Жазушылығы бір бөлек, журналистігі алабөтен, қайраткерлігі өзінше бір әлем болған Шерхан Мұртаза ағамыз 28 қыркүйек күні 90 жасқа толар еді егер тірі болғанда. Жалпы қазақ үшін ғана емес оның жазғандары мен өнегесін көрген өзге ұлт оқырмандары үшін де «Шераға» бола білген оның қазақ баспасөзінде алатын орны ерекше. Шерханның шекпенінен шыққан журналист-қаламгерлердің мектебін қалыптастырды. Оның шекпенінен шыққандардың осалы жоқ. Бәрі кіл мықтылар. Яғни оның ұстаздығы да өзгеше болғаны ғой.
Таланттың көзін аша білген, оларды қоғамға шыңдай отырып, ұлт баспасөзінің өзінше соны соқпағын қалыптастырған ерекше тұлға деуге болады. Сол замандарда ауылдың қара домалақ баласының Алматыға баруының өзі үлкен сәттілік десек, Шерхан Мұртазаның нартәуекелге бел буып Мәскеуден бір-ақ шыққандығын неге балауға болады? Алланың шарапаты ма? Қаламгерлігін аудармадан бастаған. Оны да күнкөрістің қамы үшін. Сол Мәскеуде жүріп башқұрттың Мұстай Кәрім деген жазушысының шығармасын аударады. Оның аудармасы баспагерлерге бірден ұнайды. Осылайша балалық шағында өлең жазған, сосын аудармамен айналысқан Шерхан Мұртаза әңгіме, повесть, романдарға бет бұрады. Ірі газет, журналдарды басқарды. 12,13 шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің 2 ші шақырылымының депутаты, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Тәуелсіз еліміздің дамуына тұлға ретінде атсалысты. Ойын ашық айтты, басшылардан тіксінбеді, олар жек көріп кетеді деп сескенбеді.
Оның басқарған журналы да, газеті де зор беделге ие болып шыға келеді. Неліктен? Шынайылықты ұстанғандықтан, турашылдықты ту еткендіктен. Өзі арлы, шынайы, жасандылыққа, жағымпаздыққа жаны қас адамнан ғана нағыз тұлға туындайтындығын Шерхан аға өз өмірі, өнегесі, жазғандары арқылы дәлелдеп кетті. Оның әр сөзі бүгінде нақылға айналған. Шерхан Мұртазадай қайраткерлік қызметін қалдырмай жүріп, том-том романдар жазған жазушылар тым сирек. Ол – халқының басындағы аласапыран, алапат кезеңнің жауапкершілігін жіті сезініп, зіл батпан жүгін қара нардай көтеріп қана қоймай, шым-шытырық шатасқан өз заманының ой жібін шамасы жеткен жерге дейін таратып кетуге талпыныс жасады. Тіпті заманының қаһарманын жасаймын деп жасандылыққа бармады. Тұлғаның әдебиеттегі бейнесін жасау үшін жазушы да сол биікке көтерілуі тиіс. Тіпті интеллект жағынан өз қаһарманынан асып тұруға міндетті. Өйтпеген күнде образ ашылмайды. Сонымен Шерхан Мұртаза – «халық жауы» болып атылып кеткен қайраткерлер туралы күллі кеңес әдебиетінде алғашқылардың бірі болып роман жазған жазушы. Өйткені оның заманы да, сол заман тудырған айрықша тұлға Тұрар Рысқұловтың өмірі де аса күрделі еді. Ол «Қызыл жебе» романы арқылы Тұрар Рысқұловты халқымен қайта қауыштырды. Тұрар Рысқұлов сүрінбеген қиялардан оның қаламы да мүдірмей өтуге тиіс еді. Ең бастысы, оның бойынан кейіпкерінің рухындай өршіл асқақ рух табылды. Сол рух оны Тұрар Рысқұловтың қайраткерлік жолындағы небір қиын-қыстау тұстардан қылшық жуытпай алып шықты. Түркістан Совнаркомы бастығының бүгінде шаруалар деп бағаланған басмашыларға көзқарасы, керек болса олардың көтерілісін басудағы әрекеті, Түркістан тәуелсіздігін қорғап Лениннің алдында болуы, аштықтан қырылып жатқан Қазақстанға көмек сұрап Сталинге кіруі, коммунист Тұрардың алашордашылармен ара қатынасы, тағысын тағыларды осы романда тарихи деректермен анық айшықтады. Сөйтіп Шерхан Мұртаза талай жазықсыз қайраткерлерді ақтап шықты. Романда XX ғасырдың басынан 1937 жылға дейінгі аласапыран, бүкіл әлемді дүр сілкінткен дәуірдің барлық қатпарлары қамтылды. Алаш зиялыларын, қазақтың мықты тұлғаларын бүркемелеп, тұншықтарған заманның өзінде Тұрар Рысқұловтың шынайы бейнесін көрсеткен «Қызыл жебені» жазып шықты, оны оқырманы іздеп жүріп оқыды. Қазақтың басынан өткен нәубетті жан-тәнімен қабылдады. «Жұлдызды көпірін» жармаса жүріп іздеп, одан кейінгі «Қара маржанын» класстастардан қалап, жалынып жүріп оқып, бір емес бірнеше буын оның әңгімелерімен есейгенбіз десем артық айтқандығымыз емес. «Бір кем дүниесінің» орны тіптен бөлек. Шынайы, әр адамның басынан өткеретін тағдыры дәл, айна-қатесіз жазылғандықтан болар сол бір кем дүниені қалтамызға салып жүретін болдық. Жанымызды жұбататын, рухани дүниемізді тазартатын осы бір жапырақ кітапша өз басым үшін тұмардай.
