Желмаяға мініп жерұйық іздеген Асан қайғының аңсаған мекені Жетісудың төсіндегі дәл осы қасиетті Қарадала шығар. Қазақстан картасының аспанасты елімен шектескен аймағында жайыла жамбастаған, әйгілі Аспантаулардың етегі, тылсым Іленің өр жағы, батысында Бұғыты бүк түсіп жатқан, төрткүл әлемге аты белгілі Шарын шатқалы тарихқа толы сары алтындай сары топырағын шаңытқан, ғасырлық ғұмыры бар ерен тоғайымен елді таңғалдыра алатын туған өлкенің табиғаты мен жанға рақат, малға жай, тіршілік атаулыға таптырмайтын теңдессіз сұлулығын мақтанып та марқайып та айта аласың.
Жер ананың ең бір жылы-жұмсақ тұсына тап келген бұл өлкенің жазығын бағзыдан қыстап келген көшпенді қазақ мидай жазық даланың өң-түсі мен табиғи жаратылысына қарай Қарадала деп атап кеткен екен. Бүгінде бұл өлке қазақ пен ұйғыр жылдарды ғасырға жалғап, тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан, төскейде малы мыңғырып, төрде бастары біріккен берекелі елдің туған жеріне айналып отыр. Тарихтың ақтаңдақ беттері баяндап берген кешегі елімізге тағдырдың жазуымен қоныс аударған жүздеген ұлттар мен ұлыстарға осы жазық даласындай кең құшағын ашып, баласындай дархан пейілімен қанатының астына алған ынтымағы мен ырысы тасыған киелі Отанымыздың берекелі бір бұрышы. Осы қасиетті даланы мекен еткен қос ұлттың басында батпандай бақ бар екен. Өйткені бұл өлке – табиғаттың барлық мезгілі салтанат құратын, төрт мезгіл өз уақытымен келетін, қысы жұмсақ, жазы ұзақ, күзі жомарт, көктемі ырысты болатын Алланың нұры түскен жердің бір жаннаты. Осы аймақта қоныстанған тату елдің егіншілікті еркін игеріп, малды мыңғыртып бағуына киелі жердің қолайлы табиғатының өзі көмектесіп тұрғандай. Бұл өлкедегі көктемнің ерте келуі диқаншылардың құнарлы топыраққа дәнін уақытылы сеуіп, күздің кеңшілігімен қыстың кеш келуі еткен еңбекті еш қылмай бұйырған ырызғыны ызғарға қалдырмай жинап алуына септігін тигізеді. Ал шопандықты атакәсіп қылған жандардың ерте көктемде көк майсалы жайлауға көшіп, тау етегінде қалған жұрттың мал азығын асықпай жинап алуына жағдай жасап, жаздың арқаны кеңге салып, күздің аяңдап басып келуі төрт түліктің соңында жүрген малшыларға қоңыр салқынымен қыстау қонысқа қарай асықпай ағыла көшіп түсуінің өзі құдды бір көшпенді халықтың өмір салтына арнайы жасалып қойған климат сияқты көрінеді. Бұл – Қарадаланың қасиеті! Бұл – біздің туған өлкенің тұмса табиғаты, тамашасы, жаратқанның маңдайымызға жазған бағы. Бұл аймақтың таңғажайып табиғаты ата-бабамыздың кеңпейіл дархан мінезі секілді. Ата-бабадан аманат қалған осы бір қасиетті мекеннің әр тасы мен өзен көлі, жусан аңқыған жазығы, кіндік қаным тамған топырағы Сіз бен біз үшін асылға бермес құндылық болуы тиіс және өскелең ұрпаққа атақонысты қаз-қалпында аманаттау біз үшін ең бірінші парыз болуы керек.
Ақынның шабытын алқымнан алып, жыр жаздырып, күйшінің домбырасының көмейінен күй шығарып, жыршыны таңға жырлатып, әншіге әуелетіп ән салғызған қасиетті өлке Қарадаланың қара нары, қарадомалақ баласы, қара шаңырақтан қанаттанып ұшқан тұлға, бүгінде осы өлкенің мақтанышы, ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалиннің қасиетті Қарадала туралы жазған туындысының бір түйінінде былай делінген:
«…Қаралықтан ада-күде салты бар,
Қонағына құшақ жаяр халқы бар;
Қарадала – қара қазақ атауы
қара сөздiң тiзiмiнде малтығар…
Қарадала – бүгiнiм мен кешегiм,
қайыры мол менiң өлең төсегiм».
Осы өлең жолдары бұл өлкенің қонақжайлылығын, қойнауы тарихқа тұнған тылсым әрі қасиетті қазақтың атақонысы екендігін ұқтырып-ақ тұрғандай. Осы даланы мекен еткен халықтың өлең төсегіне, өз үйіне айналған өлкенің дәулеті тасып, ырысы көбейе берсін! Қасиетті мекеннің татулығы мен тұтастығына көз алартып, жамандық ойлаған жандардың теріс пиғылынан ада болып, тамыры тереңге жайылған жергілікті жұрттың қонақжайлылығы мен көрген жанды сүйсіндіретін сан алуан кереметтері тіл-көзден аман болғай!
Жадыра ЖАҚСЫЛЫҚОВА