10 тамыз – Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп жырлаған, әлемге танылған ұлы ойшыл Абай күні. Алматы облысында атаулы мерекеге орай көптеген тағылымды шаралар кешені ұйымдастырылды. Өткенге тағзым, болашаққа бағдар ретінде, Жаңалық ауылындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына» арналған музейде Абайдың жазықсыз жапа шегіп, зорлық-зомбылық көріп, қуғын-сүргінге ұшыраған ұлы ақынның ұлағатты ұрпақтары жайында бүкпесіз сыр шертілген әсерлі кеш өтті. Жан-жақтан жиналған зиялы қауым өкілдері Абай – ұлт болмысын танудың алтын кілті, Қазақ дүние танымының заңғар шыңы дей келе, Ұлы тұлғаның сан-қырлы таланты, әлемдік деңгейдегі классиктердің шығармаларының аудармаларының өскелең ұрпаққа тәрбиелік мәні туралы өрелі ой толғады.
Арнайы жоспарланған «Абайдың ақын ұлдары» атты көп жылғы еңбектің тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Кітапта дала данышпанының дара, талантты ұлдары Ақылбай, Мағауия және Тұрағұл, немересі Әубәкір Ақылбайұлы жайлы зерттеулер зерделеніп жинақталған. Дана Абайдың тұңғышы Ақылбай мен Мағауия өлеңсүйер қауымға кеңінен танымал бірталай көркем дастан, поэмалар жазған. Тұрағұл қара сөздің хас шебері болған. Немересі Әубәкірдің өлеңдерінде Абай үлгісі сайрап жатыр. Ол сатиралық өлеңдерімен бірге тарихи шығармаларға бет бұрып, көлемді тарихи дастандар жазған. Кеңестік кері саясаттың тас құрсауы кемеңгер ұрпақтарын айналып өтпеген. «Бүгінгі шараның бұл музейде өтуі де тегін емес. Мен білетін Абайдың немере інісі Шәкәрімнен бастап, 14 ұрпағы қуғын көрген. Қысқасы, кеңес өкіметі Абай ұрпақтарына теріс қараған. Ал енді бүгінгі жастар абай армандағандай білімді, білікті, жан-жақты болу керек», — деп атап өтті жазушы Болат Жүнісбеков. Шара соңында қонақтар музейді аралап, сирек экспонаттармен, тарихи естеліктермен танысты. Алматы облысының аумағында Хакім Абайды дәріптеу мақсатында, «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің «Абай әндері» концерті, «Үмбетәлі жырларындағы – Абай бейнесі» жиыны, «Хантәңірі» халық театрының «Телғара» фильм-спектаклінің қойылымы, «Абай – жыршы, ұлы ақыны елімнің» поэзия кеші 17ші тамызға дейін жалғасын таппақ.