Оның өндіріс және тың тақырыбына жазылған әңгіме-повестерінің бүгінге дейін көркемдік-идеялық құндылығын жоймауының басты себебі – кеңестік өмірді, оның қаһармандарын орынсыз мадақтамауында, жеке басқа табынушылықтан адалығында. Жалпы жас Шерханның да, тарлан Шерханның да көлемді, күрделі шығармаларында алтын арқау болып отыратын үш желі бар. Оның біріншісі – туған жер табиғаты, екіншісі – ата-баба рухы, үшіншісі – шығарманың негізгі сюжеті, яғни кейіпкерінің басынан өтіп жатқан оқиғалар тізбегі. Шерханның суреткерлік шеберлігінің ерекшелігі де осы үш желінің бір кейіпкердің бір сәтінде-ақ көрініс беруінде. Ол белгілі бір оқиғаны суреттегенде соның айналасындағы жаратылыс құбылыстарын қалт жібермей, табиғатын да, жануар-жәндігін де, сол адамның жай-күйін де қоса қабат қамтиды. Бір сөзбен айтқанда Шерхан аға баяндамайды, жазумен сурет салады. Көріністі көз алдыңа келтіреді.
Т.Рысқұловтардың және онымен тұстас, тізе қосқан есіл ерлердің үзілмес рухынан күш-қуат алып, өзі өмір сүрген дәуірдің қайсар мінезді қайраткерлерінің қатарында Шерхан Мұртазаның қоғамдық орны айрықша екені даусыз. Қалың жұрттың мейірімі мен ыстық пейілінен «Шераға» атанған қаламгердің қоғамдағы оттай жанған өткірлігі мен кесіп, дөп тауып айтар тастүйін ойлары, көркем суреткерлігі, еліміздің ең ірі басылымдарының редакторы лауазымында батыл да ұлт мүддесінің биігінен сөз айта алған дара тұлғасы дербес Қазақстан мемлекеттілігі жарияланғанға дейін-ақ әйгілі еді. Жан досы, белгілі қаламгер Камал Смайылов екеуінің бас газет «Егемен Қазақстанның» бетінде бір жарым жыл бойы жазысқан хаттары мен онда көтерілген күрделі, керекті тақырыптар Қазақстан айнасы болды деуге келеді. Бұл қазақ баспасөзінде ерен тапқырлық және ерлікке тән шығармашылық еңбек болды. Екі дос сырласқан боп қоғамдағы дәл сол кездегі былықтар мен келеңсіздіктерді бүкіл оқырманға жеткізді.
