ретінде білім саласын атады. Үш ауысымды мектеп, күрделі жөндеу көрмеген, акт залы мен арнайы спорт залы жоқ білім ордаларының да бар екенін тілге тиек етті. Осы мәселелер бойынша ауқымды жұмыстардың қолға алынатынын да айтып, уәдесін берді.

Облыс басшысының баяндамасынан кейін сұрақ-жауап бөлімі басталып, аудан тұрғындары тарапынан сауалдар қойылды. Әрине, сценарий бойынша сауал жолдағандар да, одан тыс ой білдіргендер болып жатты. Мәселен, қырғызсайлық Қалибек Дынысбаев ауылда мәдениет  үйінің жоқтығын айтса, Қалабай Мерейімов ағамыз тау беткейіндегі, әсіресе Сүмбе, Шошанай ауылдарына су қоймасын салу туралы мәселе көтерді. Ал Үлкен Ақсу ауылдық округіне қарасты Канал учаскесінің тұрғыны Турганжан Аблилиев болса, осыдан бірнеше жыл бұрын аталмыш мекенге ауыл статусы беріліп, «Достық» аталатыны туралы жұмыстардың басталғанын, дегенмен сол істің аяғы құмға сіңген судай болып жоқ болғанын айтты. Шонжылық Несіпбек Аңызбаев Бұғыты кен орнындағы қазба жұмыстары салдарынан экологияға қаншалықты зиян келіп жатқанын, Шарын өзенінен су тартылады деген сөздің қаншалықты шындыққа жанасатынын, егер тартылған жағдайда онсыз да судың зардабын тартып жатқан шаруаларға шаш етектен зиянын келтірмейді ме деген көптің көңіліндегі күпті сауалды жолдады. Марат Елеусізұлы бұл мәселе бойынша құзырлы орындарға тапсырма беріліп, заңдылығы тексерілетініне сөз берді. Ал Шонжы ауылының тұрғыны Бексұлтан Өзбеков болса, суармалы жер алуға бірнеше рет конкурсқа қатысып, жер ала алмағанын, тағы да сол баяғыша бай-бағландардың конкурста ұтып, қарапайым шаруалардың 1-2 гектарға да қол жеткізе алмағанын ашына айтты. Бахарлық Қорғасбай Жолаев ағамыз болса жетпісінші жылдары жасалған каналдың жөндеу көрмегені салдарынан су сыйымдылығы жыл сайын азайып, каналдың тозып бара жатқандығын, соған күрделі жөндеу жасалса деген ұсынысын жеткізсе, Серік Оразалиев Шарын ауылдағы сын көтермейтін жол жайын көтерді.

Жиын соңында «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы  Жәнет Керімқұлов көптен бері көпшілікті толғандырып жүрген аудан аты туралы мәселені көтерді. Қарадаланың тарихи атауын қайтаратын уақыттың жеткенін де айтты. Бұл залдағы көп азаматтың жүрек түкпірінде жатқан ниеті екендігін де қол шапалақтарынан аңғардық. Марат Сұлтанғазиев осы жиында аудан аты туралы мәселенің көтерілуі заңдылық екенін, сондықтан бұған алдағы уақытта оралатындығын, әзірге саяси науқан Президент сайлауын ойдағыдай өткізсек деген жауабын берді. Әрине, сиырқұйымшақтанып бара жатқан бұл мәселе алдағы уақытта оң шешімін табуы тиіс. Өйткені Тәуелсіз елдің әр атауынан қазақы иіс аңқуы керек.

Түйін: Бұл жиында ірілі-ұсақты көп мәселе сөз болды. Сапасыз жол да, тартылмаған газ да, ескірген денсаулық сақтау орындары да, құлағалы тұрған клуб та, тіпті қақпағынан айырылған дренаж каналдары да, ауылдағы кәріз жүйесі де айтылмай қалмады. Қарнымыздың ашқаны, ауыл мен аудан басшылары тарапынан-ақ шешілуге тисті дүниелердің облыс деңгейінде көтерілуі. Әлде тұрғындар аудан басшыларының жауырды жаба тоқыған құр уәдесінен шаршаған ба? Біз солай түсіндік.

 

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Президент өңірдегі құтқарушылармен, еріктілермен және кәсіпкерлермен кездесті

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында су тасқынынан з…