Тағы бір тарихи дерек. Сөз бен ойдың серкесі, батыл көзқарастың баптаушысы Шераға басқа да адамдармен қатар, олардың арасында сұңғыла саясаткерлер дегендер де болды-ау. Сол 1999 жылдың алғашқы күндерінің бірінде Алматыда Республика сарайында ел өміріндегі аса бір саяси оқиғаға байланысты форумда сөз сөйледі. Елімізге елеулі жақсы мен жайсаңдар, жоғары мәртебелі лауазымдағы кісілер мен кілең танымал-таныс әлеумет жиналған форумда Шераға өз сөзін былай бастады: «Біз жақында жазушы, журналист Камал екеуміз Жезқазған жазирасына, қарт Қарсақбай, Ұлытау өңіріне барып қайттық. Мың-сан сайлаушымен кездестік. Мен қазір тек сол халықтан естігенімді айтамын. Сайлаушылар аманат айтты: – Дүниеге келген жас сәби жетіге жеткенше жерден таяқ жейді. Одан кейін шынжау, дімкәс, мешел болмаса жүгіріп кетеді, – деді. – Қазақстан атты жас мемлекет азаттық алғалы жеті жыл өтті. Жеті жастан асқанша Қазақстан жерден таяқ жеген жоқ. Жемқорлардан, парақорлардан, қорқаулардан қорлық көрді, – деді». Залда отырған мың-сан адам қозғалақтап кетті. Әдетте мұндай аса жауапты жиында сөйлейтіндердің сөз мәтінін алдын ала тексеріп, сүзгіден өткізетін аппарат адамдары Құдай ұрғанда сұсты кейіп, ауыр мінезді Шерағаға «Не жаздыңыз, қандай мәселені айтасыз?» деп сұрауға батылы жетпеген болар. Шынында да солай болған… Басқа да ел тілегі айтылды, бірақ бұлай төбеден жай түсіргендей солқ еткізген сөз басы биліктің дәрменсіздігі мен былық-шылығын бетіне шыжғырып басты. Оған да жүрек және намыс пен жігер керек-ті.
Шындықтың жолы-ең қиын жол, иә, оның азабы мен тауқыметі де аз емес. Сонымен бірге бұқара халықтың өмірі пен қоғамның сауығуы үшін шындық пен адалдықтың орнығуына аянбай қызмет етуден асқан абырой жоқ.
Шераға өзі басқаратын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және өзінің жеке күрескерлігімен қосыла жағымсыз құбылыстарға қарсы аяусыз күресуінен тартынған емес. Құдіретті күш-жігері де, басқа әріптестерінен артықшылығы да осында. Бір сұхбатында ардақты қайраткер: «Менде қамығу деген болмайды. Жүдеп-жадай беретін болсақ, әлдеқашан су түбіне кетіп қалған болар едік. Менде түрлі қиыншылықтармен күресе білу деген ұғым бар. Боркемік болу – кісі сүйер қылық па?» деп жауап береді. Баршаға Шераға болудың бір құпиясы осында болса керек. Оның шығармашылық ізденістері мен қоғамдық қызметі халықтың көз алдында өтіп жатты. Атақты «Қызыл жебе» бес том кітабынан «Ай мен Айша» романына дейін, ең соңғы көркем туындысы «Бір кем дүниесіне» дейінгі аралықта талай-талайғы көсемсөздің, күйіп тұрған тақырыптағы небір сын мақаланың және керемет әдеби жазбаларының авторы – Шерағаның жазған-сызғандарының оқырмандары еліміз бойынша сол уақытта ең көп болғанын тұлғалық танымалдығымен және ақиқат сөздің иесі атанған қаламгерлігімен анық аңғартты. Шындықтың жебесін Шерағаң қоғам тазалығы мен адами адалдықтың ағзасын қорғау жолындағы мақсатына қарай садағынан шірене тартқандай еді: «Жемқор, парақор, ұрылардың кешегі және бүгінгі сұғанақтығы апатқа ұшыраған үйлерді тонайтын мародерлердің, қорқаулардың тойымсыз қараулығына ұқсайды. Олар бәрібір арам жолмен тапқан малдан опа таппайды. Көк Тәңір бәрін көріп тұр. Жазаланады» деп билікке қаратып қалың ой салады.
Көзі қарақты оқырмандар жақсы біледі, қай басылымның да тізгінін ұстаған бойда Шерағаның редакторлық қолтаңбасы атойлап шыға келеді. Бет-әлпеті мен макетіне дейін өзгермейді дейтін «Егемен Қазақстан» газетін басқарған алғашқы күндердің өзінде-ақ бұған дейінгі сықиған қалыпты бұзып, халықтың басылымына айналдырды. Жұрт оны күн сайын асыға күтетін болды.
Арлы адамдар көп болса, қоғам да абыройлы болар еді, әрине. Ал таза қоғам мүддесі үшін ащы да адал сөзін айтып, ортақ іске залалын тигізетін теріс, заңсыз әрекеттерден алдын-ала сақтандыруды көздеген ақылман адамдардың әрбір ой-пікірі қашанда құнды және олар естен шықпауға тиіс. Дәл қазіргі жаңа Қазақстан құрамыз деген сәтте Шерхан ағамның жоқтығы өкінішті. Халықтың көкейіндегісін тіліп түсердей тапқырлықпен тиісті жеріне жеткізіп, адамдардың санасына серпіліс беретіні анық еді. Қазақ руханиятының биік шыңы болған арлы тұлғаның рухы ұлтын қорғаса екен…
Баян МАМЫРБАЕВА